Аққан жұлдыз

Аққан жұлдыз

Таулардың алыстаған сайын биіктей түсетіні» заңдылық. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің көрнекті қолбасшысы, әскери қайраткер генерал-лейтенант Мәлік Мұхамеджанұлы Сапаровтың арамыздан кеткеніне
15 жылдан асып барады. Әскер тарихына есімі алтын әріптермен жазылған таутұлғалы азамат Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болған армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің сенімді серіктерінің сапынан табылды.  

Артына өшпестей із қалдырған азамат көзі тірі болса
биыл 60 жасқа толар еді. Алайда, ажалға араша болған кім бар, жасындай жарқ ете қалған ғұмырын әскери өнердің дамуына арнаған жауынгер ұлдан 44 жасында көз жазып қалғанымыз қандай өкінішті...

Мәлік Мұхамеджанұлы туралы өткен шақпен сөйлеу, естелік жазу онымен әріптес, мұраттас болғандар үшін тым ауыр екені анық. Оның өзі арамызда жоқ болғанымен, ол қалдырған жарқын істер оның есімін ұмыттырмаса керек. Оның жарқын бейнесі жанымызда жоқ болғанымен, оның есімі бізбен бірге мәңгі өмір сүріп келеді.

Мәлік бауырымыз 1958 жылғы 15 қыркүйекте Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Қызыл ту елді мекенінде майдангердің отбасында дүниеге келген. Оның болашақта әскери қызметті таңдап, Отан қорғаушысы атануына әкесі үлкен әсер еткен сыңайлы. Мұхамеджан әкеміз Ұлы Отан соғысына қатысқан адам. Онда да қатардағы жауынгер емес, топ бастаған сардардың бірі болған. Соғысқа алынған соң орысша сауаты болғандықтан Одесса қаласына оқуға жіберіліп, сонда қысқа мерзімді командирлер даярлайтын курстан өткен. Қан майданға кіші лейтенант шенінде кірген. Жанын жалдап жүріп талай боздақты аман алып қалған командир.

Мәліктің үлкен ағасы Берік те өзінің саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне арнаған азамат. Сондықтан да Мәліктің әскери қызметті таңдауы кездейсоқтық емес еді.

Алдына қойған арман-мақсаты биік болашақ генерал Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін үздік бітірді. Фрунзе атындағы әскери академияның тыңдаушысы боп жүргенде де оның бойындағы таланты мен дарыны орыстың оқалыларына талай таңдай қақтырған.

Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын алтын медальмен бітірген санаулы қазақ офицерлері тобының басында да Мәлік Мұхамеджанұлы тұрды.

Мен Мәлік Мұхамеджанұлымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жалпы мақсаттағы күштері басқармасында бірге қызмет істедім. Ол кезде Мәлік жас та болса осы әскери құрылымның бас штабын басқаратын. Әрі Бас қолбасшының бірінші орынбасары. Сол жылдары Мәлік қызметке бар жан-тәнімен кірісті. Тіпті, шаршау дегенді білмейтін. Жас болғасын қызбалығы да бар. Ол қысқа мерзім ішінде өзінің талантты тактик, сұңғыла стратег, жаңашыл реформатор екенін көрсете білді. Бұл жолда ол уақытпен, тіпті, өзінің денсаулығымен де санаспады. Қарулы Күштердің болашағы үшін барлық күш-жігерін салды. Академияда алған теориялық білімін тәжірибеге ұштастыра білді. Өзінің табандылығымен, ұдайы ізденімпаздығымен, алдына қойған мақсатына жете білуімен ол әскери өнердің қыр-сырын барынша игере алды.

Өзіне тапсырылған іске барынша жауапкершілікпен қарау Мәліктің сүйекке сіңген қасиеті болатын. Ол Әскери академияда алған білімімен шектеліп қалған жоқ. Үнемі білімін арттыру үшін ізденіс үстінде жүретін. Өзге мемлекеттердің Қарулы Күштерінде болып жатқан өзгерістерді бақылып, оларға өзінше сараптама жасап отыратын. Біз оның ғажайып есте сақтау қабілеті мен бас көтермей ізденетін ерекше еңбексүйгіштігіне таң қалатынбыз. Мәлік Мұхамеджанұлының творчестволық ізденіс жұмыстары қызмет уақыты аяқталып, өзге жұрт үйіне тараған кезде басталатын еді. Ол кез келген проблеманы бүге-шігесіне дейін мұқият тексеріп шығудан еш жалықпайтын. Оның білімдарлығы сол, тіпті кез келген тосын сұрақтың өзіне нақты жауаптары дайын болатын. Осы қасиеттері үшін оны қызметтес әріптестері жоғары бағалап, ерекше сыйлап, құрметтейтін.

Ресей Қарулы Күштерінің маңдайалды оқу орны – Әскери академияны алтынмен бітірген қазақ баласына Мәскеуде қалу туралы ұсыныс та болған. Жоғары лауазым, жақсы жағдайлар жасауға уәде берілген. Алайда, Мәлік бауырымыз одан бас тартып, өзінің Отаны – Тәуелсіз Қазақстанды таңдады. Тағдыр-талай таңдауға түсіп тұрған тұста туған елінің тұғырын биіктетуді қалаған сардар ұлына ел үлкен үміт артқан.

Мәлік Мұхамеджанұлы елдің өзіне артқан сол үмітін ақтай алды. Қай қызметте жүрсе де, өзінің тиянақтылығымен, тындырымдылығымен көрінді.

Ол өзіне ісіне берілген азамат болатын.

Ел үшін еткен қызметі лайықты бағасын алды.

Жоғары әскери шенге жетті. Жоғары лауазымды қызметтерге көтермеленді.

Ресей Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясында тек мемлекеттік деңгейде шешім қабылдауға лайықты ірі қолбасшылар дайындалатыны белгілі. Міне, осы оқу орнын Мәлікке дейін бітірген қазақстандық офицерлердің саны қолымыздың бес саусағын да құрамайтын. Бас штаб академиясында шетел азаматтарына тыңдауға рұқсат етілмейтін сабақтар да жүреді. Екі елдің арасындағы достық келісімге сәйкес, осы тыңдауға рұқсат етілмейтін сабақтарға Мәлік Мұхамеджанұлы қатыстырылған екен. Кейіннен Ресей мемлекетінің әскери құпиясы туралы дәрістер оқытылатындықтан бұл сабақтарға қазақстандықтар жіберілмейтін болған.

Командирдің оң қолы, сенімді серігі – ол қашанда штаб бастығы. Штаб жұмысы жауынгерлік дайындықтың да, жауынгерлік әзірліктің де мүмкіндігін айқындаушы. Қарулы Күштер деңгейіндегі штаб жұмысына жауап беру – мемлекеттің қауіпсіздігіне жауап берумен пара-пар. Сол себепті де, Қарулы Күштердің Бас штаб бастығына генерал М. Сапаров тағайындалғанда әскерлер өмірінде тың серпіліс сезілген. Министрдің бірінші орынбасары бұл қызметте де уақытпен санаспай үнемі әскерлердің ортасынан табыла білді. Әскерлердің құрылысы, оларды басқару жүйесі мәселелері бойынша соңғы жылдары жалғасын тапқан тың бастамалардың іргетасы сол жылдары қаланған еді.

Мәлік Мұхамеджанұлы Қарулы Күштерді одан әрі дамыту мәселесіне айрықша үлесін қосты. Оның тікелей басшылығымен Қазақстан әскерінің 2000-2010 жылдарғы құрылысының негізі қаланды. Оның қатысуымен қазірдің өзінде өзектілігін жоймаған бірқатар заманауи әскери тұжырымдамалар әзірленді. Мәлік Сапаров кәсіпқой, ұтқыр және саны жағынан аз, заманауи қару-жарақ пен әскери техникамен жарақтанған, қазіргі заманғы әскери қақтығыстардың талаптары мен дамыған мемлекеттер армияларының стандарттарына сәйкес Қарулы Күштерді құрудың бірден бір бастамасшысы болатын. Ол табандылығының арқасында жоғары дәлдікті қару-жарақ пен Әуе шабуылына қарсы әскерлердің заманауи құралдары, әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі ғана өзінің аумақтық тұтастығы үшін қорғаныстық сипатты таңдаған Қазақстанның тәуелсіздігіне кепіл бола алатынын дәлелдеп берді. Соның нәтижесінде әскерлерді басқару, нық байланыс, сенімді барлау, оперативті өнер мен жоспарлау, карта бетіндегі ұрысты модельге түсіру тәрізді маңызды мәселелерге қадам жасалды.

Бұрынғы Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев Мәлік Мұхамеджанұлы туралы естеліктерінің бірінде «Өзінің барлық саналы ғұмырын елінің тәуелсіздігі үшін арнаған жанның ел тарихынан өзінің лайықты орнын алғаны ләзім деп білемін. Ол ұйқысыз өткерген түндерінің қайтарымын толығымен көре алмай кетті.

Мына орыс ағайындарда «аяқты энциклопедия» деген ұғым бар. Көп білетін адамдарға қаратылып айтылады. «Тап оқулық іспетті деген» де ұғым бар. Осының екеуі де Мәлікке қаратып айтылған ба дейсің? Өйткені Мәлік «аяқты оқулық» еді ғой. Әскер ісі пәнінің. Ашып ал да оқи бер. Біздің Мәлікке бергеніміз аз емес шығар. Алайда біздің Мәліктен алғанымыз да аз емес деп ойлаймын...» деген еді. Бұдан асқан қандай баға, бұдан асқан қандай құрмет керек. Біздің Мәлік бауырымыз қай жағынан да осындай бағаға лайық азамат болатын.

Мәлік Мұхамеджанұлы туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Халық Қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев та былайша тебіреніспен еске алады: «Оның білімге деген құштарлығында шек жоқ еді. Ол уақытының көбін Ресей Қарулы Күштері Бас академиясының оқу залында өткізетін. Сабақтан соң ұзақ уақыт бойы аудиторияда қалып, көрнекті әскери қолбасшылар мен әскери ғалымдардың еңбектерін оқып, конспект жасап отыратын. Қазақстан армиясына қажет-ау деген материалдарды қажымай-талмай зерттеумен әрі жинастырумен айналысатын. Академияның профессорлық-оқытушылар құрамы арасында оның зор беделге ие болуының да, академияны алтын медальмен үздік бітіріп шығуының да сыры, міне, осында еді».

Мәлік Мұхамеджанұлы туралы онымен қызметтес болған офицерлер мен генералдардың қай-қайсының да айтары көп. Олардың дені «Мәлік қашанда адал еңбек етті», «Қашанда берген уәдесінде тұратын», «Екі сөйлемейтін», «Ешқашан біреудің ала жібін аттамайтын», «Біреудің сыртынан ғайбат сөз айтпайтын», «Біреудің басын кемітпейтін» сияқты тек қана ер жігітке берілер жоғары бағалар еді.

Адамның азаматтық келбетін айқындап, Мәлік феноменін қалыптастыруда бұрынғы Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың да мына бір естелігі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық: «Оның әр істе танытатын мақсаткерлігі, бастаған ісін ақырына дейін жеткізбей тынбайтындығы, бойындағы жауынгерлік қасиеті, өзіндік пікірін кез келген ортада дәлелдеп шыға алатын қабілеті қай-қайсымызға да үлгі боларлық қымбат өнеге болып табылады»...

Бұлардың бәрі шын мәнінде азаматқа берілген лайықты баға екені сөзсіз. Бүгінде генерал-лейтенант Мәлік Сапаров арамызда болмаса да, оның рухы мен қалдырған ізі бар. Оның есімін мәңгілік есте сақтау баршамыздың борышымыз болса керек. Әрине, қазірдің өзінде Мәлік Мұхамеджанұлының есміні есте қалдыру мақсатында туған ауылындағы бір көшеге есімі берілген. 60 жылдығы қарсаңында өзі білім алған Құрлық әскерлерінің әскери интситуты ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырып отыр. Жылдар өткен сайын Мәлік Мұхамеджанұлының ел үшін атқарған жанқиярлық еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа жете беретініне имандай сенемін. Қазақ әскерінің тарихында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген даңқты генералдың есімі қандай да құрметке лайық.   

 

«Қарулы Күштерінің Ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңес төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нагуманов

 

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства