Антыңа адал бол, жас сарбаз!

Антыңа адал бол, жас сарбаз!

Жуырда полковник М.О.Хамзин басқаратын 03825 әскери бөлімі кіші байланыс мамандарын дайындайтын оқу орталығының көктемгі әскерге шақырылған сарбаздары Әскери ант қабылдады.

Әскери қызметке, әскерге шақыруға іріктеп алу мұқият және жауапкершілікті талап етеді. Жыл өткен сайын әскер қатарына шақырылушыларға қойылатын талаптар күшейтілуде. 24 маусымда ҚР ҚК Байланыс әскерлеріне қарасты Алматы облысы Іле ауданы КазЦИК ауылында орналасқан 03825 әскери бөлімінде Алматы облысы мен Қарағанды облысынан шақырылған жас сарбаздар Отан алдында Әскери ант қабылдады. Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының туын алып шығып, Қазақстан Республикасының әнұранын орындаумен басталды. Келгендеріне небәрі бір айдың жүзі болса да жауынгерлеріміздің айбыны асқақ, қимылдары ширақ. Әскери тәртібі қатаң өмірге кеше ғана қадам басса да, жауынгерлер Әскери ант қабылдау салтанатында өздерін сенімді ұстады. Рухы бекем сарбаздар Отан алдында өзіне артылған жауапкершілікті жан-тәнімен сезінгендей. Әрине, бұл сарбаздар әскерге «Отан қорғаймын, Тәуелсіздік туын биікке көтеремін, ел сенімін ақтаймын» деп мақсат қойып келгені анық. Аталған іс-шарада алғашқы болып сөз алған 03825 әскери бөлімінің командирі полковник М.Хамзин жас сарбаздарға өз елінің патриоты болуды, Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті борышы мен парызы екенін, сарбаз болып сапқа тұрып, Отан алдында ант берудің маңыздылығын түсіндіре отырып жас сарбаздар жеке құрамын әскери ант қабылдауымен, ал барлық бөлімді толық құқылы жаңа буынмен құттықтап өтті. Салтанатты шараға байланыс әскерінің тұңғыш бастығы, қазіргі уақытта құрметті демалыстағы ардагер генерал майор Мүбарак Орынбеков және Алматы облысы Іле ауданы КазЦИК ауылының әкімі Есет Өмірзақов, Ауған соғысының ардагерлері запастағы подполковник Серікбай Баймолдинов пен аға сержант Сансызбай Умаров құрметті қонақ болып шақырылған болатын. Өз кезегінде сөз алған қонақтарымыз және жас сарбаздардың ата-аналары Наталья Федулова, Айжан Тоқманова, Мариям Себастьянова жас сарбаздарға жылы лебіздерін білдіріп, Отанды сүю от басынан басталатындығын, Отан алдында берген антқа адал болу керектігін айтып өтті. «Жастарға әскери патриоттық тәрбие беруге бәріміз мүдделіміз. Өйткені еліміздің ертеңі де, болашағы да солардың қолында. Тәуелсіз Қазақстанның дәуірінде дүниеге келген олардың санасы – азат, болашағы жарқын, бағдары анық болуы тиіс. Ия, Әскери ант қабылдау – әрбір сарбаздың есінде мәңгі қалар қуанышты сәт. Өз ұлдарының сарбаз болып сапқа тұрып, егеменді еліміздің ертеңін қорғауға ант қабылдағанын көріп ата-аналардың көзіне еріксіз жас келді. Жас сарбаздарға өздерінің тілектерін жолдап, ұлдарын қашан да мақтан тұтатындықтарын айтып өтті. Іс шараның соңында 03825 әскери бөлімінің жеке құрамы қонақтар назарына қысқа мерзімде өздері дайындаған қоян-қолтық ұрыс жаттығуларынан көріністер көрсетті. Жас сарбаздардың ата-аналары ұлдарының күнделікті күн тәртібімен танысып, жатын орындары мен оқу орындарын және байланыс техникаларын аралап, әскери өмірдің тыныс-тіршілігіне қаныққандай болды. Жас сарбаздар келген күннен бастап оқу ортылығының бастығы майор С.Т.Төлегеновтың басшылығымен бөлімшелер бойынша сарбаздардың ата- аналарымен «чат» (топтар) құрды. Бірінші күннен бастап, оқу рота командирлері капитан В.Федин мен аға лейтенант А.Д.Арысбаев жас сарбаздарға қызметті қайда өткеретіндерін, немен айналасатындарын және бөлімге қандай көлікпен жететіндерін жеткізді. «Чат»-тың арқасанда, аз уақыт мерзімінде командирлер ата-аналармен бірлесіп сарбаз «суретін» құрды. Онда ата-аналар олардың немен шұғылданатын, не істейтіндерін, тіпті олардың теріс қылықтарына дейін біліп отырады. Ежелден «Ел тілегі-ер тілегі, адал ұл ер боп туса - ел тілегі» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, бүгінгі әңгімемізге арқау болған бұл сарбаздар Отан алдындағы анттарына адал болады деген сенімдеміз. Ал біздің мақсат – жас сарбаздардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру арқылы әскери қызметті өтеу кезінде жастарды ептілік пен төзімділікке тәрбиелеу. Әскердегі қызмет - үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан бозбаладан батыл шешімдер қабылдар тұлға қалыптастыру мектебі. Ендеше сол мектептен ел сенімін ақтайтын батыр тұлғалар мен байланыс әскерлерінің мәртебесін көтеретін мықты мамандар шығарына сенейік. Антыңа адал бол, жас сарбаз!

 

 

                                                                                Майор Е.Хамитов,

03825 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық

жұмыстары жөніндегі орынбасары – бөлім бастығы


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Итоги "KADEX - 2018"

Итоги "KADEX - 2018"