Аналар қашанда ардақты

Көктемнің алғашқы күнімен бірге әлемге қуаныш сыйлай келетін 8 наурыз халықаралық әйелдер күні – адамзаттың ең аяулысы ана атаулыны ұлықтайтын күн. Бүгінгі бейбіт заманда еліміздің Қарулы Күштеріндегі әскерилердің 10 проценті қыз-келіншектер. Әскердегі әйелдер жүктелген міндетті атқаруда тиянақтылығымен, жауаптылығымен, белсенділігімен, әрі кәсіби біліктілігімен ерекшеленеді. Олар – жеке құрамның әскери тәртібін  күшейтуде де әскери бөлім командирлері мен олардың орынбасарларының сенімді серігі. Әскердегі әріптестеріне үлгі болып жүрген қазақ әйелдері қандай құрметке болса да лайық.

ӨНЕГЕЛІ АНАДАН ӨРІСТІ ПЕРЗЕНТ ТУАДЫ

   Күлшария Бартбекқызы Нәдірбекова өмірінің саналы кезеңін баласы Талғатқа арнады. Қазақ әйелдерінің ұлылығы сонда ғой. Өмірін өзіне емес, отбасына, жарына, балаларына арнайды. Ол 34 жасында жесір қалды. Ұлын адам қатарына қосу үшін күні-түні тынбай еңбек етті. Әке орнын жоқтатпай, қатығез тағдырдың талай тауқіметін тартты. Қиындыққа қасқайып қарсы тұрып, барлық ауыртпашылықты мойымай көтерді. Баласының болашағы да жігерін ширатты. Күлшария апай әскерге 1984 жылы келіп, ҚР Қарулы Күштеріне 1996 жылы шақырылды. 28349 және 02352 әскери бөлімдерінде өндірістік жұмысшы, қойма меңгерушісі, аға аспазшы, аға радиотелеграфист, аға радиотелефонист, асхана бастығы, жауапты атқарушы, мемлекеттік тіл аудармашысы лауазымдарында әскери қызметін өткерді. Жасына байланысты 2011 жылы прапорщик шенінде запасқа шықты.

   «1993 жылы тұрмысқа шықтым. Өмірлік серігім болған, 02352 әскери бөлімінің командирі шенінде қызмет еткен Аманкелді Мағзұмұлы Сейітқожин 1997 жылы жастай дүние салды. Ол Мәскеуге Академияға оқуға түскенде мен де бірге келіп, ұлымыз Талғат сонда туылды. Өсе келе балам әкесінің жолын қуып, Құрлық әскерлерінің әскери институтын 2016 жылы «Инженерлік әскерлердің командалық-тактикалық даярлығы» мамандығы бойынша тәмамдады. Қазір 54770 әскери бөлімінде қызмет етеді. Осы әсердің өзі әскер киімін киіп, қару асынып, менің де, ұлымның да Отан қорғаушы болуымызға өзіндік ықпал еткені рас. Жалпы, ежелден батырлық пен ерлік рухы сіңген топырақта тәрбиеленгендіктен болар, басқаша болуы мүмкін емес еді», дейді Қарулы Күштердің ардагері. Бүгінде ҚР ҚК қызметкері өз еріктерімен соғысқа сұранып, қан мен өлім, қайғы мен мұңға толы әр күнді жанқиярлық ерлікпен өткізген қазақтың батыр қыздарын тілге тиек етті. Ел басына түскен ауыр кезеңде күні кеше қос тұлымы желбіреген нәзік жандылардың әскери мамандықтарды тез-ақ меңгеріп, аса қабілеттілік көрсеткеніне тоқталды. 20-шы ғасырдың ең қорқынышты соғысында әйелдің жаралыларға көмек көрсетіп қана қоймай, тыңшы болғанын, жаулардан «тіл» әкелгенін, майданның әртүрлі шебінде 800 мыңнан аса әйелдің болғанын, сондай-ақ, адамзат тарихында осыншама нәзік жандының соғысқа қатыспағанын да айтып өтті.

 

ӨНЕРІМЕН ӨРГЕ ЖҮЗГЕН

   Ләззәт Мақатқызы Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы мəдениет институтында оқып, 1992 жылдың аяғында Үшарал қаласындағы офицерлердің мəдениет үйіне келді. Көп ұзамай әскер қатарына шақырылды.


Әскери қызметтің жауапкершілігінің жүгі ауыр екенін сезінген ол қызметіне бел шеше кірісті. Осы саланың қыр-сырын меңгеруге білікті басшылардың шапағаты мол болды. Азаматтық өмірдегі тәжірибесін әскердегі қызметпен ұштастыра білген ол өз ісін ерекше ықыласпен атқарды. Саят, Талғат, Айхан, Лязат , Атлана есімдерінің бас әріптерінен құралған «СТАЛА» ансамблінің жетекшісі де болды. Аягөз əскерінің ансамблі еліміздің көптеген қалаларында болып, шалғайда жатқан гарнизондарды аралады. Мерекелік сан алуан бағдарламасымен көпшіліктің қошеметіне бөленді.

   1999 жылы Аягөз қаласынан Үшарал қаласының барлаушылар батальонына химиялық жəне инженерлік жабдықтарының қойма бастығы болып ауысты. Бөлімдегі мерекелік іс-шаралардың қызықты өтуіне тікелей ықпал етіп, ұйымдастырушылық пен жүргізушілік жұмыстарын да қоса алып жүрді. Батальонның əйелдер кеңесінің төрайымы болып, «Батальон анасы» да атанды. 2005 жылы ұйымдастыру іс-шараларына байланысты барлаушылар батальоны Семей қаласына ауыстырылып, Ләззәт Мақатқызы отбасы жағдайына байланысты 40398 əскери бөлімінде клуб бастығы лауазымына ауыстырылды. Әскери бөлімде қызметін абыроймен атқарып, 2013 жылы құрметті зейнетке шықты. 2013-2016 жылдар аралығында осы бөлімде азаматтық тұлға болып қызмет жасады. Ана жолын әрі қарай сабақтаған екі ұлы 40398 əскери бөлімінде офицерлер.

   Жетекшілік қызметте отырғандардың басым бөлігі – әйелдер. Олардың арасында құқық қорғау органдары мен Отанымыздың шекарасын қорғауда, кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнес, білім беру, денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүргендері қаншама?! «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағатты сөз ешуақытта маңызын жоғалтпақ емес. Әйелдер қауымы жаратылысынан тұрмыс-тіршіліктің ауыртпашылықтарын жеңуге бейім болып қалыптасқан. Қазіргі уақытта да іскерліктің алуан үлгісін көрсетіп жүр. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әйелдерінің І-інші құрылтайында «Қазақстанның әйелдері отбасының берекесімен бірге тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту ісіне де еселі үлес қосты» деген сөзді бекер айтқан жоқ. Қазақстанның бүгінгі гендерлік саясатының аясында әйелдердің қоғам өміріне белсене араласуына, олардың әлеуметтік бастамаларына қолдау барынша көрсетіліп жатыр.

   Қазіргі таңда жеке «LM» продюссерлік орталығын ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған Ләззәт Ермозанова Отанды қорғауға өз үлесін қосқанын мақтаныш етеді. Асыл жар, төрт ұл мен екі келіннің аяулы анасы, әрі екі немеренің әжесі ретінде тілері: аналардың денсаулығы мықты болсын!

 

 

ӘСКЕРДІҢ АЛҒЫ ШЕБІНДЕГІ КӨП БАЛАЛЫ АНА

«Осы бір тамаша мереке жақындаған сайын аналар туралы ойға батамын. Мен өз анамды ерекше мақтан тұтамын, қандай да бір ой толғанысы немесе ізгілік бастауы ұшқан ұяң, өніп-өскен ортаңнан бастау алады ғой. Менің ойымша бұл өмірдің заңы, тіршіліктің талабы» деп бастады әңгімесін кіші сержант Маржан Узбеханова. 

Перзентерінің ішкі жан-дүниесін қабағынан танитын анасының балажандығына тәнті болып өсті. Баласы – ата-анасын, ата-анасы – баласын мақтан ете алғанға не жетсін. Маржан Әбілқызы – үш ұл мен үш қыздың анасы. Отағасы – Орал Темірбекұлы Узбеханов 1994 жылдан бері 15701 әскери бөлімінде әскери қызметші, нұсқаушы-сержант. Шаңырақтың тұңғышы Сабырбектің әскери қызметші болам деген бала күнгі арманы орындалып, 2015 жылы Астана қаласында Ұлттық Гвардияда әскери борышын өткерді. 2016 жылдан бастап 10810 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша радио-телеграфист лауазымында қызмет етеді. Қыздың үлкені Жадыра – Шәкәрім атындағы СМУ ветеринариялық-санитария кафедрасының 5 курс студенті. Асқақ арманы – егеменді еліміздің ауыл шаруашылығына үлесін қосу. Биыл 11 сыныпты аяқтайтын ортаншы ұл Нұрәбілдің де бар ойы: әке жолын жалғастырып, әскери қызметкер болу. Ал, мектепте оқитын отбасының кенжелері Айдар, Жансая, Жанерке «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Нұрлан Қашағановтан алған сыйлықтарына мәз-мейрам болады.

   «Тарихымызға көз жүгіртсек, дана халқымыз әйел затын ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балап, ерекше құрмет көрсеткен. Халық эпосындағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, одан бергі Домалақ ана мен Айша бибі, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Тұмар мен Бопай, ел билеген Айғаным, таңбалы тарихтағы Қасымханның анасы –Жаған бике, Есім ханның анасы – Жақсы бике, есімі аңызға айналған Қабанбай батырдың жары – Гауһар, өз жұртындағы бірліктің ұйтқысы бола білген Ұлпан ана, Ұлы Отан соғысы жылдарында ержүректілігімен тарихта қалған қос ару Әлия мен Мәншүк – ел басына күн туғанда ер азаматтардың жігерін жанып, жүрегіне от берген қазақтың қаһарман қыздары» деп әңгімесін сабақтады кіші сержант.

   Маржан Узбеханова 15701 әскери бөлімінде 2007 жылдан бастап қызмет атқарады. Қазіргі күні қамтамасыз ету және қызмет көрсету ротасы оқ-дәрілерге қызмет көрсету взводының маманы (зертханашы) лауазымында. Қызық та, күрделі әскери өмірде жауынгерлік дайындықты, дене жаттығуларын, әсіресе оқ-ату жаттығуларын ерекше ұнатады. Сондай-ақ, әскери ұжымда моральды-психологиялық климатты арттыруға, отбасылық құндылықтар мен әскери қызметшілердің үй-тұрмыстық жағдайын жақсартуға да үлесін қосады. Балалармен жұмыс істеу секторына жауапты. Әскердің алғы шебінде жүруіне құдай қосқан қосағы Орал әрдайым қолдау танытады. Әңгіме арасында «Әйелдер жүрген жерде әрдайым адалдық, объективтілік пен алға ұмтылу бар» деген Елбасының сөзін тілге тиек етті. ҚР Қарулы Күштерінде әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, Қазақстан әйелдері отбасының ұйытқысы ғана емес, оң өзгерістерді белсенді іске асырушылар және жарқын жетістіктердің негізін қалаушылар екенін де айтып өтті. Сұхбат соңында көп балалы ана ақ тілегін де жеткізді: Әрбір істеріңіз сәтті болып, жандарыңыз көктемдей жарқын болсын! Үнемі  айналаңыздағы ер-азаматтардың қамқорлығы мен ілтипатында болыңыздар! Жүздеріңізден күлкі кетпесін, қуаныш пен шаттықтарыңыз мол болсын!  Сүйіспеншілік пен бақыттарыңыз ұзағынан сүйіндіріп, бауыр еттеріңіз балапандарыңыздың қызығын көре беріңіздер! Үйлеріңіз береке мен  бірлікке толы болсын! Үміттеріңіз ақтала берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"