Алғашқы қарлығаштар ант қабылдады

Өткен аптаның сенбісі Қазақ гуманитарлық заң университеті әскери кафедрасының 212 курсанттары үшін ерекше күн болды. Әсіресе, аталмыш оқу орнында екі жыл бойы әскери білім алған 27 қыздың қуаныштарында шек болмады, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Маусымның 3-і. Таңертеңнен қырқыншы стансаны бетке алған қауым. Өйткені бүгін олар үшін айтулы күн. Бірінің баласы, бірінің қызы, енді базбіреулердің немересі Қазақ гуманитарлық заң университетінің әскери кафедрасынан әскери білім алып, курсант атанғалы отырған жайттары бар.

Кәрі-жасы демей туған-туысқандардың қуанышына ортақтаса келген жұрттың ортасынан бізге бірден ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер көзге ұрынды. Шеткірек тұрған атаға бет бұрып, жөн сұрағанда Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Оразақ ауылынан ат басын бұрып, келіп отырғанын жеткізді. «Екінші немеремнің бүгінгі сәтін көргім кеп, әдейі келіп отырмын. Осы оқу орынның екінші курсын тәмамдап, ел-жұртының алдында әскери антын бермек. Антқа адал, сертке берік болсын. Тек немерем ғана емес, бүгінгі курсанттардың бәрі Отанымызға адал қызмет етіп, ел патриоттары атансын!» деп, Жомарт ата ақ батасын жаудырды.

Ақсақалдың осы оқу орны дегені – Қазақ гуманитарлық заң университеті. Аталмыш жоғары оқу орнының әскери кафедрасы осыдан жиырма жыл бұрын жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында құрылған-ды. Сол уақыттан бері білім ошағынан қанат қаққан 12 мыңнан астам түлек бүгіндері еліміздің күштік құрылымдарында офицерлік лауазымдарда қызмет атқарып жүр.

Осы орайда әскери кафедра бастығы полковник Амангелді Ибраев: «Бізде тәрбиелік және әлеуметтік-құқықтық (идеологиялық) жұмыс, арнайы үгіттеуді ұйымдастыру, идеологиялық жұмысты ұйымдастыру, заңгер кеңесшінің жұмысы мамандықтары бойынша запастағы офицерлер даярланады.

Қазіргі таңда әскери кафедрамызда әскери және педагогикалық тәжірибесі бар, сондай-ақ, көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған оқытушы-офицерлер жұмыс істейді. Университет басшылығының қолдауымен әскери кафедраның инфрақұрылымы заманауи техникалық талаптарға сәйкес. Материалдық-техникалық базасы жетілген кафедрамыздан ел абыройына бөленген талай офицерлер түлеп ұшты. Мәселен, 2005 жылы әскери дайындық курсын тәмамдаған Азамат Жұмаділов әскери кафедраның мақтанышы болып табылады.  Халық қаһарманы Азамат Жұмаділов сияқты курсанттарымыз жыл сайын түлек атанып келеді», - деді.

Сенбі күнгі шара сол Қазақ гуманитарлық заң университеті әскери кафедрасының тағы бір түлек атанғалы отырған курсанттарына арналды.

Таңертең 68665 әскери бөлімінің саптық плацында әскери оқу жиынның курсанттары сапқа тұрғызылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, еліміздің Әнұраны әуеледі. Бұл тектен тек емес еді. Өйткені іс-шара ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне және ҚР Қарулы Күштеріміздің 25 жылдығы құрметіне орайластырылды.

Алдымен әскери кафедра бастығы полковник Амангелді Ибраев әскери анттың мәніне тоқталып, одан соң әскери ант қабылдауға кірісуді бұйырды.

Сол-ақ екен, рет-ретімен сапта тұрған курсанттар бірінен соң бірі ортаға шығып, ант қабылдауға кірісті. Солардың арасында жіптіктей әскери киім киіп, қару асынған қыздардың сапы ерекшеленіп тұрды.

«Мен, Қазақстан Республикасының азаматы .... Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егемен мемлекетімнің Конституциясы мен зандарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін...» деп, ант қабылдап жатқан қыздардың қуанышында шек болмады. Өйткені, олар алдарына мақсат қойып, осыдан екі жыл бұрын әскери білім алуды ұйғарған еді. Бүгінгі күні соған қол жеткізіп, жүздерінде күлкі үйіріліп, көңілдерінде қуаныш ұялауда.

Айта кетелік, аталмыш оқу орны 2015 жылдан бастап қыздардың «запастағы офицер»  әскери атағын алуға мүмкіндік берді. Оқуға қабылданған қыздар идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру және заңгер кеңесшінің жұмысы мамандықтары бойынша даярланды.

«Міне, бүгін алғашқы қарлығаштарымыз ант қабылдады. Студент қыздардың көбісі өз өмірін әрі қарай ҚР Қарулы Күштеріндегі қызметпен байланыстыруды жоспарлайды. Студент қыздар тапсырмалардың барлығын табысты орындап, қазірдің өзінде кейінгі қызмет үшін дайын.

Жалпы рәсімге қатысушылар  – 212 бала. 218 бала шығу керек еді, 6-ауы түрлі жағдайлармен ант қабылдауға жіберілген жоқ. Біздің университет 2002 жылдан бастап қазірге дейін 4 жарым мың офицер және 500-дей сержант дайындап шығарды, - дейді полковник, оқу жиынның бастығы Қазкей Данғұлов.

Ант қабылдау рәсімінен соң ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы генерал-майор Марат Нағұманов, курсант Қазына Әнуарованың әкесі Әнуар Дауленбаев және оқу үздігі, жеке оқу взводтың курсанты Мөлдір Кәнісовалар сөз алып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Соңында  68665 әскери бөлімінің құрмет қарауыл ротасының дефиле көрсетілімі ұсынылды.

                                                                                                                


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"