Академиялық білімі бар офицерлер Қазақстан Қарулы Күштерінің офицерлер корпусын толықтырды

Өткен аптаның сенбісі күні Астана қаласындағы Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлердің салтанатты бітіру рәсімі өтті. Басқосуға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және бітіруші-магистрлердің туған-туыстары қатысты.

Жиында алдымен оқу орнын тәмамдаған Қазақстан Қарулы Күштерінің және Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан Республикаларының 83 түлек-офицері Жауынгерлік Ту шығарылған алаңқайға сап түзеді. Артынан еліміздің мемлекеттік Әнұраны орындалды. Әскерилердің парадтық киімдегі сыртқы келбеті мен жүріс-тұрыстары көз қуантты.

Бітірушілердің құрметіне оқу орнына Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров келіп, сөз сөйледі. Офицерлерді Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетін сәтті бітірулерімен шын жүректен құттықтаған ол оқу орнынан алған білімнің маңыздылығын, қорғаныс саласына қосатын үлесін салмақтады. «Елімізде ғана емес, халықаралық аренада беделі биік бұл оқу орнын тәмамдаушылар өзіміздің және өзге де мемлекеттердің қорғаныс саласында лауазымды қызметтерді мінсіз атқаруда. Биылғы магистрлер де дипломдарын алған соң, мәртебемізді асқақтата береді деген сенімдемін. Сондықтан да әрқайсымыз және барша ел үшін бұл – атаулы күн. Себебі, Сіздер заманауи тұрғыда сапалы білім алған жоғары әскери оқу орнының қабырғасынан түлеп шыққан офицерлердің бірісіздер. Сіздер әскердегі үздік офицерлер ретінде танылып, осында жолдандыңыздар. Енді офицерлік біліммен қатар, әскери өнердің әр түрлі салаларында анағұрлым терең білімдеріңіз бар. Армияның қорғаныс қабілетін құрайтын жауынгерлік рух пен жоғары зияткерлікке ие болдыңыздар» деді вице-министр. 

Әскери қызметшілердің ұлттық қорғаныс университетінде алған білімдері мен дағдыларының өте ауқымды екенін атап өткен Талғат Сәбитұлы сөзін былай сабақтады: «Офицерлер әскери тактика мен стратегияның ерекшеліктерін зерделеді, шетел тілдерін меңгерді, заманауи әскери құрылыс курстары бойынша елеулі дайындықтан өтті. Сіздер жаңа соғыстардың будандық, ассиметриялық, коалициялық және өзге де нысандарының не екенін жақсы білесіздер. Бүгінде бірінші жоспарға шығып отырған ақпарат пен байланыс, электроника мен жаңа технологиялардың мәні ұлғайып келе жатқандығы туралы құлағдарсыздар. Батылдықпен шайқасу, ақылмен жеңіске жету сияқты құнды дүниелерді бойларыңызға сіңдірдіңіздер. Басқаша айтқанда, әскерлерді тиімді басқаруды үйрендіңіздер. Бұл – армияға ұдайы көңіл бөлетін және ерекше қамқорлық жасайтын Жоғарғы Бас қолбасшы қойып отырған маңызды міндет».

Қорғаныс вице-министрінің айтуынша, бүгінгі күні жоғары оқу орнынан кейінгі білім кадрларды әскери даярлау жүйесінде елеулі орын алады. Ол әскери экономика, әскери өнеркәсіпті, әскери ғылымды дамыту мен жаңа технологияларды әзірлеу мәселелерін шешуге қабілетті әскери-ғылыми, жаңа формациядағы ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындаудың тиімді жүйесін қамтамасыз етеді.

Шара барысында Кадр департаментінің бастығы генерал-майор Қайрат Мыңжанов Қорғаныс министрінің университет офицерлерінің бітіру туралы бұйрығын оқыды. Құжатта жоғары оқу орнындағы Бас штаб, Ұлттық гвардия офицері, Шекара қызметі және Арнайы дайындық факультеттерінің он сегіз кафедрасын барлығы 83 тыңдаушы тәмамдағаны жазылған. Олардың ішінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше Әзербайжан, Қырғызстан және Тәжікстан Республикаларының жеті офицері бар.

Басқосуда университет түлектері Қазақстанның Жауынгерлік Туына тағзым етіп, құрмет көрсетті. Артынан әскери қызметшілер салтанатты сап түзеп, қазақ әскерінің айбынын паш етті. Шараға жиналған көпшілік № 68665 әскери бөлімінің құрметті қарауылымен біріккен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінінің және Ұлттық Ұланның Орталық оркестірінің дефилесін тамашалады. Сырнай сазы мен әскерилердің патриоттық ән-жыры жиналғандардың жүрегін тербеп, ықыласын оятты.

Сөз арасында Ұлттық қорғаныс университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге сүбелі үлес қосып келе жатқанын айтуға тиіспіз. Оқу орны халықаралық стандарттарға төтеп беріп, әскери білімді сапалы жаңа деңгейге шығарып, Қарулы Күштерді дамытуға ықпал етуде. Бұған білім ордасында екі жыл оқыған магистрлердің сөздері дәлел. «Бізге бұл оқу орны көптеген мүмкіндіктер туғызды. Біз өзге де ірі әскери оқу орындарының дайындығы мен оқып-үйренуін зерделедік. Бізді жоғары кәсіби мамандар ретінде дайындаған университеттің профессорлық-оқытушылар құрамына алғысымызды білдіргіміз келеді» деп ағынан жарылды офицерлер.

Қолдарына армандаған дипломдарын алған әскери қызметшілердің бұдан былайғы жұмыстарында жауапкершілік зор. Өйткені, енді олар Қазақстан Қарулы Күштерінің, әскери құрылымдарының жетіле түсуіне, қанат жаюына, нығаюына күш салуы қажет. Осы мүдде жолында офицерлеріміз аянбайды деп сенеміз.

 

*Уыз лебіз

Майор Амангелді Мыңжанов:

– Өмірімдегі бұл маңызды сәтті үлкен мәртебе санаймын. Және алған біліміме сай туған Отаныма, еліме, жеріме қызмет ететініме уәде беремін. Менің, әріптестерімнің қызметтеріне адалдығы – халқымыздың тыныштығының кепілі. Ал өркендеуге барар жол тыныштықтан басталады. Ендеше, біз аянып қалмауға тиіспіз.

Енді қызметімді Ақтөбеде жалғастыратын боламын. Елімнің әуе-көгінің тыныштығын сақтауға, аспандағы қорғанысымызды нығайтуға күш саламын. 

 

МайорУрман Акунов (Қырғызстан):

– Біз қазақстандық жоғары оқу орнында білім алған екі жылда көп нәрсені үйрендік. Осындай жемісті оқиға қос мемлекет арасындағы татулықтың нәтижесі екені сөзсіз. Мен енді екі ел ынтымақтастығының нығаюына септігімді тигізуге ниеттімін.

Қазақ Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың нағыз көреген тұлға екеніне анық көзім жетті. Оның саясаттағы, өмірдегі әрекеттері мен сөздері әлемге үлгі бола алады. Бұған көптеген дамушы мемлекеттердің Қазақстанға қарап, бой түзеп, өркендеп келе жатқаны куә. «Қырғыз-қазақ – бір туған» екенін осындай байланыстарымыз бен әріптестіктеріміз дәлелдеп, достығымызды күшейте береді.

 

Подполковник Тойлыбай Жабаев:

– Бүгінгі күн – мен үшін өте қуанышты және атаулы күн, өйткені, мен кадрлық әскери қызметші болып табыламын, бұл менің екінші әскери білімім, әскери мансабымның қисынды жалғасы. Мұнда білім алу арқылы дүниетанымымды кеңейттім, базалық білімімді бекіттім.

Алдағы қызметім Қапшағай қаласындағы 35-ші десанттық-шабуылдаушы бригадасында жалғасады. Оқу орнындағы ауқым анағұрлым кең, білім – өте терең. Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамына алғысымды білдіргім келеді, олар – нағыз кәсіпқойлар, өз істерінің шеберлері. Енді олардан жиғанымды еліме, жеріме сарп етіп, әскери айбынымыздың асқақтауына жұмсаймын.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"