Әскери қызметшінің жары


Өмірде бірінші ақынның жары болу қиын, екінші батырдың жары болу қиын. Мұның алғашқысы сүйіктісінің жүрегі мен сезіміне түскен ғаламдық салмақты бөлісу болса, екіншісі өрт пен шоқтың ортасында жүрген, шеп пен сапта атойлаған еріңнің жолын тосу, сарылу. Ал осындай жардың өздері секілді отбасыларға ақыл-кеңесін ұсынып, қолғабыс етуі – үлкен шаруа.  Мәселен, подполковник Марат Шахашовтың жұбайы Айнұр Байсейітова Тараз қаласындағы 85395 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметіне жетекшілік етеді. Күллі әйелдер қауымының мерекесінде осы кісі жайында аз-кем ой қаузағанды жөн санадық.

Айнұр Хамитбекқызы 1978 жылы 5 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Төлеби ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Қарағанды экономикалық университетін «қаржыгер» мамандығы бойынша бітірген ол осы кезде-ақ әскери қызметтегі Марат Дөненбайұлының етегінен ұстапты. Құрыш білекті азаматты өмірлік серігі етіп таңдағанда, оның алғырлығына, мақсаткерлігіне сенсе керек. «Жолдасым сол жылы Алматы жоғары әскери училищесін тәмамдап, лейтенант шенін алып шықты. Әскери қызметін Семей қаласында взвод командирі болып бастады. Одан кейін Арыс, Шымкент қалалары және Гвардейск әскери қалашығында болдық. Соның барлығында отағасымен бірге көшіп-қонып жүруімізге тура келді. Бұл қиындықтар бізді шаршатқан жоқ. Ең бастысы, болашағымыздың жарқын екеніне көзіміз жеткен, ер-азаматымның қолына тапсырдым тағдырымды», дейді ол.
Ал Айнұрдың өзі болса, аз мезет – 2002-2005 жылдары мамандығым бойынша Семей қаласындағы «Казполиграф» акционерлік қоғамының қаржы бөлімінде жұмыс істесе, 2006-2007 жылдары Шымкент қаласындағы Экономикалық колледжде бухгалтерлік есеп, қаржы және несие, салық және сақтандыру пәндері бойынша сабақ береді. Қазіргі таңда үш бала тәрбиелеп отыр. «Алғашқы жеті жылымыз сәби сүйсек деген арманмен өтті. Жеті жылдан кейін – 2007 жылы Арузат деген қызымыз, тоғыз жылдан кейін – 2009 жылы ұлымыз Бекхан дүниеге келді. 2013 жылы үшінші – ұлым Баязет туды. Аңсаған арманымызға жетіп сәбилі болған соң, осы балаларға қарап 10 жыл бойы үйде отырдым», – дейді ағынан жарылып отанасы.
Марат өткен жылдың маусымында Астана қаласындағы Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетін бітіріп магистр деңгейін алады. Содан соң Тараз қаласындағы 85395 әскери бөліміне командирдің жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары қызметіне жіберіледі.
«Былтырғы қазан айынан бастап 85395 әскери бөлімінің командирінің ұсынысымен Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы болып жұмысқа орналастым. Себебі, бұл қызметке Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың бұйрығымен әскери бөлім командирінің немесе орынбасарларының жұбайлары тағайындалу керек. Алғашқы күндері өте қиын болды. Көп уақыт жұмыс істемегенім бар, өз мамандығыма сай қызмет емес. Бұл қызметтің басты міндеті мен мақсаты – әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жасау, яғни ең бірінші оларға моральді-психологиялық, құқықтық-психологиялық көмек көрсету», – дейді Айнұр Хамитбекқызы.
Айта кету керек, бұл шаруаның қыр-сыры, машақаты жетерлік. Мәселен, жоғарыдағы айтылғандардан бөлек, әрбір әскери қызметшінің отбасындағы проблемаларын шешуге көмектесіп, азаматтың әскери қызметтегі өз міндетін алаңсыз орындауына жағдай жасауға тырысу қажет. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, жаңадан тұрмыс құрған отбасылар, әсіресе мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалары бар отбасыларға көп көңіл бөлмесе, тағы болмайды. «Мысалы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар старшина Абитаевтың жұбайы Дина Сатарованың өтініші бойынша Тараз қаласының №5 емханасының бас дәрігеріне хат жолдап, 2007 жылы туған қызы Сарсебек Лаураны Астана қаласындағы арнайы мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға арналған оңалту орталығына жіберуін сұрадық. Нәтижесінде, біздің өтінішіміз қабылданып, Сарсебек Лаура кезекке алынды. Жуырда оңалту орталығына кеткелі жатыр». Бұл – кейіпкеріміздің сөзі.
Сонымен қатар, оның жұмысына Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласына сай жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие қалыптастыру мақсатында мектеп әкімшіліктерімен бірлесіп, оқушылармен ерлік сабақтарын ұйымдастыру да жатады. Жуырда осындай іс-шараны Тараз қаласының №36 мектебінде «Қазіргі заманның жайсаң батырлары» тақырыбына арнап ерлік сабағын өткізген. Тараз қаласының политехникалық жоғары колледжі студентерімен және №53 мектеп-гимназиясының әкімшілігімен бірлесіп, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылуына 29 жыл толуына орай Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу жасаған. Алдағы уақытта да әскери қызметшілердің отбасыларына арналған түрлі мерекелік, құқықтық-психологиялық іс-шаралар жоспарлап отырған көрінеді.
Міне, әскери қызметшілердің жарының жұмысы. Отанды қорғау қандай қиын болса, оның отбасы да сондай қиындыққа төзуге тура келеді. Ал әр отбасы бірдей емес. Оларға түрлі бағыттағы қолдау шаралары жасалу керек. Ондай жұмыстарды Айнұр секілді ханымдар мінсіз атқарса, әскеріміздің де айбыны асқақтай түспек.
Асхат РАЙҚҰЛ
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"