Әскери-патриоттық тәрбие беру бесіктен басталады

     Ашығын айтайық, көтерілер кез-келген өзекті мәселені түпкілікті түсініп, әділ бағалау үшін міндетті түрде салыстырма қажет. Мүмкіндігінше алысқа бармай, алғышарттары ұқсас жайттарға сүйену абзал болар. Жастар тәрбиесі, әсіресе, әскери-патриоттық тәрбие беру мәселесі қашанда күнтәртібінің алғашқы қатарында болған. Себебі, мемлекеттің ашық аспаны мен баянды болашағы осыған тікелей байланысты. Әрбірден кейін бұл мәселе Ата Заңмен айқындалып қойған. Сондықтан да мәселеге жете назар бөлуіміз керек. Міне осы тұста салыстырма қажет-ақ.

 «Кеңес Одағы» деген әлемді ауызына қаратқан алып державаның тарих қойнауына кеткеніне ширек ғасыр болса да, әскери-патриоттық тәрбие тақырыбы бойынша сол бір «СССР»-ге сүйенгеніміз орынды болар. Біріншіден, Тәуелсіз еліміз сол мемлекеттің бір жарықшағы іспетті, тарихымыз ортақ болды. Екіншіден, Кеңестер елінің жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу жүйесі басқалардан оқ бойы озық болғаны ешкімге жасырын емес. Әлбетте, ол заманда өмір шындығы басқа болды деп қысқа қайыра салуға болады. Ол рас. Бірақ, Отанды қорғау, патриоттар тәрбиелеу мәселесі кеше де, бүгін де, қала берді ертең де өзектілігін жоғалтпайды. Бұл аксиома.

     Әскери-патриоттық тәрбие беру мәселесі бесіктен басталады десек жалған болмас. Балабақша, мектеп, кәсіптік немесе жоғары оқу орны деп жалғастыра берсек те қателеспейміз. Бұл адамның өмір бойында жалғасын табатын ұзақ тізбек. Әйтсе де, баланың кәмелетке толған тұсынан бастап тәрбие тізгінін алатын орта мектептегі алғашқы әскери дайындық пәні мен ДОСААФ (Совет армиясы, авиациясы, флотының еріктілер қоғамы) жүйесі болған. Отанын шынайы сүюден бастап өмірлік мамандық таңдауға дейін жол көрсеткен, бағыт-бағдар берген шамшырақ іспетті еді. Осы бір мақтауға да, мақтануға да тұрарлық жайттармен салыстырғанда бүгінгі жағдайымыз қалай. Міне мәселенің мәнісі осында. Қазір жағдай мүлде өзгерген. Себебі де белгілі. Ескі жүйені құлатып алдық, жаңасын жасап үлгермедік. 1997-ші жылға дейін еліміздегі орта білім беру орындарында алғашқы әскери дайындық деген пән атымен болған жоқ. Нәтижесінде тәжірибесі бар білікті мамандар тарыдай шашылып кетті, кәсіби сабақтастық үзілді. Бай оқу-материалдық база қараусыз қалды, талан-таражға түсті десе де болады. Қазақстан Республикасының «Қорғаныс және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері туралы» Заңында аталмыш пән негізгілер санатында екеніне қарамастан. Өкінішті-ақ.

    Бүгінгі таңда республика деңгейінде бұл мәселемен етене араласып жүрген жалғыз ғана мекеме бар. Ол – ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының әскери іс педагог мамандарын қайта дайындықтан өткізу және біліктілігін арттыру Оқу орталығы. Жасыратыны жоқ, бұл мекеменің «аман-сау» қалуы да ұзақ күресті, қажырлы еңбекті талап етті. Бастысы, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісінің маңызын мемлекеттік деңгейде тереңнен түсінген, нағыз ұлт жанашыры болған азаматтардың табылуы дер едік. Бұл ретте Парламент Мәжілісінің депутаты генерал-лейтенент Абай Тасболатовтың есімін ерекше айтып өткен абзал. Қорғаныс министрінің орынбасары, әсіресе Республикалық Ұлан қолбасшысы лауазымдарын атқарып жүрген жылдары Абай Бөлекбайұлы бұл істің қажеттілігін қайталаудан жалықпады. Үнемі қайталаумен болған еді. Нәтижесінде аталмыш орталыққа жан бітірген болатын. Бүгіндері Білім және ғылым министрлігі, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік және Қорғаныс министрлігі тәрізді мемлекеттік органдардың қолдауымен айтарлықтай маңызды міндет атқарып отырған бұл орталық 7 мыңнан астам мамандардың кәсіби білімін шыңдап үлгерді. Бұл ретте алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерімен қатар, әскери қаржыгерлер, психолог, социолог тәрізді 10-нан астам мамандықтар бойынша жұмыс жүргізіп отырғанын тілге тиек етуге болады. Аталмыш білім беру шаңырағында бірнеше профессор, ғылым кандидаты дәріс оқиды. Бұл да болса білім деңгейінің дәрежесін көрсетсе керек. Заман талабына сай әдістемелік құрал-жабдық, арнайы әдебиет тәрізді оқу-материалдық база жаңа биікке көтерілуде. Бастысы, аталмыш орталықта жас жеткіншектің бойында Отансүйгіштік қасиеттің мықтап бекуі жолында еңбек ететін алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері бар.

    Рас, салыстыруға қайта айналып соқсақ бұндай мекемелер Одақты құраған бауырлас Республикалардың барлығында болған. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, олардың біреуі де сақталынып қалған жоқ. Жабылған.  Сондықтан да Қазақстанға  таңырқай әрі қызығушылықпен қарайды. Сондықтан осы байлығымызды бағалай білейік. Өкінішке қарай Орталықтың асығы алшысынан тұруда десек артық айтқан болар едік.  Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірасыловтың жан-жақты қолдауына қарамастан кәсіби тұрғыда шешімін күткен мәселелер баршылық. Орталықтың міндеті мен маңызын терең әрі кең түсіндіру қажет, насихаттау керек. Білім туралы Заң талаптарына сай әр ұстаз асып кеткенде 5 жылда бір рет кәсіби біліктілігін жетілдіруі қажет. Өкінішке қарай, ауыл, аудан, тіпті облыс көлеміндегі білім саласының тізгінін ұстаған қайсыбір атқамінерлер алғашқы әскери дайындық сабағын кенже қалдырып, мұғалімдерін толыққанды ұстаздар санатына қоспай жататын көрінеді. Нәтижесінде, кәсіби білім жетілдіруді қажет деп таппайды. Осы орайда Орталықтың басшысы Николай Чистиков үздіктер қатарына Батыс Қазақстан облысын қойып, баршаны солардан үлгі алуға шақырады. Шынында да, деректерге көз жүгіртсек, аталмыш облыста жастарға әскери патриоттық тәрбие беру мәселесі дұрыс жолға қойылған екен. Мұғалімдердің 100 пайызы Орталықта білімдерін жетілдіріп, жұмыстың озық әдіс-тәсілдерімен «қаруланған».  Нәтижесінде, түрлі патриоттық клубтар, спорттық үйірмелер, кадет сыныптары тәрізді бозбалаларды топтастырған ұйымдар саны бойынша аталмыш облыс басқалардан көш ілгері тұрған жайы бар. Айналып келгенде, жастар арасында кездесетін ішімдікке берілу, нашақорлық, бұзақылық тәрізді кеселдер санының аздығы бойынша басқаларға үлгі боларлықтай жайы бар.

    Жоғарыда айтқанымыздай, аталмыш Орталықтың толыққанды жұмыс істеуі көбіне генерал Тасболатовтың маңдайтерінің арқасы. Мәселені мемлекеттік деңгейде қарап қолдау көрсететін азаматтардың қатары көбейсе екен деп тілейміз. Халқымызда «жалғыздың шаңы шықпас» деген сөз бар ғой.

 PS. Күнделікті теледидарда Сириядағы саяси жағдайға қатысты сюжеттер көреміз. Европаға ауып жатқан жүз мыңдаған босқындарды көреміз. Олардың арасында әйелдер, қарт кісілер, балалар, мүгедек жандар да бар. Соғыстан қашып, жан сауғалауда. Тепсе темір үзетін жас жігіттер де араларында аз емес. Тіпті көп деуге де болады. Егер, олардың еліне, жеріне деген патриоттық сезімі күшті болса қолына қару алып, Отанын лаңкестерден қорғауы керек еді ғой. Сірә, оларда патриоттық бағыттағы жұмыстардың осал болғанын осы жағдайдан да аңғарғандаймыз. Мұндай келеңсіздіктер біздің елге де сабақ болуы тиіс. Бетін аулақ қылсын әрине, ел басына күн туа қалған жағдайда отаншыл жастар көп болуы үшін оларға әзірден патриоттық тәрбие беретін орталықтардың саны да, сапасы да жоғары болуы керек-ақ.

      

      Сәндібай Күмісбеков


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"