Әскери институттың әлеуеті

Осы жексенбіде, 15 қазанда радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына 16 жыл толады. Айтулы күнге орай институт қабырғасында митинг, жеке құрамды марапаттаумен жалғасқан мерекелік концерт ұйымдастырылмақ.

1991 жылы Егемендік алған тұста елімізде офицерлік кадр мамандарын дайындайтын екі әскери оқу орны қалған болатын. Бірі Алматы қаласында орналасқан, Кеңес Одағының Маршалы И.С. Конев атындағы Алматы әскери жалпы командалық училищесі мен екіншісі Ф.Э. Дзержинский атындағы шекаралық командалық училищесі болатын.

     1994 жылы Ақтөбенің жоғарғы азаматтық авиация училищесінде  ұшқыш-техниктерді дайындайтын Әскери әуе күштерінің әскери факультеті ашылды.

    Әскери мамандарды дайындауда, еліміздің қорғаныс күшін нығайту үшін аталған әскери оқу-орындары жеткіліксіз еді. Осыған байланысты зениттік-зымыранды, радиотехникалық әскерлер, радиотехникалық қамтамасыз ету бөлімдері, байланыс әскерлері мен автоматты басқару жүйесінің мамандарын дайындайтын төл әскери оқу орны керек болды.

     Сол уақытта Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы Армия генералы, Халық қаһарманы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевтың күш салуымен  Азаматтық авиация академиясының әскери факультеті жанынан 2001 жылдың 15 қазанында Үкімет Қаулысымен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты құрылды. Қорғаныс министрінің директивасына сәйкес әскери институттың дислокациялық орны, штаттық құрылымы мен негізгі жеке құрамның оқу орны бекітілді. Әскери институттың бірінші бастығы болып полковник А.М.Саганаев тағайындалды.

      Әскери институттың қабырғасын қалауға және нығайтуға сол кездегі Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің басшысы генерал-майор Оқас Базарғалиұлы Сапаровтың да еңбегі орасан болатын.

     Институттың оқу үдерісінің негізін қалап, оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырған алғашқы офицерлер полковник Д.Джаримбетов, К.Кибатаев, С.Щепин, А.Молдабаев, И.Саврас, А.Таряник, Н.Юношев, В.Досалин, В.Макаров, Р.Насыров, Н.Онищук, С.Чукеитов, С.Ягуткиндер болды.

     Негізгі ауыртпалық институттың оқу бөліміне жүктелді. Бөлімнің офицерлері аз уақыт ішінде оқу үдерісінің құжаттарын рәсімдеп, жедел түрде оқу нысандарын дайындады. Институттың оқу әдебиеттерін, әдістемелік құралдарын шығаруда күш салған подполковник С.Воробьев, И.Сеитов, В.Горбачев, прапорщик Т.Кокидько және кіші сержант И.Некрасовалар болды.

     Институтты құру барысында маңызды рөл атқарған оқытушы профессорлар құрамы Е.Безруков, А.Вершинин, О.Зябров, П.Кокидько, П.Мельников, Д.Нурлыбеков, Б.Шамиловский, В.Панкратовтар курсанттарды оқытуда барын салып, жауапты қырынан қарады.

       Қазіргі таңда Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Қазақстан Қарулы Күштері мен басқа да қуатты құрылымдарға 10 мамандық бойынша әскери мамандар дайындайды. Артта қалған 16 жыл ішінде Институт жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

       Бүгінгі күні институт қабырғасында жоғарғы кәсіби деңгейдегі профессорлық-оқытушылар құрамы қызмет атқарады. Атап айтсақ, 4 ғылым докторы, 10-нан аса ғылым кандидаты және 84 ғылым магистрлері курсанттарға сапалы білім беруде.

       Институттың офицерлері, сержанттары және курсанттары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі тарапынан ұйымдастырған барлық іс-шараларға атсалысып келеді. С-125 оқу дивизионының есептік тобымен қатар, институт курсанттары «Сарышаған» мемлекеттік сынақ алаңында жауынгерлік атудан «Жауынгерлік достастық» оқу жаттығуында шеберліктерін шыңдайды.

      Мемлекет көлемінде өткізілетін әскери парадтарға институт есеп тобы сап түзеп, үнемі үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.

      Институт қабырғасында қызметтерін өтеп, офицерлік кадр мамандарды дайындауда үздік көрсеткіштерге қол жеткізген офицерлер Қорғаныс министрі тарапынан көтермелеуге ие болды. Олар полковниктер                          Р.Р.Алимжанов, И.А.Сеитов запастағы полковник Г.У.Таиров, майор А.Майлыбаев, капитан О.Сердалиев. 16 жылда 11 офицер мемлекеттік наградаға ие болды.     

        Институттың басты бағыты – ол Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің зияткерлік діңгегін қалайтын, жоғары кәсіби деңгейдегі әскери мамандар дайындау болып табылады.

     2002-2017 жылдар аралығында институт қабырғасынан 1658 офицер түлеп шықса, оның 141-і оқу үздігі атанды. 16 түлек мемлекеттік наградаға ұсынылды. Институт түлектері Тәуелсіз Еліміздің барлық әскери гарнизондарында қызметтерін жарғыға сай адал атқарып жүр. 250-ден аса түлектеріміз жеке радиолокациялық рота командирлерінен бастап, дивизион командирі, бригада командирінің орынбасарлары қызметтерінде борыштарын атқаруда. 134 офицер Ұлттық қауіпсіздік комитеті, «СЫРБАР»,  Ішкі істер министрлігі, ҚР Мемлекеттік күзет қызметтеріне жолдама алды.

      Институт ұжымы әрқашанда бітіруші түлектерімен мақтана алады, өйткені олар Ел Тәуелсіздігін қорғау мақсатында, жоғарғы жауынгерлік дайындықтарын жетілдіруде аянбай еңбек етуде. Олар – Қазақстан  Республикасының Қарулы Күштерінің офицерлік корпусы қатарына қосыла отыра, Қазақстан Армиясының жаңа мың жылдық тарихы мен алдыңғы аға буынның дәстүрін жалғастырушы азаматтары болып қала бермек.

     Осы уақытқа дейін Институт курсанттары Ресей Федерациясының: Воронеж, Смоленск, Санкт-Петербург, Ярослав, Кострома қалаларында өткен ғылыми Олимпиадаларға белсенді түрде қатысып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізді.

Оқу үдерісі кезінде курсанттар дене шынықтырумен қатар, спорттың барлық түрлерімен айналысады. Институт офицерлері, сержанттары және курсанттары спорттың әр түрінен; Дания корольдігі, Швеция, Мәскеу, Санкт-Петербург, Самара, Эквадор, Қырғызстан Республикасында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Институт қабырғасынан 10 Қазақстан Республикасының спорт шебері дайындалды, олар: полковник Е.В. Мацуца, капитан О.С. Сердалиев, курсант А. Табанов, А. Байсалбаев, Р.Е. Исмаилов, В.А. Корелов, Н.Н. Ирсалиев, Р.Э. Исмаилов, Н.К. Алибек, Д.М. Майлыбаев. Ал курсант Д.Б. Кесикбаев спорттың екі түрінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын орындады. 29-ы спорт шеберлігіне үміткер болса 16 жыл ішінде 1000 мыңдай спортшы әр спорт түрінен разрядтар қорғады. Курсант Н. Үсіпбеков белтемірге күшпен шығу жаттығуын 500 рет орындап, институт рекордын орнатты.

       Институт ішінде «Патриот» ғылыми-дебаттық клубы, «Бес Қару» әскери-патриоттық клубы және «Барыс» әскери-психологиялық клубтары құрылып, қалалық және республикалық деңгейлерде өнер көрсетеді. 2011 жылы «Байланыс жігіттері» және «Престиж» көңілді тапқырлар клубы құрылды. Көңілді жайдарман жігіттеріміз Ұлттық Лигада үздіктер қатарында өнер көрсетіп жүр.

Институттың танымал оқу орнына айналуы жолында алғашқы құрылған күнінен бастап бүгінгі күнге дейін басқарған білікті басшылары: полковник А.М.Саганаев (2002-2007 жылдары), генерал-майор Е.Л.Оразов (2007-2010 жылдары), генерал-майор Қ.А.Садыков (2010-2017 жылдары), 2017 жылдан осы уақытқа дейін полковник А.Д.Мұстабеков басқарып келеді.

Институтта полковник А.Д.Мұстабековтің басқаруымен көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, жеке құрам Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне 25 жыл толуына орай  Астана қаласында өткізілген парадқа қатысып, саптық дайындығы бойынша үздіктер сабынан табылды. Сондай-ақ, 2017 жылдың 28 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында Алматы қаласында өткізілген 28-ші дүние жүзілік қыстық универсиадасына құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті сақтауға жеке құрам қатысты.

- 2017 жылдың 10-13 сәуірі аралығында алғаш рет Қазақстан Республикасында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік  институты базасында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Т.Мұхтаровтың тікелей қатысуымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жоғарғы білім беру ұйымдары курсанттарының арасында математика пәнінен III халықаралық олимпиадасы өте жоғары деңгейде өткізіліп, төл командамыз 6 елдің арасында жүлделі 2-орынды иемденді;

- институттың жауынгерлік жоспарына сәйкес командалық штабтық оқу-жаттығулар өткізіліп, институттың әскери қызметкерлері жедел тактикалық дайындықта кәсіби дағдыларын жетілдірді;

- 5-курс курсанттары  Отар 40-әскери базасында өткізілген «Қаратау - 2017» оқу-жаттығуына қатысты, сондай-ақ Сарышаған мемлекеттік полигонында «Жауынгерлік достастық - 2017» далалық жаттығуда білік-дағдыларын шыңдады.      

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Ұжымдық қауіпсіздік келісімінің ұйымы аясындағы әскери шарттарға сәйкес, Қырғызстан Республикасына әскери мамандар дайындайды. Республикамыздың жоғарғы оқу-орындарымен және де ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, тығыз байланыста жұмыстар атқарады.

       Сөз соңында айтарымыз, институттың әскери қызметшілері мен қызметкерлері, Елбасымыз Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің институт алдына қойған талаптарын қалтқысыз орындап, тапсырмалар мен бұйрықтарға жоғарғы жауапкершілікпен қарайды. Сонымен қатар ол – әскерлердің барлық түрлері мен тектеріне арналған инженер-мамандарды даярлайтын Орталық Азиядағы алғашқы және теңдесіз әскери-инженерлік жоғары оқу орны.

       Он алты жыл ішіндегі институт құрамының қол жеткізген ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Десек те, көп ұлтты еліміздің тәуелсіздігін сақтап, антына адал, еліміздің ертеңгі тірегі, ел қорғаушы болар азаматтарымыз тәрбиеленіп, білім алып жатыр. Жаңа мыңжылдықта Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мемлекеттігімізді қорғауға қабілетті, жоғары деңгейдегі әскер сапында жүрген институттың әскери қызметшілері мен қызметкерлерін институттың құрылған күні мерекесімен құттықтай отырып, оқу орнымыздың үздіктер қатарынан көрінуі жолындағы жұмыла жасаған еңбегіміз жемісті болсын дегім келеді.

Запастағы майор Ербол ӘЛІБАЕВ

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік

институтының баспасөз қызметінің бастығы

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"