ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

7 мамыр күні Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында әскери парад өтті

7 мамыр күні Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында әскери парад өтті

7 мамыр күні Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміз Қарулы Күштерінің 25 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығына арналған әскери парад өтті.

Әскеріміздің айбынын асы­рып, ел мерейін үстем еткен па­рад­­та алаңда салтанатты марш­пен 26 жаяу әскер есептоп құра­мындағы 5 мыңнан астам әскери қызметші адымдап өтті. 300-ге жуық бірлік әскери техника мен заманауи қару-жарақ үлгілері ел назарына ұсынылды. Оған қоса, Әуе қорғанысы күштерінің 70-тен астам авиациялық техникасы отандық авиацияның қуаты мен ұшқыштардың тас-түйін әзірлігін көк аспанда паш етті. Алаңға келген қарақұрым халық пен парадты көгілдір экран арқылы тікелей эфирден тамашалағандар 2016-2017 жылдары әскеріміздің арсеналын толықтырған отан­дық және шетелдік су жаңа техни­­каларды көруге мүмкіндік алды.

Халықтың рухын көтеріп, ел абыройын асқақтатқан шеру­ге Құрлық әскерінің Бас қолбас­шысы, генерал-майор Мұрат Бек­танов басшылық жасады. Әске­ри бөлімдерді сапқа тұрғыз­ғаннан кейін генерал-майор М.Бектанов Мемлекеттік туды алаңға алып шығуға бұйрық берді. Мемлекеттік күзет қызметінің ту ұстаушылар тобын майор Ұлан Нұрланов бастап шықты. Көк туды аға лейтенант Аза­мат Сұлтанғазиев ұстаса, оның көмекшілері Құрлық әске­рі әскери институтының тү­лек­­тері – аға лейтенанттар Мир­­хан Қаһарманов пен Қайрат Мол­дабаев болды. Мемлекеттік ту алаңға әке­лін­геннен кейін алаңға Қор­ға­ныс министрі, генерал-пол­ков­­ник Сәкен Жасұзақов сал­та­натты көлікпен шықты. Гене­рал-майор М.Бектанов оған әс­кер­дің әскери парадқа сапқа тұр­ғызылғаны туралы баянат жаса­ды. Қорғаныс министрі мен парад басшысы мінген екі көлік бірдей жылдамдықпен жылжып отырып, салтанатты саптың оң қапталынан бастап сол қапталына дейін жүріп өтті. Сөйтіп, Қор­ға­ныс министрлігінің, Ішкі іс­тер министрлігінің, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің және Мем­лекеттік күзет қызметінің парад­тық есептоптарын шолып шықты. Қорғаныс министрі саптағы сар­баздармен сәлемдесу рәсімін жасап, Қарулы Күштердің 25 жыл­дық мерейтойымен құттықтады.

Жалпы, еліміз тәуелсіздік ал­ғаннан кейін осыдан тура ши­рек ғасыр бұрын 1992 жылдың 7 мамырында ел Президенті Қазақ­стан Республикасының Қару­лы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Ширек ғасыр ішінде еліміздің Ар­мия­сы қалыптасып, дамудың күр­делі кезеңдерінен өтті. Осы жыл­дар ішінде әскердің жаңа бей­несі қалыптасты. Кәсіби білік­­тілігі жоғары, жинақы армия за­манауи қару-жарақпен, жаңа тех­никамен жарақтандырылды. Бү­гінде Құрлық әскері, Әуе қор­ға­нысы күштері, Әскери-теңіз күштері құрлықта, теңізде және әуеде ел іргесінің беріктігін, ха­лықтың тыныштығын күзетеді. Басты стратегиялық бағыттарда «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» және «Астана» өңірлік қолбас­шы­лықтары құрылған. Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетіл­гендей, ел Президенті Қарулы Күш­тердің Жоғарғы Бас қолбас­шы­сы болып табылады. Әр аза­мат Отан қорғаушы санатына қосыл­ғанда Қазақстан халқына және оның Президентіне адал болуға ант береді. Осы орай­да, Елбасы Н.Назарбаевтың сараб­дал саясаты мен қорғаныс сала­сы­на жіті назар аударуының ар­қа­сында еліміз бейбітшілік пен тұрақтылықтың ордасына айналып, армияның әлеуеті жыл санап артып келе жатқанын атап өткен жөн.

Сапқа тізілген әскерді шолып шыққаннан кейін Қорғаныс ми­нистрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов мінберде тұрған Мем­лекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Назарбаевқа әскер­лердің Қарулы Күштердің 25 жыл­ды­ғына және Ұлы Жеңіс күні­не арналған парадқа дайын екен­дігін баяндады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев барша қазақ­стандықты және әскери шеру­ге қатысушы сардарлар мен сарбаздарды мәртебелі мерей­тоймен құттықтады. «Биыл Қарулы Күштеріміздің 25 жылдық мерекесін атап өтуде­міз. Мен ширек ғасыр бұрын Тәуел­сіз еліміздің төл армия­сын құру туралы Жарлыққа дәл бүгінгі күні қол қойдым. Со­дан бері аз ғана уақыт өтсе де, Қару­лы Күштеріміз бес қаруы сай, заманауи үлгідегі айбынды ар­мияға айналды. Сайыпқыран сар­баз­дарымыз бүгін­де Ұлы Даланың сенімді қорғаны, азаматтығымыздың алмас алдаспаны. Біз қазіргі заман талап­тарына сай келетін әлеуетті әскерімізді жа­сақ­тадық. Ел қауіпсіздігінің басты бағыт­тары айқындалды. Әскери доктринамыз қабылданды. Экономикамыз қарқынды дамыған сайын еліміздің Қарулы Күштері де жетіліп, нығая түсті. Жауынгерлеріміз әлемнің әр түкпірінде бітімгерлік миссияларды абы­роймен атқарып шықты. Біздің әскеріміз ТМД мемлекеттерінің ішінде алдыңғы қатарлы әскер ретінде танылды. Қымбатты отандастар! Ел жұртымыз әрқашан бейбіт өмірді баянды бақытқа ба­ла­ған. Біздің тарихымыз өшпес ерліктің жылнамасы, жеңімпаздықтың шежіресі екенін білеміз. Баһадүр бабаларымыздың ізбасарлары қазір Тәуелсіз ел әскерінің са­пында тұр. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Жауынгерлік тәрбие әскери киіммен емес, жөргектен басталады» деген болатын. Жерінің қауіпсіздігін, елінің тыныш­тығын қорғау әр азаматтың қасиетті парызы, абыройлы міндеті болып саналады», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл ел Тәуел­сіздігі тарихындағы ең ауқымды парад өт­кізіліп отырғанын, сондай-ақ, Қазақстан ар­миясы қалыптасудың лайықты жо­лынан өткенін және оның беделі жоғары екенін айтты. «Парадқа 5 мыңнан астам адам және 400 әскери техника қатысуда. Бұл ай­бынды армиямыздың даңқы асқақ және мақтан тұтуға тұрарлық екенін көрсетеді. Осы жыл­дарда мемлекет әске­­ри­лерге жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Алғашқы әскери құрылымдардан бастап қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құруға дейінгі ауқымды жолдан өттік. Мемлекеттің қалыптасуының күрделі кезеңінде Қазақстан армиясы өзінің алдына қойылған міндеттерді абыроймен атқара білді. Қарулы Күштеріміз ел ішінде және шет елдерде жоғары беделге ие болды», – деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ар­мия­ны жаңғыртудың басымдығы бар бағыт­тарына тоқталып, оны әрі қарай дамы­ту міндеттерін анықтап берді. «Бүгін Қарулы Күштер елімізбен бір­ге жаңғырудың тарихи кезеңін бастан өт­керуде. Терроризммен күрес барлық күш құрылымдары қызметінің мүлде жаңа бағы­ты болып табылады. Қазақстан армия­сы сақадай сай болып, кез келген қауіп-қатерге дайын тұруға тиіс. Тағы бір негізгі міндет – жеке құрамды нығайту. Біз әскери қызметшілердің жаңа буынын тәрбиелеудеміз. Әскери киім киген адамдар мінсіз абырой мен әділ­­­діктің эталоны, болашақ ұрпақтар үшін үлгі болуға тиіс. Мерекелік парадқа Қару­­лы Күштеріміздің резерві болып сана­латын «Жас ұлан» әскери мектептері курсант­тарының тұңғыш рет қатысып отыр­ғаны кездейсоқ емес. Бұл – армия дәстүрі мен құндылықтар сабақтастығының жарқын белгісі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті бүгінгідей бей­біт өмір сыйлап, тәуелсіз әрі мықты мемлекет құруға жол ашқаны үшін Ұлы Отан соғы­сының ардагерлеріне алғыс айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақ­станда бейбітшілік пен тұрақ­тылықты сақ­таудың маңыздылығына тоқталып, Ота­нымыздың қауіпсіздігін тек армия ғана емес, еліміздің барлық азаматтары да ойлауға тиіс екендігін атап өтті. «Біз барлық көршімізбен доспыз және «Бейбіт бір ғана келісім жүз жеңіс­тен артық» деген өнегелі өсиетті есте ұстауы­мыз керек. Сондықтан, басты құнды­лық­тары­мыз – бейбітшілік, келісім және бірлік дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеміз. Қарулы Күштер әрқашанда тәуел­сіздігіміздің басты тірегі болып қала бере­ді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Әскери қызметшілердің қасиетті пары­зын еске салып, оларды кәсіби деңгейін арттыруға, әскери ынтымақ пен бірлікті нығайтуға шақырған Елбасы өз сөзін: «Құрметті сарбаздар, баһадүр баба­ларымыздың ерлік жолын бейбіт күннің батырлары жалғай берсін. Жауын­герле­ріміздің шеберлігі тек жаттығуда ғана шың­далсын. Ұлы Даламызды аналардың әлдиі мен сәбилердің күлкісі ғана тербесін, мереке құтты болсын!» – деп түйіндеді.

Осыдан кейін еліміздің Мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Парад басшысы, генерал-майор Мұрат Бектанов шеруді бастауға бұйрық берді. Парадтағы жаяу тізбектер шеруін «Жас ұлан» республикалық мектептерінің тәр­биеленушілерінен құралған барабан­шылар ротасы ашты. Алғаш рет биылғы жылы барабаншылардың сапында Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалала­рындағы бар­лық республикалық «Жас ұлан» әскери мектептерінің үздік өкілдері қатысты. Құрама ротаның денін өмір жолы мен қажырлы еңбегі барлық Отан қорғаушыға үлгі болған Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы астаналық мектептің ұландары құрайды. 2016 жылдан бастап еліміздегі барлық республикалық әскери мектеп-интернаттары тұтастай Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілгені белгілі. Барабаншылар ротасын алаңға Мәскеу әскери консерваториясының түлегі, аға лей­тенант Данияр Бөлтіріков бастап шықты. Одан кейін алаңды Қорғаныс министрлігі офицерлерінің тобы бетке алды. Парадтық есептоп басында Бас штаб бастығының бірін­ші орынбасары, генерал-майор Әмір Халықов болды. Айта кетейік, ол «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Сондай-ақ, оның соңын ала әскер легіне Құрлық әскерінің офицерлік құрамы да сап түзеп шықты. Құрлық әскері – біздің әскери әлеуетіміздің негізгі күштік құрылымы болып табылады. Өйткені, бұл құрам мотоатқыштар мен танк, десанттық-шабуылдау, артиллериялық әскери салалар және теңіз жаяу әскерлерінің жиынтығына негізделген. Алаңға атойлап шыққан бұл топтың басында ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының әскери дайындық жөніндегі орынбасары, генерал-майор Талғат Қойбақов болды. Салтанатты шараның ашылу сәтінде ұшқыштар Астананың көк аспанында «25» деген мерекелік датаны көкте қалықтатқан болатын. Міне, зеңгір көкте сондай көріністі бейнелеген әскерилердің әріптестері алаңға парадтық есептоп ретінде де бой көрсетті. Бүгінгі таңда Әуе қорғанысы күштері зама­науи қару-жарақтармен қамтамасыз етілген. Олардың қатары тактикалық оқу-жаттығулар мен тәжірибелік сабақтарда үнемі асқан шеберлік көрсетіп жүрген сапалы дайындалған мамандармен толықтырылған. Парадты топқа Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, генерал-майор Нұржан Мұқанов жетекшілік етті.

Елорда тұрғындары мен қонақтары Әуе қорғанысы күштерінің заманауи ұшу аппараттарын басқарған қа­зақстандық ұшқыштардың шеберлігін жоғары бағалады. Алаңға жиналған халық осы күні еліміздегі Әскери-теңіз күштерінің әлеуетін көріп, олардың сап түзеп өткеніне зор қошемет көрсетті. Себебі, бұл ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырында өз күшімізбен құрылған тұңғыш әрі жаңа әскери саланың бірі болып табылады. Осыдан 24 жыл бұрын, яғни 1993 жылдың 2 сәуірінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Міне, содан бері Тәуелсіз Қазақстан әскери теңізшілерінің тарихы басталды. 24 жыл ішінде қазақстандық флоттың соңғы үлгідегі техникамен жабдық­талған отандық өндірістің су жаңа зымыран-артиллериялық корабльдерімен сапалы жабдықталуы, жеке құраммен жасақталуы және әскери қызметшілердің оқуы мен жауынгерлік даярлығын жетілдіруден бастап, корабльдердің орналасуының алғашқы жекеменшік пунктінің құрылысы мен ашы­луына дейінгі қыруар жұмыс атқарылды. Бүгінде Қазақстанның Әскери-теңіз күштері – бұл Каспий теңізінің қазақстандық секторында маңызды стратегиялық тапсыр­маларды орындайтын еліміздің Қарулы Күштерінің толыққанды жекелеген әскер түрі. Әскери-теңіз күштерінің оқу-жауын­­герлік қызметінің жоғары деңгейін көрсететін соңғы көрсеткіштердің бірі 2016 жылдың қорытындысы болып табы­лады. Өткен жыл бойынша жауынгерлік даяр­лықтың қарқындылығы 25,5 пайызға және әскери корабльдердің жүзіп өтуі 35,4 пайызға ұлғайды. Сөйтіп, шамамен 3 600 корабльдік оқу-жаттығу өткізіліп, әскери теңізшілер теңізде шамамен 5 800 сағат болды. Осындай әлеует пен тәжірибеге бай Әскери-теңіз күштерінің парадтық тобын алаңға Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері Жандарбек Жанұзақов бастап шықты. Мемлекет басшысының арнайы тапсыр­масы негізінде еліміздің әскери саласын жаңғырту мақсатында айтулы өзгерістер орын алғаны белгілі. Соның ішіндегі ең елеулісі Өңірлік қолбасшылықтардың құрылып, қызметке кірісуі еді. Елімізде алғаш рет кең ауқымда ұйымдастырылған әскери шерудің ендігі легін осы Өңірлік қолбасшылықтардың қатарындағы ең үлкен әскери бірлестік – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамы жалғастырды. «Оңтүстік» өңірлік әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Марат Құсайынов бастаған бұл құрам оңтүстік стратегиялық бағыттағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Олар кез келген жағдайда таулы және шөлді аймақ­­тарда әрекет етуге машықтанған. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында әкімшілік тұрғыда шекараландырылған штаб қолбас­шылығы Тараз қаласында орналасқан. Өңірлік қолбасшылық құрамына орталық бағыныштағы және Әуе қорғанысы күште­рінің бөлімдерінен басқа шекаралық шептегі әскери бөлімдер де кіреді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басты міндеті Оңтүстік-шығыс аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.

Одан кейін алаңнан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрамы сап түзеп өтті. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыс­­тарының әкімшілік шекараларында орналасқан қолбасшылықтың штабы Семей қаласында орын тепкен. Басты мін­деті – мемлекеттің шығыс шебіндегі қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуді көздейтін өңір­лік қолбасшылық құрамына орталық бағы­ныштағы және Әуе қорғаныс күште­рінің бөлімдерінен басқа шекаралық шептегі әскери бөлімдері кіреді. Негізінен механика­ландырылған машиналар мен танктік ар­тиллерияға басымдық берілген бұл құры­лымдық күш тобының жетекшілігінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерле­рінің қолбасшысы, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, генерал-майор Нұрлан Қашағанов болды. Салтанатты шеруді «Астана» өңір­лік қолбасшылығының парадтық тобы жалғас­тырды. Бұл бірлестіктің жауапкершілігі еліміздің орталық және солтүстік аймақ­тары­ның қорғанысын қамтиды. «Астана» өңірлік қолбасшылығы – еліміздегі ең ауқымды «Айбын» әскери-патриоттық жоба­сының ұйымдастырушылары. Сап басында «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қайдар Қара­құлов тұрды. Орталық штабы Қарағанды қаласында орналасқан бұл құрылымдық күш қызметкерлері бүгінде Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан об­лыс­тары әкімшілік шекараларын жіті бақылауда ұстайды. Өңірлік қолбасшылық құрамы­на орталық бағыныштағы және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдерінен басқа шекаралық шектегі әскери бөлімдер кіреді. Сонымен қатар, «Астана» өңірлік қолбас­шылығы Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қол­басшысының резерві екендігін де айта кетейік. 2003 жылдан бері бейбіт өміріміздің тыныштығын күзетіп келе жатқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары да бұл шеруде сап түзеді. Қызмет көр­сету аумағы Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Аты­рау және Маңғыстау облыстарының әкімшілік шекараларымен шектескен бұл қолбасшылықтың штабы Атырау қаласында орналасқан. Өңірлік қолбасшылық құра­мына орталық бағыныштағы және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдерінен басқа шекаралық шептегі әскери бөлімдер кіретін Өңірлік қолбасшылықтың басты міндеті – мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін, шекараның тұтастығын, егемендігін толық қамтамасыз ету және Каспий теңізі секторында Қазақстан Республикасының эконо­микалық мүддесін қорғау. Ақтау теңіз жаяу әскерлерінің бригадасын ел алдына шығарған бұл топқа «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Дәулет Оспанов жетекшілік етті. Көрермен назары ауған орталық алаң­мен даңқты Десанттық-шабуылдаушы әскер­лерінің десантшылары жүріп өтті. Бұлар – Жоғарғы Бас қолбасшының резерв әскерлері. Десантшы жауынгерлер – заманауи ұрыстар кезінде күрделі тапсырмаларды орындауға сақадай сай әскерлер. Айбын­ды десантшыларды бастап келген Десант­тық-шабуылдаушы әскерлерінің бас қолбас­шысы, ІІ дәрежелі «Даңқ» және «Айбын» ордендерінің иегері, генерал-майор Алмас Жұмакеев болды. Сонымен қатар, оның соңын ала жауынгерлік жарақтарын асынған Арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері де бой түзеді. Тәжірибелер көрсеткендей, қазіргі кезде құрамы жағынан аз, бірақ жинақы және оңтайлы бөлімшелер маңызды рөл атқарады. Операция жетістігі негізінен олардың уақтылы әрі мығым әрекеттеріне байланысты болады. Парадтық есептопты жасақ командирі, подполковник Ерлан Өтеуов бастап шықты. Шеру Қарулы Күштердің Әскери поли­­ция­сынан құралған құрама ротасы қызмет­керлерінің қадам басуымен жалғасын тапты. Соңғы 20 жылдан бері бұл құрылым Қарулы Күштеріміздегі заң және құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Құрамында төтенше жағдайларда қолданылатын жедел әрекет ету жауынгерлік бөлімшелерінің әскери қызметшілері бар топты Әскери полиция бас басқармасының бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев бастады. Мінбер алдынан сап түзеп өткен сар­­баздардың қолындағы көк Туымыз самал желмен желбірей түсті. Туымызды тік ұс­тағандардың қатарында Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің офицерлері де бой көрсетті. Бұл – стратегиялық және жедел басқару саласының офицерлерін дайындайтын еліміздегі алдыңғы қатарлы әскери оқу орны. Бұл топқа университет бастығы, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, генерал-майор Асхат Рыспаев жетекшілік етті. Сондай-ақ, Әскери-әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, байланыс және автоматтандырылған басқару жүйесі ма­ман­­­дарын дайындайтын Орталық Азия аумағындағы жалғыз оқу орны – Радио-электроника және байланыс әске­ри инс­титутының курсанттары мен Ш.Уәли­ха­нов атындағы Кадет корпусының және Т.Би­гелдинов атындағы әскери-әуе инс­титутының сарбаздары сап түзеді. Оған қоса, «Қазбат» бітімгершілік ротасы мен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Шекара қызметі «Боран» арнайы ротасының және Ұлттық ұлан Әскери институтының түлектері қатысқан жаяу әскер легін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің ротасы түйін­деді. Армияны жаңғырту мәселелерінде отан­дық қорғаныс өнеркәсібінің алар орны ерекше. Осы мақсатта салтанатты шеру аясында «Қазақстан Инжиниринг» АҚ» ұлттық компаниясы мен өзге де кәсіпорындардың зауыттарында қолда бар әскери техникаларды жаңарту, жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатқаны мәлім. Бүгінде әскерлер үшін жаңа қару-жарақ түрлері, оқ-дәрілер мен арнайы құралдарды жасап шығару толық жолға қойылғаны белгілі. Еліміздің әскери техникаларының әлеуеті соңғы үлгідегі технологиямен жарақтандырылған озық әскери машиналармен де толықтырылуда. Салтанатты шеруді механикаландырылған әскери техникалар легінің жалғастыруы осы сөзімізді нақтылай түседі. Қатар тізілген техникалардың басында Қарулы Күштердің әскер түрлері – Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әс­кери-теңіз күштерінің тобы мен «Лэнд Ровер» жол талғамайтын көліктері жүріп өтті. Сондай-ақ, осы күні көпшіліктің назарына БМПТ жауынгерлік машиналары көрсетілді. «Қазақстан Инжиниринг» компаниясының кәсіпорнында қайта жаңғыртудан өткізілген Т70-2Б танкісі де әлемде баламасы аз әскери техникалардың бірі болып табылады. Бұл техникалар танкілерге демеу білдіретін жауынгерлік атыс көліктері санатына жататындықтан, бір жауынгерлік көліктің атыс қуаты екі мотоатқыштар взводының қуатынан асып түседі деп есептеледі. Сол сияқты бұл күні «Солнцепек» АОЖ-1 оқшашар жүйелері – бір атыспен шамамен 40 000 шаршы метр аумақты талқандай алатын жауынгерлік көлікті де жұртшылық тамашалай алды. БТР-80А сауытты көліктеріндегі десант­тық-шабуылдаушы әскерлерінің роталық-тактикалық тобы минаатқыш взводымен және «Игла» тасымалды зенитті-ракеталы кешені взводымен күшейтілген. Бұл жинақтың соңынан БТР-82А сауытты көлігі алаңды бетке алды. Қуатты атыс пен қозғалыстың жоғары жылдамдығына иелік ететін аталған техника теңіз жаяу әскері бөлімшелері үшін таптырмас техника еді. Салтанатты шеруді Артиллерия және ракета әскерлерінің қару-жарақ пен әскери техникалар легі жалғастырды. Сөйтіп, алаңнан жүріп өткен доңғалақты әскери машиналардың қатары Д-30 сүйретпелі зеңбірегімен толықты. Құрлық әскерлерінің танк, десанттық-шабуылдаушы әскер­лері мен механикаландырылған бригадалары қолданатын ұңғысы 122 миллиметр болатын Д-30 зеңбірегі 15 шақырымнан астам қашықтыққа минутына 8 атыс жасауға қабілетті. Ал артиллериялық зеңбіректі сүйреп тасымалдау Көкшетау қаласындағы «КамАЗ» Инжиниринг» АҚ зауытында жасалған «КамАЗ» автокөліктері арқылы іске асырылады. Сондай-ақ, «Гиацинт» зеңбіректер батареясы – Құрлық әскерлері артиллериялық бригадалары қолданатын қару. Зеңбірегінің ұңғысы 152 миллиметр болатын бұл қару өзіне ұқсас барлық қарулардан ұзағырақ, яғни 33 шақырым қашықтықтан атыс жүргізе алады. Көрермендер көзайымына айналған әскери техникалардың бірі – «Прима» дүркіндетіп ату реактивті жүйесі жауын­герлік көліктері болды. «Қазақстан Инжиринг» кәсіпорнында жаңартылып, жетілдірілген «КамАЗ» базасындағы «Қаз­Град» дүркіндетіп ату реактивті жүйе­сі аты аңызға айналған «Катюша» қаруына ұқсас реактивті қару 20 шақырым қашықтықтағы жаудың нысандары мен әскери техникасын талқандауға қабілетті. Ал «Смерч» дүркіндетіп ату реактивті жүйелері бір қондырғыда зымырандарға арналған 12 бағыттауышы бар және оқ ату қуатына иелік етеді. Атылған оқты 90 шақырым қашықтыққа дейін жеткізетін бір зымыранның салмағы 800 кило тартады. Сол сияқты «Смерч» бір ғана оқ ату арқылы 280 гектар болатын аумақты талқандай алады. Осылайша, салтанатты шара аясында шеруге шығарылған Артиллерия және ракета әскерлерінің қару-жарақ пен әскери техникалар легін «Точка-У» тактикалық ракеталар кешені аяқтады.

Өзімізде жасалған отандық «Арлан» бронды машиналары – «Қазақстан Пара­маунт Инжиниринг» кәсіпорнында құрастырылған минаға қарсы қорғану деңгейі аса жоғары көлік. Сол сияқты, «Кобра» жауынгерлік барлау көлігі де әскерлеріміз үшін ұрыс жағдайларында тапсырмаларды толық орындауға аса қабі­летті. «Кобра» 12/7 миллиметр ұңғылы пулеметпен жарақталған. Әскери техникалар қатарынан көрінген «Хаммер» мен жоғарыда атап өткен «Лэнд Ровер» автокөліктері – теңіз бен басқа да сулы аймақтарда арнайы операцияларды орындау кезінде жауынгерлік жүзгіш бөлімшелерге арналған қайықтар мен гидроциклдерді тасымалдауды іске асырады. Шерудегі механикаландырылған қозға­лыс­тың легін «Скайларк» және «Бусел» ұшқышсыз ұшу аппараттары жалғастырды. Бұлар – 40 шақырымға дейінгі қашықтықта оператор арқылы жерден басқарылатын жеңіл салмақты ұшу аппараттары. Сонымен қатар, бір мың метр биіктікте он шаршы шақырым көлемдегі аумаққа еркін бақылау жүргізе алады. «Цикада», «Аметист», «Рубин» радиоэлектронды көліктері, «Натиск» радиоэлектронды барлау жүйе­сінің жауынгерлік көлігі – мәліметтерді қағып алып, барлық заманауи, соның ішінде ұялы және спутниктік байланыс түрлерін бәсеңдету мүмкіндігі бар көліктер. Бүгінде Ұлттық гвардия қарамағын­дағы «Тигр» арнайы полиция автокөлігі – ар­найы немесе жауынгерлік операцияларды орындау барысында жеке құрамды қорғауға, патрульдеуге және оқ атумен демеу көрсе­туге арналған озық машиналардың бірі. Сол сияқты, «Федерал» арнайы брондалған автокөлігі де жеке құрамды жолсыз жерлерде тасымалдауда қолданылады және атыс қаруының оғынан, жарылғыш заттардан қорғанудың қажетті деңгейіне ие. Көпшілігімізге етене таныс «Урал-4320» жол талғамайтын борттық автокөлігі болса, ол жолдың барлық түрінде және барлық жерде адамдар мен жүкті тасымалдауға арналғаны белгілі. Ал «Сэнд Кэт» сауытты жол талғамайтын автокөліктері – жоғары деңгейлі қорғанысқа ие және сағатына 160 шақырымға дейін жылдамдықта жүйтки алуын бүгінде жоғары бағалауға лайық. Қазіргі кезде «Сэнд Кэт» және «Арлан» жол талғамайтын автокөліктерін Мемлекеттік күзет қызметі қолданып келеді.

Салтанатты шеру барысында жер­де­гі әскери техникалардың соңынан әске­ри мақсатта қолданылатын әуе күште­рінің әлеуеті көрермендер назарына ұсы­нылды. Әрине, мұның алдында тасы­малдану барысында қолданылатын механи­каландырылған құрылғылар құрамы сызық бойымен жүріп өткен болатын. Айталық, ЗУ-23-2 зенитті қондырғысы – Петропавл ауыр машина жасау зауытында құрастырылған, қосымша зымырандық ұшыру модулімен және тепловизормен жаб­дықталғандықтан, тәуліктің кез келген бөлігінде 6 шақырымға дейінгі әуе нысан­дарын атып түсіре алады. Ал С-300 көп арналы зенитті зымыранды кешені болса 300 шақырымға дейінгі қашық­тықтағы әуе нысаналарын жою мүм­кіндігіне иелік етеді. Бір кешен бір уақытта 6 нысанаға бақылау жүргізіп, оларға 12 басқарылатын ракета жібере алады. «Вин Лонг» деп аталатын басқарылатын ұшу аппараты бар­лау жүргізу мен нүктелік соққы беруге арналған. Салмағы 1100 килоны құрайтын «Вин Лонг» 5 мың метрден астам биіктікке және 1 мың шақырым қашықтыққа ұша алады. Содан кейін көкте қалықтаған алып әскери машиналардың басында Ми-35М әскери тікұшақтары ұшып өтті. Олар ұрыс даласында Құрлық әскерлеріне атыспен демеу көрсетуге арналған. Оның қару-жарақ құрамында «Штурм-М» танкіге қарсы басқармалы ракеталар мен «әуе-жер» класты басқарусыз зымырандары бар. Тәулік бойы 35М жауынгерлік қолданыста болу үшін Ми-заманауи навигациялық кешенмен және нысаналарды электронды анықтау құрал­дарымен жабдықталғанын атап өткен жөн. Ал Ми-17 шағын көп салалы тікұшағы – әмбебаптығымен және жоғары техникалық-ұшу сипаттамаларымен әлемдегі ең көп таралған танымал тікұшақтың бірі. Ол Құрлық әскерлері бөлімдерінің жинақы­лығын арттыруға, әскерлерді толық қару-жарақтарымен десанттауға, сондай-ақ қарсыластың нысандарын жоюға арналған және биік таулы әрі жоғары температуралы аймақтарда жауынгерлік тапсырмаларды орындауға барынша бейімделген. Сол сияқты, Ми-8 жауынгерлік-көліктік тікұшағы болса, бірқатар әлем елдерінің әскери арсеналдарында өте тиімді жауынгерлік құрал болып есептеледі. Оны жауынгерлік тапсырмаларда ғана емес, іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуге, өрт сөндіру және аспан арқылы жүк тасымалдауға да кеңінен қолдануға болады. Ми-171Ш тікұшағы – құрлық әскер­леріне қолдау көрсете отырып, қарсыластың жауынгерлік техникаларын жоюға, десантты атыспен демеуге, патруль, іздеу-құтқару және барлау қызметтерін атқаруға арналған. ЕС-145 тікұшағы – Қазақстанда жасал­ған көп салалы, қолданыстағы тиімділігі жағынан пайдалы жеңіл тікұшақ. «Еврокоптер» тікұшақтары арнайы операциялар күш­терінің әрекеттерін қамтамасыз етуге ар­налған. Дыбыстық шуының төмендігі мен сенімділігі және жанармай шығыны азды­ғының арқасында ЕС-145 тікұшақтары 700 шақырымға дейінгі қашықтыққа еркін ұша алады. К-32 және ЕС-145 тікұшақтары – Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар комитетінің негізгі міндеттерін – іздеу және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу, тұрғындар мен мүліктерді эвакуациялау, жеке құрам мен жүктерді жеткізу жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар, К-32 тікұшағын аспалы су төгу құралының көмегімен өрт сөндіру ісіне де пайдалануға болады. Ту-154 ұшағы – әуе командалық пункті ретінде қолданылады және оны Су-27 жойғыш ұшақтар тобы ере жүріп қорғайды. Өйткені, Су-27 ұшағы – жоғары жауынгерлік мүмкіндіктерге ие әрі әуе машинасының бұл түрі әуе кеңістігі қауіпсіздігін кең ауқымда қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді. Ан-72 ұшағы – тактикалық, бітімгершілік және гуманитарлық миссияларды орын­дау үшін арнайы құрастырылған. Аэродинамикалық ерекшелігінің арқасында ұшақ жылдам ұшып-қона алады. Ал Ан-26 әскери-көлік ұшағы болса, өзінің сенім­ділігін дәлелдеген үнемді көлік кемесі. Ол әскерлерді әскери техникасымен және қару-жарағымен бірге, сондай-ақ тез арада оқ-дәрілер мен материалдық заттарды, жаралылар мен сырқаттарды тасымалдауға арналған. Ан-26 ұшағы таулы әуе айлағына күрделі әдістермен кіру кезінде жоғары маневрлі мүмкіндікке де ие. С-295 әскери-көлік ұшағы – испандық «Эйрбасс Милитари» кәсіпорнында жасалған және заманауи навигация жүйесімен жабдықталған ұшақ. Ол 9 тоннаға дейін жүкті жеткізіп, 70 әскери қызметшіні толық қару-жарағымен тасымалдай алады және қосымша жанармай құймай 5 мың шақырымға дейін ұшуға қабілетті. Ал Су-25 жойғыш ұшақтары – дыбыстық сауытты ұшақтар, жауынгерлік сапасына қарай «ұшатын танк» деп аталады. Бұл ұшақ түрі тікелей құрлық әскерлеріне атыспен демеу көрсету үшін жасалған. МиГ-31 тосқауылшы-жойғыш ұшақ­тары – еліміздің әуе шабуылына қарсы қорғанысының негізгі элементтерінің бірі. Олар әртүрлі нысаналарды, соның ішінде қанатты зымырандарды да жоюға қабілетті. Сонымен қатар, Су-30 СМ жойғыш ұшақтары – базадан алыс аймақта, тәулік бойы және қарсыластың қарқынды қарсылық көрсетуі жағдайларында кең ауқымды жауынгерлік тапсырмаларды орындауға қабілетті аса оңтайлы көп салалы жойғыш ұшақтар буыны. Ұзақ уақыт қонбай ұшуды жалғастыру үшін ұшақ әуеде жанармай құю қондырғысымен және қару-жарақтың бірнеше түрімен жабдықталған. СУ-30СМ экипажы екі ұшқыштан тұрады. Бұл экипаж мүшелерінің арасында атқарылатын жауынгерлік қызметті бөліп, осыған орай тиімді атқаруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, парадқа қатысқан әске­ри техникалардың жартысына жуығы Қазақстанда шығарылған. Әсіресе, ЕС-145 тікұшақтары, «Арлан» бронды техни­касы, «Қаз Град» реактивті жүйелері, «Джи­гит» зеңбірек қондырғылары және негізгі көлік болып саналатын «КамАЗ»-дар отандық қорғаныс өнеркәсіп орындарында шығарылған. Әуе қорғанысы күштерінің ең үздік ұшу аппараттары Астана аспанында өз шеберліктерін көрсетті. Ал «Ромб» жауын­герлік тәртібінде сап түзеген «Жетісу» ұшу тобы Су-27 ауыр жойғыш ұшақтарымен Астана аспанында «Бәйтерек» атты жоғары ұшу фигурасын жасады. Салтанатты шеруді Қорғаныс минис­трлігінің Ұлттық ұлан және Мемлекеттік күзет қызметінің музыканттарынан құралған әскери құрама оркестрі аяқтады. Сөйтіп, 7 мамыр еліміздің айбынын асырған күн болды. 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах