«Батыр арулар» байқауы әскери саладағы қыз-келіншектердің қызығушылығын тудыруда

Биыл екінші мәрте ұйымдастырылатын «Батыр арулар» байқауы әскери саладағы қыз-келіншектердің қызығушылығын тудыруда. Газетіміздің соңғы санында сайысқа қатысуға ниет білдіргендердің саны екі жүзден асып, рекордтық көрсеткішке жеткенін әңгімелеген едік. Сол санның ішінде мамандығының мақтанышына айналған айымдардың бар екенін де айтқымыз келеді. Мәселен, корабльде қызмет ететін ТМД-дағы жалғыз әйел Жанар Ыбыраева «Батыр арулар» сынында бақ таластырмақ.

Жанар жарады

Бірінші сатылы старшина Жанар – 21814 әскери бөлімі «Орал» зымыран-артиллериялық корабл байланысы жауынгерлік бөлімінің технигі. Қарулы Күштерде 2011 жылдан бастап қызмет етуде. Ол – жауынгерлік корабльде қызмет атқарып жүрген ТМД елдері арасында Қарулы Күштердегі жалғыз әйел.


«Штабта, құрлықта қызмет атқарып жүрген кезімде теңіз, корабльдерді, романтиканы аңсадым. Енді «Орал» зымыран-артиллериялық кораблінде қызмет атқарып жүрмін, байланысты орнатамын. Мен корабльдегі бірден-бір әйел әскери қызметшімін. Қызметімнің ең басында қиындықтар болғанын жасырмаймын. Экипаж мүшелері бұл жұмысты менің қолымнан келмейді, алып кете алмайды және еңіреп жылайды деп ойлады. Алайда, мен нағыз лайықты әскери қызметші болып табылатынымды дәлелдей алдым. Біз екі аптаға жауынгерлік кезекшілікке ашық теңізге шығамыз. Өткен жылы бір айға Махачкалаға байқауға аттандық. Корабльдің өзге орындардан күрделі айырмашылығы ашық теңіздің болуы болып табылады. Дауыл, теңіз ауруының белгілері болуы ықтимал. Бірақ, мен бұның барлығына әдеттеніп қалдым және кәсіп таңдауда қателеспегеніме ешқандай күмәнім жоқ» дейді бірінші сатылы старшина Жанар Ыбыраева. 

«Батыр арулар» байқауының үміткері осы уақытқа дейінгі қызметінде «ҚР Қарулы Күштеріне – 20 жыл» және «ҚР Қарулы Күштері Әуе теңіз күштеріне – 20 жыл» медальдарымен марапатталып үлгерген. Сонымен қатар корабльдеріміздің әскери қызметшілері 2-орын алған «Каспий теңізі – 2015» теңіз биатлоны бойынша халықаралық сайыстың жеңімпазы болып табылады.

Биыл Жанар ҚР Қорғаныс министрлігінің бастамасымен өтіп жатқан «Батыр арулар» байқауына қатысуды ұйғарды. «Өз үлгі-өнегеммен қыздарға армияда, Әскери-теңіз күштерінде қызмет етуге рухтандырып, қанат бітіретін шығармын. Адамдар әскери қызметші болу абыройлы әрі беделді екеніне көз жеткізеді» дейді ол. 

 

Арманы бөлек Ақтоты

«Батыр арулар» сайысында бақ сынайтын арулардың тағы бірі Брімжанова Ақтоты Исламбекқызы бірінші сатылы старшина, ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінде алты жылдан бері қызмет атқарады. Әкімшілік бөлімшенің аға маманы (жауапты орындаушы), екі баланың анасы. Оның отбасында әскери адамдар бар. Мәселен, ағасы мен тағдыр қосқан қосағы осы салада абыройлы қызмет етіп жүр. «Шындығында, күйеуіммен осы қызметке келген соң танысып, өміріміз жұптасты. Алғашқы кездері азаматтық салаға жұмыс ауыстыру ойымда болғанын да жасыра алмаймын. Алайда, отбасылық тақырыбымыздың үйлесімділігі, әңгімеміздің жарасымдылығы менің мамандығыма деген құлшынысымды арттырып, біржолата әскери қызметте қалып қойдым. Рас, әскери өмір, әскери қызмет қандай да бір қиындықтарсыз болмайды. Десе де, бұл шешіміме ешқашан өкінбеймін деп ойлаймын» дейді Ақтоты ағынан жарылып. Өйткені, ағасы да, жолдасы да оны әркез қолдап, қолпаштап, мамандығында кездесетін қиындықтарды еңсеруге көмектесіп жүреді.

«Мен өз мамандығымның пайдалы жақтарының да көп екенін айтқым келеді,- деді байқау үміткері сөзін жалғап, – біздің қоғам әскери әйел қызметшілерге сыйластықпен қарайды, көп жағдайларда сенімділік танытады. Әлия мен Мәншүк секілді батыр қыздарын әркез мақтанышпен, үлкен рухпен еске алады. Мемлекетіміз де біздің саламызға айрықша қамқорлық танытып келеді. Айталық, бала-шағамызды балабақшаға, мектепке орналастыруда ешқандай кедергілерге кездеспейміз».

Құдай басымызға салмасын деп тілеймік, алайда, ел басына қара бұлт үйірілген алағай да бұлағай заманда талай қазақ батыр қыздары өздерінің күш-жігері мен айбынын танытқанын тарихтан білеміз. Томирис, Бопай, Айғаным, Домалақ ана, Хиуаз, Ләззат, Сәбира сынды апаларымыз ерліктің ерен үлгісін көрсеткен. Ақтоты Исламбекқызы да «Батыр арулар» байқауы арқылы бейбіт замандағы қазақ қыздары да қайсар, ержүрек, батыл екенін дәлелдесем дейді.

«Батыр арулар» сайысының ерекшелігі сол, мұнда қыздарымыз кәдуілгі қыз сынындағыдай ісмерлігі мен әсемдігін ғана паш етпейді, жауынгерлігін, шыдамдылығын, қайсарлығын әйгілейді. Бұл жарыс осындай артықшылықтарымен көрпшіліктің қызығушылығын туғызатынын айтуымыз керек.

Старшинаның мынау сөзіне де назар аударсақ: «Жалпы, армияда әйел қызметші мен ер қызметшінің еш айырмасы жоқ деп айтылады. Десе де, біздер – әйелдер бұл салада қатарымыздың көп болмағандығынан, ер-азаматтарымыз аяушылықпен, сыйластықпен қарайды. Сол кезде өзіміздің әйел екенімізді, жанымыздың да, тәніміздің де нәзік екенін сезініп, айрықша күйге енетініміз бар. Осындай сәттер маған ұнайтынын да жасыра алмаймын.

Мен бұл сайыста қазақтың батыр аруының қандай болатындығын көрсетуім керек».

Ақтотының жұмыстан тыс уақыттары көп дей алмаймыз. Алайда, ол қолы босай қалғанда гүл өсіреді. Көбіне отбасы мен балаларына көңіл бөлгенді ұнатады екен.

 

Айылы бекем Айман

«Батыр арулар» байқауына қатысушыларының тізіміне тағы бір жауынгерлік тәжірибесі бар әскери қызметші кірді. Қазақстан Қарулы Күштерінің қыз-келіншек әскери қызметшілері арасындағы сайыс осылайша қыза түсуде. Бірегей байқау қатысушыларының қатарына жауынгерлік тәжірибесі бар қазақстандық армияның жаңа өкілі қосылды. Келісімшарт қызметінің сержанты Айман Рыскелдина 1995 жылдан бастап 2002 жылға дейінгі жеті жыл көлемінде тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған. Әскери қызметші радиотелеграфист болып жұмыс істейді, байланыспен қамтамасыз етуге жауап берді. Сол жерде бүгінгі таңда запастағы майор болып табылатын оның жары да қызмет етті.

2005 жылдан бастап Айман Рыскелдина Павлодар облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде қызмет өткеріп келеді. Бүгінде ол радиостанция командирі – станция бастығы лауазымын абыроймен атқаруда. «Әскери қызметші болу – менің сара жолым. Мен бұны бала кезімнен армандадым және Қарулы Күштерге саналы түрде бет бұрдым.  Бәлкім, кейбіреулер әскерде нәзік жандыларға орын жоқ деп айтуы мүмкін. Алайда, бұл – жаңсақ пікір. Мұнымен келіспеймін. Мен өзімнің әскери қызметтегі дара жолымды таптым» дейді Айман. 

Қазіргі уақытта Қазақстанның Қарулы Күштерінде қыз-келіншек әскери қызметшілер арасындағы «Батыр арулар» екінші республикалық байқауына өтінімдерді қабылдау жалғасып жатқанын еске сала кетейік.  Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, байқауға қатысуға ниет білдіргендердің барлығына сауалнамаларын 25 наурызға дейін беріп үлгеру қажет. Одан кейін өтінімдерді қабылдау және байқаудың бірінші кезеңі аяқталады. Екінші кезеңде халықтың дауыс беруі арқылы қазақстандық армияның он екі үздік өкілі анықталады. Дауыс беру 2016 жылғы сәуірдің 1-і мен маусымның 15-і аралығында өтеді. 
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"