Әскердегі әйелдер кәсіби біліктілігімен ерекшеленеді

Дана халқымыз қыз-келіншектерді ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балап, ерекше құрмет көрсеткен. Халық эпосындағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, одан бергі Домалақ ана мен Айша бибі, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай, ел билеген Айғаным, Ұлпан ана – ел басына күн туғанда ер азаматтардың жігерін жанып, жүрегіне от берген қазақтың қаһарман қыздары. Бүгінгі бейбіт заманда еліміздің Қарулы Күштеріндегі әскерилердің 10 пайызы қыз-келіншектер.

Әскердегі әйелдер жүктелген міндетті атқаруда тиянақтылығымен, жауаптылығымен, белсенділігімен, әрі кәсіби біліктілігімен ерекшеленеді. Олар – жеке құрамның әскери тәртібін  күшейтуде де әскери бөлім командирлері мен олардың орынбасарларының сенімді серігі. Әскердегі әріптестеріне үлгі болып жүрген қазақ әйелдері қандай құрметке болса да лайық.   

 Майор Рашида Жанатаева, Семей өңірлік гарнизоны әскери полиция жасағының тәрбие және идеологиялық бөлімінің (идеологиялық жұмыстар және арнайы насихаттау жөніндегі) аға офицері: «Мен үшін ержүректіліктің үлгісі – қазақ халқының қаһарман қызы Мәншүк Мәметова. Майданның алдыңғы шебінен тілшілерге берген алғашқы сұхбатында: «Мен о баста дәрігер болуға талпындым. Бірақ ол мақсатымды соғыс орындатпады. Өз тілегіммен майданға келдім. Ал штабта қағаз жазып отырғанда не бітіремін. Небір жайсаң азаматтар жауды жайпап, өздері де қыршын кетіп жатқанда менің жаным солардан артық па еді! Соғыс сұрапылының бәріне төзгім келді. Бас сауғалауға арым бармайды. Тек кейде ауырып қаламын ба деп қорқамын. Мен өзімді-өзім мүлде өзгертіп, кейбір қатал командирлерге ұқсағым да келеді. Өзім басқаратын пулемет расчетында жақсы да, нашарлау да адамдар бар. Олардың бәріне бірдей мен жақсы көрінгім келмейді. Тәуір істерін жақтап, мақтап, нашарларын жөнге салсам – командирлік міндеттің орындалғаны ғой деп ойлаймын», деген екен. Мәншүк ер-азаматтармен қатар жер бауырлап жорғалады. Суда жүзіп, қалың ну ормандардан өтті. Пулеметтен шебер атуды үйренді. Тіпті 21-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының ең үздік пулеметші-атқышы атағына ие болды. Аға сержант Мәншүк Мәметова өмірінің соңғы минутына дейін шайқасты. Шексіз батырлық емей немене?!»

   Әділет капитаны Еркежан Дүйсенбаева, Шығыс аймағының әскери прокурорының аға көмекшісі: «Қазіргі таңда еліміздің Қарулы Күштерінен басқа да әскери құрылымдарда әскери қызметін атқарып жүрген әйелдер көп. Себебі, әскерде лайықты жалақы, әлеуметтік қамсыздандырылу, қол жетімді тұрғын үй алу мүмкіндігі зор. Қыз-келіншектердің арасында келісім-шарт бойынша қызметте жүріп, әскери оқу орындарында оқып жатқандар бар. Ер-азаматтардан еш қалыспай, оқу-жаттығуларында алғы шепте жүргендері де жетерлік. Мәселен, қол жекпе-жегінен спорт шебері, дзю-до және самбо күресінен спорт шеберлігіне үміткер, ТМД және ҚР Қарулы Күштері арасындағы жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері, аға сержант Әсем Жәкенованы мақтан тұтамыз. Еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту жолында қызмет етіп жүрген арулардың орны ерекше. Әскери әйелдердің өмірге деген құлшынысы, келешекке ұмтылысы, оң көзқарасы өзгелердің сый-құрметін арттыра түседі. Өз күш-жігерін игілікті іске жұмсайтыны да қуантады. Барлығының бастарын біріктірген нәрсе - нәзік әйел, сүйікті жар, мейірімді ана болғандығы. Өмірдің қиын кезеңінде жеке басын ойлап шетте қалмай, көмегін көрсетететін, жаны жайсаң, жүрегі кең, пейілі ақ – тағы да осы әйелдер қауымы».

   Капитан Торғын Сүбебаева, 44736 әскери бөлімі тәрбие және идеологиялық бөлімінің офицер психологы: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 44736 әскери бөлімінде 2006 жылдан бері қызмет етемін. Алғашқы екі жылда әскери бөлімде штаттан тыс психолог қызметін атқарып, 2008 жылдың наурыз айынан бастап офицер-психолог лауазымына тағайындалдым. Психолог – күрделі де қызықты мамандық, ал әскерде психолог болу – екі есе жауапты іс. Этикалық нормаларды басшылыққа ала отырып, әрбір әскери қызметшінің жан дүниесін терең түсіну, әрі дұрыс кеңес бере білуің аса маңызды. Маған өз мамандығым ерекше ұнайды. Әскери қызметшілермен жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің міндеттерін орындауда психологиялық іс-шараларды жоспарлап, ұйымдастырудағы қиыншылықтарды жеңе білуде өмірлік серігім – Серікхан үнемі қолдау көрсетіп келеді. Ол да әскери адам. Әрине, әскерде қызмет ету қыз-келіншектер үшін оңай шаруа емес. Дегенмен әйел көлікті де жүргізе алады. Ұшақты да басқарады. Әскерде әйелдің өз орнын табуына мүмкіншілік жеткілікті. Ол үшін қара күш емес, біліктілік керек. Себебі, армияның тәртібі өзгеше. Ал, тәртіпсіз әскер болмайды».

   3 сынып сержанты Айгүл Дәулетова: «Әскери қызмет – қиындығы мен қызығы мол өмір мектебі. Әскери ант қабылдаған соң, еліңе мүлтіксіз қызмет ету – абыройлы іс. Әскердегі әйелдер – ел басына қиын-қыстау күн туғанда Отанын неміс-фашист басқыншыларынан қорғаған Әлия мен Мәншүк, Хиуаз апаларымыздың жауынгерлік жолының ізін басушылар. Айналасына сұлулық пен жылулық, шаттық сыйлап жүрер әйел қашанда өз болмысынан танбайтыны белгілі. Өйткені, әйел отбасында аяулы жар, мейірімді ана. Болмысы нәзік болғанымен де, жүректері айбатты. Мен үшін еліміздің Қарулы Күштерінде қызмет ету – үлкен абырой. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 54835 әскери бөлімінің сұлуларын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын! Шаңырақтарында әрдайым береке мен бірлік болып, жүректерінен нұр шашыла берсін!»


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"