«Армиялық авиация ұшқыштар құрамының сыныптық біліктілігін арттыру және дайындау жөніндегі» оқу-жаттығу жиыны өтті

«Талғат аға, ұшаққа отырғанда ең алдымен не нәрсе есіңізге түсетін еді?» деген сұраққа: «Ұшақта барлық адам жанын шүберекке түйіп отырады ғой. Марқұм әжем үйреткен дұғаны айтатынмын», - деп жауап берген екен Ұлы Отан соғысы кезінде ИЛ–2 шабуылдаушы ұшағымен 305 мәрте көкке көтеріліп, 500 сағаттан артық ұшқан, жаудың «Мессершмитт-109» жойғыш ұшағын атып түсіріп, ерлігімен әлемдік авиация тарихында аты қалған, 23 жасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов. 54835 әскери бөлімінің ұшу алаңындағы көп мақсатты Ми-8МТ тікұшағына отырғанда бойды іштей қорқыныш билегені рас. Бәрін басынан бастайын.

Әскери бөлімнің жауынгерлік жолы

   1930-шы жылдары Маньчжурияда жапондықтардың қатысуымен құрылған Маньчжоу-Го марионетті мемлекеті агрессорлар әскерінің КСРО мен Моңғолияның шекарасында болуына мүмкіндік берді. Жаудың қахарын ескерген Кеңестер Одағы 40-қа жуық дивизияны Қиыр Шығыста әзірледі. Кеңестік қолбасшылық 1945 жылдың мамыр-маусым айларында су бөгеттерінде, таулы және орманды жерде жауынгерлік тәжірибе жинақтаған  Карель майданы мен 2-ші Украин майданын Батыстан Қиыр Шығысқа жіберді. Кеңестік Қарулы Күштер соғыс қимылын тамыздың 9-ында бастап, 23 күннің ішінде Квантун армиясының күл-талқанын шығарды. Олардың қатарында 1944 жылы 14 наурызда Моңғол Халық Республикасының Ундер-Хан қаласында құрылған 54835 әскери бөлімі де болды. Ұрыс қимылдары кезінде жеке құрам барлауға 37 мәрте шығып, 116 жауынгерлік ұшу жасады. «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен 224 адам марапатталды. Соғыс аяқталған соң әскери бөлімге Одақтың әуе шекарасында жауынгерлік күзетті сапалы жүргізу міндеті жүктелді. Құрылған күннен бастап бөлім 14 рет қайта қаруланды. Ұшқыштар И-16, Як-9, Як-3, Як-17Б, МиГ-15 бис, МиГ-17, МиГ-17ПФ, МиГ-19, Як-25, Як-28, Су-9, Ту-128, Миг-31, МиГ-31б, По-2, Як-9В, Як-25М, Ту-124, МиГ-25, Ми-8 секілді сан түрлі авиация техникасын меңгеруде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Әскери бөлімнің даму кезеңдері:

1 кезең (1944-1947 жылдар) – әскери бөлімнің құрылып, ҰОС қатысуы;

2 кезең (1947-1960 жылдар) – Забайкалье әскери округінің құрамында болуы;

3 кезең (1960-1989 жылдар) – Сібір әскери округының құрамында болуы;

4 кезең (1989-1991 жылдар) – Ташкент әуе шабуылына қарсы қорғаныс

                                                    армиясының құрамында болуы;

5 кезең (1992-1997 жылдар) – ҚР ҚК Әуе шабуылына қарсы қорғаныс

                                                    әскерлерінің құрамында болуы;

6 кезең (01.08.1997-31.05.1998) – ҚР Әскери Әуе күштерінің құрамында болу;

7 кезең (01.06.1998) – ҚР ӘҚК құрамында болуы;

8 кезең (01.06.1999) – авиация базасы болып қайта құрылуы;

9 кезең (01.11.2002) – авиация комендатурасы болып қайта құрылу кезеңі.

Ұшудағы кәсіби біліктілік

   Әуе кемесінің экипаж мүшелері ұшуды орындауға дайындықсыз ешқашан жіберілмейді. Ұшуға дайындық жалпы, алдын-ала және ұшу алдындағы дайындық деп үшке бөлінеді. Жалпы дайындық оқу жылына бекітілген жауынгерлік әзірліктің жоспарына сәйкес, әр айдың соңында 2 күннің ішінде өткізіледі. Ол авиациялық бөлімнің штаб бастығының ұйымдастыруымен, құрылым командирлерінің жетекшілігімен жүзеге асырылады. Алдын-ала дайындық дегеніміз – нақты ұшу тапсырмаларын орындау әзірлігіне ұшқыштар құрамын келтіру. Ал, әуе кемесі экипажының ұшу алдындағы дайындығы метеорологиялық, орнитологиялық, әуедегі және жердегі (теңіздегі) жағдайға қарай жасалады. Экипаж мүшелеріне ұшар алдында сегіз сағаттық ұйқы керек, таңғы асты ішкені де міндетті түрде тексеріледі. Ұшқыш дәрігерден соң, психологқа экспресс-тест тапсырады. Сынақтан сүрінбей өткендер ғана ұшу алаңына жіберіледі.

   Ұшу алаңындағы Ми-8МТ тікұшағына отыруға 54835 әскери бөлімінің командирі, полковник Талғат Серікұлы Сыздықов рұқсат берді. Тікұшақты әскери ұшқыш, әрі мерген Талғат Сыздықовтың өзі және командирдің ұшу қауіпсіздігі жөніндегі орынбасары подполковник Қайрат Тугелов басқарды. Тікұшақ орнынан қозғалып барып, қайта қонды. Осылайша бірнеше мәрте жаттыққан соң, көкке көтерілді. Біресе оңға, біресе солға жамбастап та ұшты. Алдымен жекеленіп, кейін жұптасты. Екінші Ми-8МТ тікұшағының штурвалында командирдің жауынгерлік әзірлік жөніндегі орынбасары – жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі бөлім бастығы подполковник Дмитрий Попов пен әскери бөлімнің навигация бөлімінің (базаның) штурманы майор Бейсен Пусорманов отырды. Биіктен төмен қарағанда жер-дүние төңкеріліп кететіндей болып еді. Көңілдегі алаңды ұшқыштардың әуе көлігін жүргізудегі ерекше сабырлылығы сейілтті. Бірнеше сағаттың ішінде ұшудың, әуеде ұшақты басқарудың, қонудың тәжірибесі көрсетілді. Ұшқыштардың шеберлігі шыңдалып, әскери техника да сынақтан өтті.  

Кәсіби шеберлікті арттыруға арналған жиын

   54835 әскери бөлімінің базасында өтіп жатқан «Армиялық авиация ұшқыштар құрамының сыныптық біліктілігін арттыру және дайындау жөніндегі» оқу-жаттығу жиынына тап келдік.19132 әскери бөлімінің ұшқыштары да осы жерде. Жиынның көздегені – күрделі метеорологиялық жағдайда ұшу қабілеттілігін жетілдіру.

 

Майор Марат Байғалиев
  Майор Марат Байғалиев, 19132 әскери бөлімінің (Астана қаласы) эскадрилья командирінің орынбасары: «Тәжірибелік сабақтарда биіктіктегі ауаның қысымын, желдің жылдамдығын, бұлттың төменгі шекарасын ескеріп, модернизацияланған Ми-8МТ тікұшағын бағындырдық. Ми-8МТ тікұшағының десантты-көліктік модификациясы десантшыларды түсіру, тасымалдау және эвакуациялау, құрлық әскерлеріне атыс қолдауын көрсету, көздеп бомба лақтыру үшін арналған. Іздестіру-құтқару жұмыстарын атқаратын Ми-8МТБ мен Ми-8МТД, арктикалық құтқарушы Ми-8МА да бар. Ал, танк және зымыран дивизияларының командирлері үшін жасалған Ми-19 бен Ми-19Р тікұшақтық командалық пунктерін айтуға болады. Осындай оқу-жаттығулары жылдың кез-келген мезгілінде және тәуліктің кез-келген уақытында күрделі метеорологиялық жағдайда ұшу шеберлігінің кәсіби деңгейін арттыруға зор мүмкіндік береді».

  

Майор Талғат Тұрғамбаев
 Майор Талғат Тұрғамбаев, эскадрилья командирінің орынбасары- тікұшақтағы штаб бастығы (ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты): «Астанадағы зауыттың EC-145 тікұшағының заманауи басқару және компьютерлік жүйелері маған ерекше ұнайды. Алғашқыда Eurocopter концернінің тікұшағын АҚШ армиясы, Франция жандармериясы мен азаматтық қорғанысы, Германияның федеральді полициясы мен жалпы неміс автомобильді клубы, Марокко корольдігінің жандармериясы, Филиппин жағалау күзеті және тағы басқалары таңдады. Ал, қазақстандық модель жалпы мақсаттағы операцияларды жүзеге асыру үшін бейімделген. Орта көлемдегі тікұшақтардың арасында көш бастаушы. Елімізде шығарылған EC-145 тікұшағының саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Біздің міндетіміз: Ми-8МТ немесе EC-145тікұшақтарын жүргізуді сапалы меңгеру. Себебі, бүгінгі күні әуе шебін қорғаушыларға қойылып отырған талап күшті».

   «Армиялық авиация ұшқыштар құрамының сыныптық біліктілігін арттыру және дайындау жөніндегі» оқу-жаттығу жиыны 19 наурызға дейін жалғасады. 


Cвязанные новости:
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"