Ауған соғысының ардагерінің қарындасына арналған хат

Ауғанстан жеріндегі соғысқа қатысқан 500-ден астам семейліктің 44-і туған еліне қайта оралмады. Екеуі мүлдем хабарсыз кетті. Көзі тірі жауынгерлер кеңес әскерінің Ауғанстан мемлекетіне алғаш енгізілген күн – 25 желтоқсанда, Кеңес әскерінің Ауған жерінен толық шыққан күн - 15 ақпанда және 7 мамыр – Отан қорғаушы күні ескерткіш алдында қаруластарын еске алады.

Айтулы күн қарсаңында жат жерде жан қиған жауынгердің анасы мен ауған ардагерлерінің естеліктерін бергенді жөн санадық.

   Марат ӘБІШЕВ, отставкадағы медицина қызметінің подполковнигі, «Қызыл Жұлдыз» иегері: 

«Біз Витебск 103-ші әуе десанты дивизиясының 350-ші парашютті десант полкі құрамында Ауғанстанға бірінші болып кірдік. Берілген бұйрық бойынша Кабулды, көптеген үкіметтік мекемелерді алдық. Екі жылдың ішінде бейбіт тұрғындарға да көп көмек көрсетілді. «Мұсылман батальоны», артынша екі күннен кейін Баграмға енген тағы бір батальонның көмегімен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жекелеген кішігірім отрядтары «Шторм» операциясына кірісетін болып жоспарланды. 1989 жылдың 23-26 ақпанындағы «Тайфун» операциясы кеңес әскерлерінің ауған жеріндегі ең ақырғы шайқасы болды».

   Рима ҚЫДЫРМАНОВА, Ауғанстан соғысында қаза болған Ермек Қыдырмановтың анасы: «Менің балам 119-шы байланыс училищесін бітіріп, 18 жасында әскер қатарына шақырылды. Бөтен жердің топырағы бұйырса керек, 1984 жылдың 3-ші шілдесінде оққа ұшты. Мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, дәрі-дәрмек те беріліп жатады. Алайда, баламның орнын ешқандай дүние толтыра алмайды ғой... Тағдырдың маңдайымызға жазғаны сол болар. Міне, сары уайымға салынып ұлымды сағынғаныма 32 жылдан асты. Құрбы-құрдастарын көргенде жан-жүрегім езіледі. Шаңырағымыздың отағасы – ақсақалым да дүние салып, енді қос қанатынан айрылған құстай күй кешудемін. Өскелең ұрпақ мұндай қасіретті ешқашан көрмесін!»

   Айдар МАНАСОВ, Ауғанстан соғысының ардагері, запастағы майор: 

«Кабулға алғаш келіп түскенде жан-жақтан оқтың атылып жатқаны, ұшақ пен тікұшақтардың гүрілі, күннің шыжып тұрғаны әлі есімде. Келесі күні Парван провинциясындағы Баграм қаласына келіп жеттік. Бізге ол жердегі ірі әскери аэродромды күзетіп, тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету жүктелді. «Ауғанстанда қорқынышты болды ма?» деген сұрақты маған жиі қояды. Менің ойымша, оқ пен оттың ортасында жүріп, ажалдан қорықпайтын адам болмайды. Бойдағы үрейді, ойдағы күмәнді жеңе білетіндер болады. Біз, интернационалист-жауынгерлер, патриотизм рухында тәрбиеленіп, Отанымызға адал қызмет ету жолында берген сертімізге берік болдық».

   Әділбек БОТАБАЕВ, Ауғанстан соғысының ардагері: 

«Біз, сол кезде жас жігіттер, Ауғанстанға соғыстың мән-жайын ұғар-ұқпастан аттандық. Ең бастысы – Отан алдындағы интернационалдық парызды өтеу жолында әскери антымызға берік болдық. Бір тәулікте 14 адамнан айрылып қалдық, зардабы көп болды. Менің жүрегімде әрбір қарулас жолдасымның бейнесі сақтаулы. Жадымда қайтыс болған күндері жаттаулы. Ауғанстан соғысы – жүректе жазылмайтын жара болып қалды. Сол соғыста болған әрбір жауынгердің есімі мен ерлігі, қажыр-қайраты, бір-біріне деген достығы мен бауырмалдығы, жанкешті тағдыры – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуы тиіс».

   Ерқанат ОМАРОВ, Ауғанстан соғысының ардагері

«Нангархар провинциясына қарайтын Джалалабад және Кунар провинциясының Асадабад қалаларында өткен қиын күндер ешқашан ұмытылмайды. Ол жайындағы естеліктер «Намыстың құлы, Алаштың құлы» кітабына жазылған. Менің командирім Бақытжан Ертаев болды. Өзекті өртейтін өкініш, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жас жігіттердің көбі шаңырақ көтеріп, ұрпақ қызығын көре алмай кетті».

 Бұл осыдан 36 жыл бұрын Ерқанат Омаровтың қарындасына жолдаған үш бу хатынан үзінді: «Амансың ба, Айгүл! Жалынды жауынгерлік сәлеммен ағаң Қанат! Бүгін үш бірдей хат алдым, барлығы да өзіңнен екен. Қалай қуанғанымды білсең ғой... Өзіме келсем: аман-есенмін. Үш сағат бұрын жауынгерлік жорықтан оралдық. Жарты айдың ішінде көптеген провинцияларды аралап, жергілікті басмашылардың көзін құрттық. Күн сайын атыс пен ұрыс болды. Босатылған жерге енді тұрғылықты халық билік етеді.

   Сен білесің бе, Айгүл? Армияға дейін «адам өлтіремін» деген ой менің үш ұйықтасам түсіме кіріп пе? Банданы өлтіру керек. Олардың көзін жоймасаң, өзіңді құртады. Осы жауынгерлік жорықта 12 солдат шейіт болды, 20 адам жарақат алды. Бұл шындық. Сен «ол жақта қорқынышты ма» деп сұрайсың, үйдегілер алаңдамасын деп айтпаймын мұндағы жағдайды. Басқа елдерден келіп жатқан диверсанттар тауға тығылып жатыр. Кейбірі елді-мекендерді аралап, тұрғындарды қорқытып жүр.

   Алғашқыда қанды көргенде жаным түршігетін. Кәзір қанның иісіне, жарақатқа үйреніп қалдым. Ең қиыны – қасыңда жүрген жолдасыңнан көз жазып қалған сәт. Алда не күтіп тұрғанын білмейсің. Кез-келген сәтте өліп кетуің мүмкін... Әскерге бірге шақырылған шымкенттік Саматпен бір ротада болған едік. Үнемі ол, мен, Аманай және Әзілхан бірге жүретінбіз. Қапыда Саматтан  айрылып қалдық. Қарулас досымыздың өлімінен соң тіпті қатыгез болып кеттік. 12 наурыз , 1980 жыл».

Алуа Искакова


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"