ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Құрлық әскерлерінің тілге құрметі

 Құрлық әскерлерінің тілге құрметі

19 қыркүйек күні елордамыз Астана қаласында, дәлірек айтқанда осындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың концерт залында Қарулы Күштерімізге қарасты Құрлық әскерлерінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп аталатын өнер сайысы болып өтті. Қазақстан Республикасы халқының тілдер күні аясында ұйымдастырылған бұл ауқымды шарада алдымен еліміздің Әнұраны шырқалды. Ал, бұдан кейін мінбеге көтерілген Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары, ана тілімізге жанашыр азамат генерал-майор Дулат Темірғалиұлы Адырбеков айтулы шараға қатысты өзінің алғысөзін арнады.

Генерал-майор мырза өз сөзінде алдымен үстіміздегі жылдың 22 тамызы мен 22 қыркүйегі аралығында республика бойынша «Тіл – татулық тірегі» атты айлық жарияланғанын, осы бір тағылымы мол мәдени шарадан қорғаныс саласы да тыс қалмағанын айта келе, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қадір-қасиеті жайында мейлінше баяндап берді. Сондай-ақ, әскердегі қым-қуыт тірлікке қарамай тіл сайысына қатысуға келген сардарларға сәттілік тіледі.

Жалпы, бұл тіл сайысына Құрлық әскерлеріне қарасты 8 команда қатысқан болса, олардың ішіндегі құрамалар санатындағы 5 команда («Алдаспан» («Оңтүстік» ӨҚ), «Шығыс қырандары» («Шығыс» ӨҚ), «Қалқан» («Батыс» ӨҚ), «Достар» («Астана» ӨҚ) және «Дала қырандары» (Десанттық шабуылдаушы әскерлер) жеке бағаланды. Ал, тікелей бағыныстағы 3 командаға («Астаналық бригада» (68665 әскери бөлімі), «Бай-руханият» (54380 әскери бөлімі) және «Елорда» (87962 әскери бөлімі) жеке жүлде тағайындады.

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп айдар тағылған байқаудың басты талабы команда құрамында қатысатын өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді жетік меңгеруі және өз ойын көрерменге жетік жеткізе білуі екен. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Дулат Темірғалиұлы жетекшілік еткен қазылар алқасы да осы негізгі талапты командалардың өнерін бағалау барысында басшылыққа алды.

Байқау үш бөлімнен құралған. Бірінші, барлық командалар өздерін таныстырып шықты. Екінші, әр командаға бекітілген түрлі ұлттың салт-дәстүрін дәріптеді. Үшінші, Елбасы – ҚР ҚК Бас Жоғарғы Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел назарына жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында атқарылған жұмыстар мен түсінік-таным баяндалды.

Аталмыш байқаудың шымылдығын алғаш болып «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығынан келген «Алдаспан» командасы ашты. Бұл команда сахнаға ә, дегеннен шыға қойған жоқ. Елге әйгілі «Көшпенділер» тарихи фильмінің соңында жоңғарларға қаратыла айтылатын қазақтың қанатты сөзімен өз қойылымын бастады және сәтті шықты да. Көрерменнің алған жақсы әсері осыны айғақтайды. Бұдан кейін қазақ, өзбек және татар ұлтының өкілдерінен құралған бұл команда өздерін қазақ тілінде өрнекті өлеңмен таныстырды. Алдымен жыр жолдарын жеке-жеке оқып, ізін ала бірлесіп оқығанда олардың бұл сайыс түріне жақсы әзірленгені байқалып тұрды. Не керек, тілдері жатық екен. Көкейіндегісін көрерменге жеткізе алды.

Сахнаға екінші болып «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Шығыс қырандары» командасы көтерілді. Бұлардың құрамы да қазақ, өзбек және татар ұлтының өкілдерінен құралған екен. Алайда, алғашқы команда секілді бұлар да өздерін өлең жолдарымен таныстырғанымен, оны көрерменге өз деңгейінде жеткізу жағы кемшін түсіп тұрды. Жыр жолдарын алғаш оқыған азамат қана өз ойын мемлекеттік тілде жетік жеткізсе, ал қалғандары сөзден сүрініп жатты.

Өз кезегінде ел-жұртқа өз өнерін ұсынған «Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Қалқан» командасы таныстыруды ұранмен бастады. Содан соң команда мүшелері өздерін жеке-жеке таныстыруға көшті. Бұдан соң әсерлі музыкалық сарынмен «Қазақтың жігіті» әнін бірлесе шырқады. Бұл әуен көрерменді әсерлендіре алды. Команда таныстыру кезінде тек өз аттарын атаумен шектелгендігі болмаса, қалған қойылымдары тыңдарманды баурай алды.

Кезек «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Достар» командасына келді. Таныстыру алдымен тілдің қадір-қасиеті туралы толғаныстан басталды. Бұдан кейін команда мүшелері өздерін таныстырды. Қазақ тілінде қанық һәм анық сөйлей алмағандықтан ба, әлде жалынды екпін жетпегендіктен бе, бұл команданың таныстырылымы көрерменді анау айтты тарта алмады.

Құрамалар арасындағы соңғы таныстыру үрдісі Десанттық шабуылдаушы әскерлерінің «Дала қыраны» командасына бұйырды. Бұлар да өздерін өлеңмен таныстырды. Құрамында ұйғыр, неміс, татар және шешен ұлтының өкілдері бар екен. Мемлекеттік тілге жатық. Ойларын тыңдарманға жоғары деңгейде жеткізді. Сондықтан болса керек, олардың бұл талпынысын көрермен қауым да өте жылы қабылдады. Ал, таныстырылым соңында гитараның сүйемелдеуінде шырқалған «Десант» әні жұртшылықтың көңілін бір серпілткені анық.

Бұдан кейінгі кезек тікелей бағыныстағы әскери бөлімдерден келген командаларға берілді. Көшті 54380 әскери бөлімінің «Бай-руханият» командасы бастады. Әдеттегідей бұлар да өздерін алдымен таныстырып шықты. Команда құрамында ұйғыр, орыс және әзірбайжан ұлтының өкілдері бар екен. Таныстырылым барысында олардың ішіндегі қазақ қызы ғана өз сөзін жетік жеткізе алды. Ойларын орташа деңгейде жеткізе алған қалғандары байланысшыларға арналған қазақша әнге келгенде екінші тыныстары ашылды ма, әйтеуін сөзді жеткізу мәнері айшықтала түсті.

Екінші болып өнер көрсеткен 68665 әскери бөлімінен келген «Астаналық бригада» командасы өз таныстырылымын ел-жұртты ә, дегеннен баурап алатын «Елім менің» әнімен бастады. Осы әннің желісімен сарбаздар сап түзеп сахнаға шықты. Қаруларын асынған олар саптық өнерін халыққа паш етті. Сайысқа түскен команда қазақ, орыс және өзбек ұлтының өкілдерінен құралған екен. Өз-өзін таныстыру барысында өзге ұлт өкілдері сөзден сүрінгені болмаса, жалпы қойылым жап-жақсы-ақ даярланған.

Бөлімдер арасындағы таныстыру үрдісін 87962 әскери бөлімінің «Елорда» командасы тәмамдады. Бұлар сахнаға әскери тәртіпке сай бұйрықпен сап түзеп шықты. Бұдан бұрынғы бәсекелестері секілді бұлар да өздерін таныстырып, команда ұранын бірлесе жеткізді. Әйтсе де, кей әріптестері секілді кейбірі сөзден сүрініп жатты.

Командалардың өз-өздерін таныстыру үдерісін сырттай бақылап отырған қазылар алқасы тіл тазалығын негізге ала отырып, әр топқа тиесілі бағасын берді. Нәтижесінде құрамалар санатындағы командалардың ішінен сайыстың бірінші түрі бойынша 24 ұпаймен «Дала қырандары» командасы алға шықты. Ал, тікелей бағыныстағы әскери бөлімдер бойынша 22 ұпаймен «Бай-Руханият» командасы көш бастады.

Сайыстың екінші түрі командалардың өздеріне тапсырма ретінде берілген ұлттың салт-дәстүрін сахналық қойылым арқылы көрсетуге арналды. Бұл ретте, құрамалар арасындағы «Алдаспан» командасы Тәжік ұлтының Келін түсіру салтын ұлттық нақышқа толы сән-салтанатымен көрсетсе, «Айбалта» командасы Украин ұлтының славиян халықтарына тән «Купала» мейрамын сахналады. Мұнда бірыңғай би болғанымен, аталмыш мейрамның сән-салтанаты  осы бидің аясында көрініс тапты. Ал, «Қалқан» командасы да Өзбек ұлтының «Хорезм» биімен салт-дәстүрді айшықтамақ болып еді, бірақ бұлардың бұл талпынысы өз деңгейінде жүзеге асқан жоқ. Бидің аясында қосымша ұлттық нақыштар болғанда құба-құп болар еді. Келесі кезекте сахна төріне көтерілген «Достар» командасы да Украин ұлтының салт-дәстүрін дәріптеді. Олар қойылымды осы ұлттың әнімен бастады. Содан соң «Көрісу» деп аталатын дәстүрін паш етті. «Дала қырандары» командасы Кәріс ұлтының бірнеше дәстүрін сахнаға алып шықты. Яғни, көрермен назарына баланың 1 жасқа болған және ата-ананың 60 жасқа толған мерейтойлары кәріс жұртында қалай атап өтілетіні сахналанды.

Тікелей бағыныстағы әскери бөлімдерден құралған командалардың ішіндегі «Бай-Руханият» пен «Астаналық бригада» командалары қазақтың салт-дәстүрін жан-жақты айшықтап берсе, «Елорда» командасы Шешен ұлтының «Кілем мен сыпырғы» және «Келін түсіру» дәстүрін сахналап шықты.

Сайыстың екінші бөлімінде 25 ұпаймен «Алдаспан» командасы мен «Бай-Руханият» командалары алдыңғы орыннан көрінді.

Байқаудың соңғы бөлімі, яғни Рухани жаңғыру мәселесіне арналған тапсырмаға командалардың әзірлігі көрерменнің көңілін көншіте қойған жоқ. Басым бөлігі жаттанды баяндамалардан құралды. Бұл тұрғыда тек «Бай-Руханият» командасының ғана өзіндік өзгешілігі байқалды. Сондықтан болса керек, қазылардың бұл сайыс түріне қатысушыларды бағалауы да мардымсыз болды.

Сонымен, үш сайыс түрінің нәтижесі бойынша құрамалар санатындағы топтар арасында «Дала қыраны» командасы, ал тікелей бағыныстағы әскери бөлімдер арасында «Бай-Руханият» командасы топты жарды. Сондай-ақ, бұл сайыста «Алдаспан», «Айбалта» және «Астаналық бригада» мен «Елорда» командалары да жүлдегер атанды.

  Сөз соңында айтарымыз,  жалпылама алғанда бұл байқауға қатысқан командалардың мемлекеттік тілге деген құрметіне іштей риза болдық. Әрине, сайыс болған соң әзірлік мәселесі керек-ақ. Осы жағынан осал тұстарын байғанымызда, қазылар алқасының төрағасы болған Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Дулат Темірғалиұлы Адырбеков мырзаның «Бүгінгі таңда Қарулы Күштерімізде жаппай жауынгерлік даярлық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Осындай қым-қуыт тіршілікке қарамай, тіл мейрамына әскери қызметшілерімізді тарттық. Бір сөзбен айтқанда, «Сардарларды окоптан суырып алдық» деген сүбелі сөзі күпті көңілімізді сейілткендей болды. Бастысы, төл әскеріміздің мемлекеттік тіл – ана тілімізге деген көзқарасы көңіл қуантады. Осы орайда, Құрлық әскерлерінде бірталай жылдан бері ана тіліміздің айбынын асқақтатып жүрген, тіл жанашыры подполковник Манарбек Ибраһим мырзаға алғысымыз шексіз.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Что ждет военнослужащих после внесения изменений в законодательство о воинской службе?

Что ждет военнослужащих после внесения изменений в законодательство о воинской службе?