«Көктем шуағына" бөленген бұрымдылар

 «Көктем шуағына" бөленген бұрымдылар

Елбасының игі дәстүрі бар. Жыл сайын Ақордада адамзаттың анасы – әйелдер қауымымен жүздеседі.  Емен-жарқын әңгіме де өрбітеді.  Кездесуге келгендердің де көңілі жайланып, ерекше күй кешеді. Сондай әсерге бөленген әскери қыз-келіншектер жоқ емес. Бүгін
соңғы бес жылда Президентпен бас қосу бұйырған сол бұрымдылар жайында ой қозғағанды жөн көрдік.

«КӨКТЕМ ШУАҒЫНА» БӨЛЕНГЕН БҰРЫМДЫЛАР

Санитарлық-нұсқаушы Нәзигүл

2012 жыл. Ақорда. Әйелдер қауымы Президентпен жүздеспек. Көбісі қобалжулы. Олардың қатарында Нәзигүл де бар. Көп балалы аналар, әртістер, спортшылар, дәрігерлер мен мұғалімдердің арасында ол «менмұндалап» әскери киіммен отыр. Есік ашылып, Елбасы да ішке енді.
«Сол сәтте залдың көгілдір қабырғалары өте қатты жылдамдықта айналып кетті. Есімнен айрылып қаламын-ау деп ойлап кеттім. Бірақ Елбасы амандасып, емен-жарқын сөйлескенде қорқынышым кәдімгідей басылды», дейді Нәзигүл өткен күнді еске ала.
Нәзигүлдің Елбасымен кездесемін деген ойы үш ұйықтаса түсіне кірмепті.
«Әлі есімде, далалық оқу-жаттығу полигонында жүрген едім. Бригада командирі шақыртып жатыр деген бұйрық келді. Командир дәл сол күні Астана қаласына жету керектігімді жеткізді. Түнделетіп Астанаға ұшып келдік. Ертесімен Қорғаныс министрлігіне бардым. Жалғыз мен емес, сол жерден Қарулы Күштер атынан төрт қыз Ақордаға атандық. Ол жерде ана тілімізде, әдеби тілде және мәнерлеп сөйлеуімізді тексерді. Төрт қыздың ішінен таңдау маған түсті. Сөйтіп, Мемлекет басшысымен кездесу бақыты бұйырды» дейді ол.
Ол кезде Нәзигүл ҚР ҚМ әскери бөлімінің десанттық шабуылдау батальонының санитарлық-нұсқаушысы еді. 2005 жылдан бастап Аэромобильді әскерлерінде. Қызметінде жетістігі де жоқ емес. 2008 жылы «Аэромобильді әскерлер аруы» атағын иеленді. 2010 жылы Астана қаласында өткен әскери парадқа қатысты. «ҚР ҚК Аэромобильді әскерлерінің құрылғанына –10 жыл» медалімен де марапатталған-ды.
Оның үстіне, 7 рет парашютпен секіргені бар. Алғашқы секіруі – тіптен ерек.
«Соны және бала арманымды кездесуде тілге тиек еттім», дейді санитар. «Мен сіздің көк аспанды ұнататыныңызды білемін. Мен де сіз секілді оны ұнатамын. Әлі есімде, мектепте оқып жүргенде анам: «ауылға Президент келді» деді. Аулаға жүгіріп шығып аспанға қарасам, тікұшақтар ұшып барады екен. Ал көшеде жауынгерлер саптық адыммен өтіп бара жатты. Мен сол кезде сарбаздардың айтқан әндеріне, киген киімдеріне, жүрген жүрістеріне қатты қызықтым. Солардың қатарына қосылуды армандадым. 2004 жылы арманым орындалып, Аэроұтқыр әскерлерінде қызмет атқаруға кірістім.
Өзімнің парашютпен алғаш секіргенімді әлі есімде. Көзімді жұмып алғанмын. 3-ке дейін санап, парашюттің сақинасын жұлып алдым. Көзімді ашсам ауада ілініп тұрғандаймын. Жан-жағым тып-тыныш, бәрі тоқтап қалғандай. Жерге қарасам қағазға түсірген картадай болып көрінді. Осылай мен нағыз десантшы болдым», деп Елбасына жеткізгенім есімде» дейді ол.
Нәзигүл қазір де осы қызметте. Отбасылы, жолдасы да – әскери адам. Отардың тумасы өз ортасына да сыйлы. Нәзигүл Серікқызы Дәрменбаеваны үлгі тұтатын қатарластары Президентпен жүздесуді арман қылады.


Мергендігі мірдің оғындай...

2015 жыл. Ақордада «Дөңгелек үстелде» дидарлана Динара отыр. Әрине, Қазақстанның Қарулы Күштерінен барған біздің әскери қызметшіміз. Шені – аға сержант. Жанында – танымал адамдар. Өзі білетін танымал үш Татьяна (Т.Бурмистрова, Т.Полтавская, Т.Мартыненко), жас әнші Жанар Доғалова, белгілі журналист Ләйлә Сұлтанқызы, бокстан әлем чемпионы Назым Қызайбай және тағы басқалар бар.
Елбасы олармен жете танысты, ортаға таныстырды. Кезек оған келгенде Президент: «Бұл – мерген Динара, байқаңдар, мұның көзіңе тіке қарамаңдар, мергендігі мірдің оғындай...» деп әзілдепті. Қалжыңға бөгіп, күліп отырған қауымға тағы қарап: « Парадтың бәрінде осы қыз жүреді екен, біреуін жібермей келесі жолы қараңдар» деген екен.
«Осылай ол кісі әрқайсымызға сипаттаманы әзілмен жеңіл жеткізді. Бәрімізді бірқалыпты қабылдады. «Дөңгелек үстелден» кейін де отырыс болды. Сол кезде жатсынбай қолымызды алып, амандасты. Бірге бәріміз ән шырқадық. Кездесу осымен есте қалды», дейді кіші сержант.
Сондай-ақ кездесуде ол құрбы тапқанын да жеткізді. Мысалы, қазақтың әніне ғашық әнші Татьяна Бурмистровамен жете араласыпты.
«Татьяна ханыммен құрбымдай қол ұстасып жүрдік. Және сол жерде 6 баланың анасы да болды. Оған да қайран қалдым. Әр әйелдің болмысын білген сайын соларға тәнті болдым және сол қасиеттерін өзіме үлгі тұттым», дейді ол.
Динара Рыспекова сол кезде ҚР Қарулы Күштеріндегі жалғыз мерген қыз еді. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44736 әскери бөлімінде қызмет етті. Ол әйел затына сай емес көрінетін осындай мамандықты шебер меңгерді.
«Мен мерген батырымыз Әлия Молдағұлова туралы фильмді көргенім әлі есімде, әрдайым оның батылдығына сүйсініп, оған ұқсауды армандайтынмын. Бұл оңай мамандық емес. Қар мен жаңбыр, аяз бен боран сияқты ауа-райының түрлі құбылыстарына қарамастан әрқашан командир мен әріптестерді ұятқа қалдырмай оқу-жаттығу тапсырмасы болса да орындауға дайын болуын қажет», - деп әңгімелейді Динара.
Мерген қыз өзінің шеберлігін жаттықтығулар барысында үнемі шыңдады. Сондай-ақ, жоғарыда Жоғарғы Бас Қолбасшы тілге тиек еткендей, әскери парадтарға да қатысып, ел мерейіне бөленді.



«Парадқа қатысу – маған Қазақстан әскері үшін мақтанышымның белгісі. Бұл сезімім Президентіміздің қабылдауында болғаннан бері одан әрі күшейе түсті. Елбасымыз бізді биік істер мен ұмтылыстарға шабыттандырады, - дейді Динара.
Қазір Динара Рыспекова – Қорғаныс министрлігінде әскери-техникалық саясат департаменті құпия іс бөлімшесінің аға маманы. Семейдің келіні атанып, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жайы бар.

Ашық теңіздегі айым

2016 жыл. Көктемнің сәтінде кейіпкеріміз ерекше күй кешті. Бір ай бұрын ескертіп айтылғаннан кейін бе, сәт жақындаған сайын қобалжу да күшейді. Енді, дегенмен екінің бірі Елбасымен кездесуге қол жеткізе бермесі анық. Басшылық солай ұйғарған соң не тұрыс! Көңіл шіркін желдей ескенмен, жүректе толғаныс болғаны рас.
«Президентпен кездесесін дегенде қатты толғандым. Сол сәтке жеткенше, асықтым. Сәт жақындаған сайын, жүрексіндім»,- дейді сондағы күйін жеткізген аруымыз.
Наурыздың 4-і. Мемлекет басшысы Ақордада қоғамымызда орны бар 25 әйелзатымен жүздесті. Сол «Көктем шуағы» атты дәстүрлі кездесудің бел ортасында біздің әскери қызметші Жанар Ыбраева айрықша көңіл-күйге бөленіп отырды. Тебіренісін басып, Елбасыға деген лебізін де жеткізді. Тіпті, Жоғарғы Бас Қолбасшыға қолқа салып, би де биледі.
«Президентіміз өзі әңгіме бастаған сәттен бастап, қобалжуымыз да басылды. Емен-жарқын отыруымызға, жүректегі тебіренісімізді сейілтуге сол кісі сеп болды. Әсіресе, Елбасының ана туралы айтқан аңыз әңгімесі жүрекке тимей қоймады. Қыздың талабына орай жігіт анасының жүрегін суырып алып, сүрініп қалғанда айтатын ана сөзі бар емес пе?! Соны айтқанда бәріміз тереңнен дем алып, көзімізге еріксізден жас алдық.
Күнделікті араласып жүрген адамымыз сияқты әңгімеге тартқан соң ба, сонда жиналған барлық әйел еркін отырып, лебіздерін жылы жеткізді. Мен де өз ризашылығымды білдірдім. Ең қызығы, ол кісіні биге шақырдым. Ол кезде де әр қимылды жаңылыспай, билеуіме дем берді», - дейді жүзі балбұл жайнаған Жанар.
Ақтөбелік ару бала күнінен шексіздікті қалайтын. Кеңістікті жаны сүйетін.
Теміржолшылар отбасында дүниеге келсе де оның жүрегі басқа саланы таңдады. Әскери қызметті. «Бала күнімнен әскерилерге қызыға қарайтынмын. Ерекше киімі, бітім-болмысы сонадайдан тартып тұратын. Содан да болар, әскери болуды қаладым», - дейді ол.
Осы арманы оны еліміздің Қорғаныс саласымен қауыштырды. 2011 жылдан бері Қазақстанның Қарулы Күшінде қызмет етіп келе жатқан Жанар талай қиыншылықты бастан өткерді.
«Бастапқыда қиындықтар болмады емес, болды. Кейбіреулер күмән да келтірді. Қыз баланың қолы емес, алып кете алмайды дегендер де болды. Бірақ, мен намысқа тырысып, нағыз әскери қызметшіге лайықты әрекет еттім».
Иә, «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» дегендей, ештеңеге дес бермей, өзін дәлелдеген жігерлі Жанардың жеткені көп. «Батыр аруларға» да қатысты. Талай халықаралық жарыстарға қатысты.
Бүгінгі күні ол «Орал» зымырандық-артиллериялық кемесіні байланыс жауынгерлік бөлімінің команда старшинасы. Ашық теңіздегі айымды әріптестері ерекше құрмет тұтады.

«Парашюттен секіргеннен гөрі...»

ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері парашют дайындығы орталығында биіктікті бағындырып жүрген бірталай аруларымыз бар. Солардың бірі Римма Рамазанованың еншісіне бақ былтыр бұйырды. Яғни, әріптестері тәрізді Ақордада Президентпен кездесу маңдайына жазды.
Кіші сержант Римма Рамазанова – әлемдік әскери чемпионаттың және республикалық жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері атанған қыз. Айта кетсек, оның қоржынында 5 алтын, 10 күміс, 13 қола медальдары бар. Армия қатарындағы қызметі он жылға таман. 2016 жылы «Батыр арулар» байқауына қатысып, онда да жеңімпаз атанды. 2005 жылдан бастап парашют спортымен айналысатын ол осы күнге дейін 1193 рет секіріс жасаған.
Ержүрек қыздың Елбасымен кездесуі ерекше есінде. Өйткені Мемлекет басшысы мейірімге толы мынадай әңгімесін ортаға салыпты.
«Бір күні» деді Елбасы. – бала мектептен анасына мұғалімінің хатын әкеліп береді. Ана хатты ашып, оқыған соң, көзінен еріксіз жас домалады. Баласы анасынан: «Анашым, неге жыладыңыз?! Хатта не деп жазыпты?» деп сұрай бастады. Анасы оған: «Хатта сені данышпан депті, енді бұл мектеп сені ары қарай оқыта алмайтынын жазыпты.
Сен бұдан былай үйде, ата-ананың қолында өздігімен оқуыңды жалғастыруың керек. Көп жылдар өтеді, анасы өмірден озған. Ол ескі қағаздарды ақтарып отырып, сол бір хатты тауып алады. Онда: «Балаңыз ақыл-есі кем дамыған, енді ол біздің мектепте оқи алмайды» деп жазылыпты.
Ол кісі – Томас Эдисон. Оның жарық шамдарын әлі күнге дейін біз қолданып жүрміз. Ұлы өнертапқыш. Анасының берген бағасы мен үлкен сенімі адамды кемеңгер етті» деген әңгімесі жанымызды толқытты.
Римма мұндай жайтты кездесу аяқталғанша сезінді. Тіпті қуаныштан көзіне жас та үйіріліпті. Бұл жайында ол: «Парашютпен секіруге қарағанда, Президентпен кездесу қиынырақ екенін түсіндім. Бұл – менің өмірімдегі ең толқынысты сәт. Қуаныштан көзіме жас та келді» дейді.
Қазақстан Респуб¬ликасы Қарулы Күштерінің Парашютпен секіруге дайындау орталығының аға маманы Римма Рамазанованың алар биігі әлі алда.

Рима БІЛӘЛҚЫЗЫ


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

Броньды машиналар кәсіпорны

Броньды машиналар кәсіпорны

БКМ "Барыс 8х8"

БКМ "Барыс 8х8"