ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Бағаналы орда – басты орда

 Бағаналы орда – басты орда

Ертең – ел бағына баланған елордамыздың туған күні. Қазір Сарыарқаның төсінде көзтартарлықтай боп бой тіккен бас қалаға қазақстандықтар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келгендер де тамсана қарап, сүйсінуде.
Бұл – елін сүйген Елбасының ерен еңбегі. Елорда десе әуелі Елбасыны ауызға алар жөніміз бар...

Әлқисса

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, осыдан 23 жыл бұрын, яғни 1994 жылдың 6 шілдесінде ҚР Жоғарғы Кеңесінің елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Қаулысымен басты қадам басталған екен. Ал, үш жылдан соң 1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі оның мәртебесін түпкілікті өзгертті. Сөйтіп, көп кешікпей ресми түрде Астана болып өзгертілген жас қала жаңадан тыныстанды.

Ол кезде біз Ақмолаға арман қуып келген студенттердің бірі едік. Ақмоланың болашағына, ертеңгі келешегімізге сендік. Өйткені, бұл жерге табан тіреген жылы, яғни 1995 жылы бізге еліміздің астанасын көшіру жөніндегі Президент  Жарлығы мәлім болды. Соның негізінде солтүстік өңірде біраз бетбұрыстар жүріп жатты. Коммуналдық шаруашылық (алғашқы жылдары жарық сөніп, ыстық су үнемі бола бермейтін) реттеліп, көшелер тәртіпке келтіріліп жатқан-ды. Әсіресе, қаланың орталық бөлігіне көп мән беріліп,  құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанының куәсі болдық. Сол кезде студент-біздер университеттегі тәлімгерлерімізден жиі естуші едік: «Бұл қаланың болашағы жарқын. Сендер соның кемел келешегісіңдер!», дегенді. Осылайша жаңа қаланың тіршілігіне жаңаша леппен келгенбіз.

 

Көші-қон ағылды

Сол жылдары біз сияқты жастар ғана емес, әу бастан-ақ елорданың әлеуетін сезінген ел біртіндеп жас қалаға келе бастады.  Ол кезде қоныс аудару жөніндегі мәселелерді реттеу ісі Президенттің шешімімен 1995 жылдың 20 қарашасында бекітіліп, 1996 жылдың 30 қаңтарында нақтыланды. Жоғарғы және орталық мемлекеттік органдарды көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істей бастады.

Сөйтіп, 1997 жылдан бастап мұнда мемлекеттік органдар біртіндеп көшіп келді. Соның ішінде алғашқылардың легі болып, Көлік және коммуникация, Ауыл шаруашылығы, Ақпарат және қоғамдық келісім министрліктері, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы, Қоныс аудару жөніндегі комиссия аппараты, Қорғаныс министрлігінің оперативтік тобы, Республикалық Ұлан мен Президентті қорғау қызметінің жекеленген құрылымдары, Сыртқы істер, Ішкі істер және Әділет министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті аппаратының жекеленген бөлімшелері келді. Сондай-ақ, осы жылдың 8 қарашасында Ақмола қаласына салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері, сондай-ақ президенттік штандарт жеткізілді. Ал, 3 желтоқсанда жаңа астанада Премьер министрінің канцеляриясы жұмысқа кірісіп, бір жұмадан кейін Парламент депутаттары қоныстанды.

  Бас қала болып бекіді

   1997 жылдың 10 желтоқсанында Президент Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша Қазақстанның астанасы Алматыдан Астанаға көшуінің көптеген себептері болды. Өндірісі дамыған болуы, аграрлы инфрақұрылымының болуы, маңызды транспорттық торап мәртебесі, жағымды экономикалық жағдайда болуы, үйлесімді табиғаты мен халық санының аз болуы – міне, осы факторлардың барлығы оны астаналық мәртебеге лайықты етті.

Ол кезде бұл мекенді біз сияқты көпшілік Ақмола деп білетін. Кейіннен ол атауды Елбасының өзі өзгертті. Бұл жайында : «Шынын айтар болсақ,  –  деп жазды кейіннен «Еуразия жүрегінде» атты кітабында Нұрсұлтан Назарбаев,  – астананың атауын өзгертуге байланысты көп ойланып-толғандым. Сөйтіп жүргенде бірде... Бірде түн ішінде, дәлірек айтқанда түнгі сағат екіде, кенеттен ойыма сап ете қалды  –  Астана!

Астана дегеніміз астана! Қазақша өте әдемі естіледі. Сұлу, жинақы әрі өте әуезді. Орысша және ағылшынша да тура осылай айтылады. Бұл атауда бір батылдық, табандылық пен айқындық реңкі бар — Астана! Астананы көшірудегі біздің үміт-ойымызды білдіретін қысқа да нұсқа атау».

 Сол 1998 жылдың 6 мамырында қалалық мәслихат сессиясында депутаттар қала атауын Астана етіп өзгертуге келісім беруін сұрап, Премьер-Министрге өтініш жасау туралы бірауыздан шешім қабылдады. Тиісті рәсімдер жасалғаннан кейін Қазақстан астанасы жаңа атауға осылай ие болды.

Міне, осылайша дүниеге жас Астана келді. Сол кезден бастап жергілікті тұрғындар аста­налықтар  деген мәртебеге ие болды.  Дәл сол 1997 жылы елордада тұрғын үйдің бағасы күрт көтерілді. Жылдың басында қаладағы жылжымайтын мүліктің құны 150 доллар шамасында болса, аяқ кезінде оның бағасы 250-300 долларға дейін өсті.
 Сөйтіп бас қала боп бекіген жас қала тарихтың жаңа тарауын бастады.

 

Ел әуелеті еселенді

Сол бір жылдары шетелдік басы­лымдардың бірі The Economis газетінде (1998 жылғы 6 маусым күні) төмендегідей мақала жарық көріпті:
«… 300 мың тұрғыны бар Астана қаласы күн санап өсіп келеді. Ғимараттар құрылысы тәулік бойы тоқтаусыз салы­нып жатыр. Инвестиция салған әрбір компанияға салық­тан жеңілдіктер берілген. Аста­наның байланыс жүйесі Ор­талық Азиядағы өзге мем­ле­кеттікіне қарағанда көш ілгері…»

Иә, сол кездегі шетелдік әріптестеріміздің сөзінде жаны бар. Қала тіршілігінде құрылыс дамылсыз жүрді.  Алғашқы жылдары Астанада «Еуразия», «Сұңқар» сияқты 170-тен астам жаңа құрылыс нысаны ашылды. Жалпы, Қазақстандағы өндірістің көлемі 3,8 пайызға өсіп, негізгі капиталға тартылған инвестицияның мөлшері 144 пайызға артты. Былайша айтқанда, жаңа Астананың арқасында ел экономикасына қан жүгірді. 
 Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұрды. Мәртебе  алғалы бері қала құрылысына жүздеген құрылыс компаниялары қатысты.  Жергілікті фирмалармен қатар жаңа қаланы түрік, итальян, француз, швейцария компаниялары тұрғызды. Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада ерекше еуропалық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды.

 Мәртебесі артып, мерейі тасыды

 

Уақыт өте келе, мәртебесіне сай Астана да әлемдік деңгейде танылды. Мәселен, 1998 жылы ЮНЕСКО шешімі Астана қаласын «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танып, медальмен марапаттады. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Астана жоғары атақты иеленді. Астанадағы терең әрі кең көлемді өзгерістер әлемдік ұйымдар назарынан тыс қалмады. 1999 жылдың шілде айында елордамыз ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды. 2003 жылы әлемдік «Moodys Investors Service» рейтингтік агенттігі қаламыздың кредиттік рейтингісін Ва3 –тен (тұрақты) Ва1 –ге (оң) дейін, бірден екі деңгейге көтерді.

Бүгінде елордамызды Мәскеу, Минск, Киев, Кишинев, Ташкент, Рига, Тбилиси, Баку, Каир, Исламабад, Берлин, Будапешт, Варшава, Вильнюс, Анкара, Гданьск (Польша), Ушак (Түркия), Бангкок (Таиланд), Сеул (Корея Республикасы), Амман (Иорданиялық Хашимит Корольдігі) секілді әлемнің жиырма қаласымен достық және бауырластық қарым-қатынастар тығыз байланыстырады.

2000 жылдан бастап, Қазақстан елордасы Астана Мәскеу, Минск, Бішкек және тағы да басқа ЕурАзЭҚтің ірі қалалары мүшелік ететін, әлеуметтік және іскерлік қатынас саласында беделді ұйым болып саналатын Астаналар мен ірі қалалар халықаралық Ассамблеясына (ХҚА) мүше болды.     

Осылайша ел Астанасы саяси, экономикалық-іскерлік қарым-қатынастар мен рухани келісімнің негізгі ордасына айналды. Алғашқы жылдары қаламызға келген қонақтарымыз да осыған көз жеткізді.  Мәселен, 2001 жылы Астанаға келген Рим папасы Иоанн Павел II ұшақтан түскен бойда: «Мен ұлтаралық бейбітшілікке жол ашқан осы жерді үлкен толғаныспен сүйіп отырмын», – деп өз қуанышын жеткізген еді. Ал бір жылдан соң Астанаға табан тіреген БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстан­ның жаңа елордасын көріп, оның өсу деңгейіне таңғалғаны бар.

Аз да болса, азығы мол, жемісі көп осы жылдар ішінде Астана беделі мен қуаты асқан, әлемге өз үлесін қосқан жасампаз қалаға айналды. Жылдар жылжыған сайын жоғары жетістіктерге жетіп, әлемдік қауымдастықты таңғалдырды. Бұл ретте, ең шоқтығы биік, әлемдік деңгейдегі алқалы жиын – 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Астана саммиті, одан кейінгі Азиа­даны айтуға болады.  Бұдан кейінгі  2012 жылы елордамыз күллі түркі дүниесінің мәдени астанасы мәртебесін абыроймен алып шыққанын атамай кете алмаймыз. Бұл жылы қаламызда ұзын саны 18-ден аса ірі халықаралық, 600-ден аса республикалық іс-шаралар өтіпті.

Жыл сайын еселенген кейінгі шараның ішінде ел әскерінің әлеуетін танытып, Қарулы Күштеріміздің қауқарын паш еткен әскери шерулерді айта кетеніміз абзал. Күні кеше Қарулы Күштеріміздің 25 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған әскери парад – соның бірегейі.

Ал, қазір... Әлемнің  161 ел­­дің­ 103-інің қолдауына ие болған «ЭКСПО» көр­­ме­сі маусымның орта тұсында шымылдығын ашып, Астана төрінде алыс-жақын шетел өкілдерін құшақ жая қарсы алуда. Ел мәртебесін арттырар мұндай игі істер лайым таусылмасын. 

Сөз соңы

 

Иә, мұның бәріне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты мен жасампаз істерінің арқасында жеткеніміз хақ. Содан да болар, Елбасы десе елорда, елорда десе Елбасының есімі қоса айтылып, ел санасында ажырамас ұғымға айналды.

Міне, жиырма үш жылда Астана бақ қалаға,  көпті тоғыстырған басты ордаға айналды. Заманмен бірге жасап, елді игілікке бастаған Астана Елбасы барда еңсесі биік, тұғыры биік болатынына кәміл сенімдіміз.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах