Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері бүгінде өздерінің 19 жылдық кәсіби төлмерекелерін атап өтуде. Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері өздерінің шеберліктерін ірі тактикалық оқу-жаттығуларда, практикалық сабақтар мен мемлекеттік ауқымдағы өзге де іс-шараларда бірнеше рет паш етіп жүр.
Әуе қорғанысы күштері әскерлерінің бүгінгі жағдайы ауыз толтырып мақтанышпен айтарлықтай деңгейде. Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында Қазақстанның көк кеңістіктегі қорғаныс қабілеті артты, атап айтсақ, әскери бөлімдер мен бөлімшелерді басқару тиімді жолға қойылып, жауынгерлік қабілеті күшейді. Мәселен, 2015 жылғы әскерімізді қайта жарақтандыруға бағытталған ірі келісімшарттың жүзеге асуы нәтижесінде Ресейден сатып алынған 4++ үлгідегі Су-30СМ жауынгерлік ұшақтары өздерінің жоғары маневрлілігімен және көп функциялылығымен танымал төрт жойғыш ұрыс машинасымен толықты. Оған қоса, бұдан бұрын алынған Ми-171Ш көліктік-жауынгерлік тікұшағын, С-290 С-295 әскери-көлік ұшақтарын былай қойғанда, көптеген елдерде азаматтық және әскери мақсаттарда жаппай қолданылатын Ми-8, Ми-17В5, ЕС-145 қос қозғалтқышты тікұшақтарын, МИГ-29, СУ-27 жойғыш ұшақтарын өз елімізде жаңғырту және жөндеу жұмыстары жолға қойылды.
Сонымен қатар, Әуе қорғанысы күштері жыл сайын халықаралық деңгейдегі көптеген жауынгерлік оқу жаттығуларына қатысады. Олардың ішінде «Айбалта», «Қаратау», «Дала қыраны», «Ашық аспан», «Өзара іс-қимыл», «Мызғымас бауырластық» және басқалары бар. Мысалы, екі жылда бір рет Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына кіретін елдердің ӘШҚ-ның біртұтас жүйесінің шеңберінде «Сарышаған» полигонында «Жауынгерлік достастық» тактикалық оқу-жаттығулары өткізіледі.
Қорғаныс министрінің жеке бастамасының арқасында, ел Президентінің қолдауымен, оның мемлекеттік деңгейде ойлау, Қарулы Күштер мен Әуе қорғанысы күштерінің даму келешегін алдын ала болжай алу қабілеттерінің арқасында жоспарлы түрде ашылған екі әскери жоғары оқу орны қазір жемісті жұмыс істеп тұр. Олар – жас офицерлік кадрлар – ұшқыштарды оқытатын және тәрбиелейтін Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты мен ӘШҚ және байланыс әскерлеріне мамандарды даярлайтын Алматы қаласында орналасқан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты. Аталған оқу орындарының түлектері бүгінде Әуе қорғанысы күштері бөлімдерінің қатарын толықтырып қана қоймай, бірқатарлары аса жауапты лауазымдарда міндеттерін өтеп жүр. Пайдалануға берілген жаңа техникаға сай әскери мамандардың соғыс жағдайына жуық жағдайларда кәсіби шеберлігін жетілдіру мүмкіндіктері де жолға қойылған. Қысқасы, Елбасы мен еліміз сеніп тапсырып отырған көк кеңістігіміздің қорғанысы сенімді қолдарда деп ауыз толтырып айта аламыз.