Тәуелсіздік – мәңгілік ел мұраты. Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жылдығына орай

Әңгімені әріден бастайын. Қазақ қазақ болғалы кең жазира далада арқаны кеңге салып өмір сүрген. Бәлкім құшағына қаншама ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырғаны да осыдан болар. Дегенмен, батысы Еуропамен, шығысы Азиямен жалғасып жатқан дархан жерімізге қаншама ақ сауыт киген асыл ерлеріміздің қаны мен ақ жаулық киген ардақты аналарымыздың көз жасы сіңген. Шұрайлы жеріміз бен мұнайлы өңірімізге көз алартқандар аз болмады. Түрлі саясат ұстанып, елдің ішіне іріткі салып, арандататушылар да болды. Бірақ, қанша жерден жойылып кетуге жақын қалсақ та үзіліп бара жатқан жерден жалғап әкететін, құлап бара жатқан жерден қайта тұрғызатын еңселі ерлеріміз бой көтеретін. Бұның бәрі – ұрпақ қамы болатын.

Өткенін білмейтін елдің болашағын бағдарлай білуі қиын шаруа. Сондықтан сонау сақтардан бастап ұлы Тұран даласын мекендеген, ұлан-ғайыр атырабының ұлтарақтай жері үшін де жанын берген батыр бабаларымыздың ерлігін есте сақтап, бағалай білу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Аты әлемге мәшһүр болған Еділдей ел бастаған баһадүрлеріміз намыстың туын құлатпай, басқаларға ашулы арыстандай көрінгенмен, елім деп ет жүрегі елжіреп тұратын. Осындай оғландарымыздың арқасында Орта Азиядағы орыны бөлек ел атанып, өзгелер бізбен санасатындай, сескене қарайтындай дәрежеге жеткенбіз. Бері қарай келетін болсақ, еліміздің егемен болуына хандығымыздың іргесін қалап, тарыдай шашырап жүрген қаймана қазақтың басын біріктірген Керей мен Жәнібек хандардың да үлестері орасан. Жан-жақтан ширатыла шап бергелі тұрған дұспандардың бетін тек жұмылған жұдырық қана қайтара алатынын білген абзал азаматтар ақылға келді. Тектіден хан сайлап, тентіреп жүргендерді бір тудың астына жинап зор күшке айналды. Сол кезден басталған дара даңғыл Кенесары ханға дейін жалғасын тапты. Өмір деген – өзен сияқты, бір жерінің ағысы баяу болғанмен, бір жерінің ағысы арқырап жатады. Ал кейбір тұсының беті мүлгіп жатқанымен, асыққан ағыс астында, тереңінде жүріп жатады. Сол сияқты Қазақ хандығы да төрт ғасырдан астам уақытта тағдырдың талай сынағынан өтті. Мамыражай күндер де болмады емес, болды, бірақ ұзаққа бармады. Көбінесе көсіле шабар жерімізді қорғаймыз деп сан мыңдаған сарбаздар сауытын киіп, соғыста жүрді. Халқымыз да аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешті. Бірақ, жылдар жылжып, заман ауысқан сайын қаруы мықты қарсыластардың қарқынына қарсы кеуде тосып, бетпе-бет жекпе-жекке шыға берсек тұқымымыздың тұздай құритынын түсінген бабаларымыз көршілес Ресей империясының құрамына кіре бастады. Обал-сауаптың байыбына бара бермейтін бұл елден де опа тапқанымыз шамалы. Шұрайлы жерімізді тарылтып, шұбырған өзге ұлттарды өрттей қаулатты. Тілімізден айырып, діліміден бет бұрғызуға тырысты. Әр заманның өз алыбы болады. Бұл кезде де жігерін намысына жаныған жалынды жүректер ұлты шырағының сөнуіне жол бермеді. Ал екі қолында екі пышағы бар, біреуімен наныңды турап, біреуімен жаныңды тілгілеген орыс отаршылдары қазақтардың басына қара бұлтты үйірте бергілері келді, малдың артында жүріп, білім-ғылым дегеннен бейхабар болуымызды қалады. Осы кезде тарих сахнасына Алаш-Ордалықтар шықты. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болуға» тырысты. Ұйқыдағы ұлттық рухты оятуға талпынды. Оятты! Әр салада зерттеулер жасап, қазақ ғылымының ХХ ғасырдың басында бастау алуына себепкер болды. «Педагогика», «Психология», «Тіл ғылымы» тақырыбында кітаптар шығарып, алғаш терминдерді де қолданысқа енгізді. Бірақ, тағы да тайқы маңдайдағы тағдырдың жазуы жақсы болмады. Сүттің бетіндегі қаймағы болған арыстарымызды айбатына міне бастаған сәтінде репрессияға ұшыратты, атты. Алаш-Ордалықтардың жағып кеткен «нұрлы жұлдыздарының» арқасында надандық орманынан шыққан қазақ саналы түрде ойланып, білім қуа бастады. Екінші дүниежүзілік соғысындағы жеңіс туын тіккен Рақымжан атамыздың ерлігі Отан үшін болған шайқастағы қазақтардың қаншалықты табандылық танытқанын айғақтап тұрғандай. Ал күні кеше ғана болған ызғарлы желтоқсан оқиғасында мұз құрсанып, аяз кешсе де, ақ қарды қызыл қан қылып жатса да қайыспас қайсар мінез танытқан жастарымыз қазақтың «ешбір дұшпан басынбаған, басынан сөз асырмаған ел» екенін тағы бір дәлелдеді. Нәтежиесінде сан ғасырлар бойы ел үшін – елдік үшін, жер үшін – теңдік үшін күрескен бабаларымыздың аңсаған армандары орындалып Қазақ елі – Тәуелсіз елге айналды.

Жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық Қазақ елін Тәуелсіз ел ретінде қарсы алды. Елбасы бір сөзінде: «Ата-бабаларымыздың берген осы кең даласын, осы мемлекеттігін қазіргі ұстап отырған қолымыздан жіберіп алу, ол – өмір-бақи күнә болып саналады. Ал ұстап қалмауымыз тек бірліктің, ынтымақтың ыдырауынан ғана болуы мүмкін», - деген. Демек, адамдар айласын асырып кетуді ойлаған алмағайып уақытта, бір тетікпен бір елді жойып жіберетін жойқын заманда бірлігімізден айырылуымыз – Тәуелсіздігімізден айырылуымызбен тең. Сондықтан, «Тәуелсіздік – Мәңгілік Ел мұраты» деген өзекті тақырыпты көтеру, оны ойы онға бөлінген, жүректеріндегі жалындары сөніп бара жатқан жастардың санасына сіңіру – кезек күттірмейтін шаруа. Әр ісіңді қалт жібермейтін қатыгез қоғамда жүріп елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, жағдайын жыл өткен сайын жақсартып жатқан, әлем мойындаған Елбасымызбен бірге болу – басты мақсат. Сонда ғана Мәңгілік Елге айналамыз. Бейбіт те берекелі ғұмырымыз ұзақ болғай!  

 

Сағидолда Қазбек


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"