Қазақстанның Қарулы Күштерінің қуаты артып келеді

Алғаш тәуелсіздік алған жылдары қандай едік, бүгін қандаймыз?! Қазақстанның Қарулы Күштері де елмен бірге дамып, елмен бірге заманауи талаптарға сай жетіле түсуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының  Жарлығымен 1992 жылы құрылған Қарулы Күштер алғашқы бес жылда талай қиындықты бастан кешірді. Ол кездері Әскери кадрлар жетіспеуі, техниканың ескілігі, жанармайдың тапшылығы үлкен қолбайлау еді. Соның бәріне төзіп, шыдамдылық танытып, тығырықтан шығатын жол таба білдік. Сол алғашқы қалыптасу кезеңдер Қазақстанның әскери тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.

Қазіргі Қарулы Күштердің алдында үлкен міндеттер тұр. Жыл сайын паркімізді әскери техниканың соңғы үлгілерімен белгілі деңгейде жаңартып келеміз. Бұл процесс енді бір 8-9 жылда Қарулы Күштерімізді әлемдік озық негізгі әскери күштер талаптарына сай толығырақ жарақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде мына бір жайға назар аудару керек. Әлемнің бірде-бір елінің армиясы қазіргі заманғы әскери техникамен 100 пайыз қамтамасыз етілмеген. Өйткені әр техниканың белгілі уақытта ауыстырылуға тиісті өмір сүру циклі болады. Мерзімі келгенде конструкторлар оларды одан әрі жетілдіру, қуатын арттыру бағытында жұмыстар жүргізеді. Сол тұрғыдан келгенде біздің Қарулы Күштерімізде де стратегиялық маңызды көрсеткіштер үнемі анықталып отырады.  Мәселен, әлемдік әскери қару нарығындағы өзгерістерді, соңғы кездерде әр жерде болып жатқан соғыстар мен қарулы қақтығыстарды зерттей отырып, Қорғаныс министрлігінде, Бас штабта осы негізгі көрсеткіштерді ұдайы үйлестіріп отыруға назар аударылған. Ал бұл Қарулы Күштеріміз ең озық әскери техникамен жарақтандырыла береді деген сөз.  
Мемлекет тарапынан әскерилер үшін барлық жағдай жасалған. Қарулы Күштер бөлімдері үнемі түрлі деңгейде оқу-жат­тығулар өткізіп, әскери шеберлігін, кәсіби біліктілігін көтеріп отырады.
Біз Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындамыз. Жыл сайын ұйымға мүше мемлекеттер әскерлерімен бірге әскери жаттығуларға қатысамыз. Жылдам әрі шалт қимылдайтын мобильді әскеріміздің бары сол жаттығуларда анық байқалады. Заманауи техника мен қару, білікті әскери мамандар кез келген жағдайда алға қойған мақсатына жете алады.                                      
Өздеріңіз жақсы білесіздер, жақында еліміздің жаңадан Әскери доктринасы қабылданды. Бұл доктринада айтылғандай мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы қақтығыстардың алдын алуға, әскери құрылыс ісіне, сондай-ақ, ұлттық мүдделерді қорғау және Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдануға негіз болатын көзқарастар жүйесі болып табылады.
Бүгінгі таңда еліміз геосаяси ортасы сапалы өзгерістерді басынан кешіруде. Ел қауіпсіздігіне экстремизмнің таралуы, әскери қақтығыстардың өршуі, біздің шекарамызға тікелей таяу жерде жаңа ядролық мемлекеттердің пайда болуы секілді жаңа қатерлер пайда болуда. Мұндай жаңа қатерлер онымен санасуды және тиісті шаралар қабылдауды талап етеді.
Әскері қуатты ел ғана алаңсыз өмір сүреді. Бүгін Қазақстан Қарулы Күштері сол тұрғыда жан-жақты жетілдірілу үстінде. Сондықтан, еліміздің тыныштығы берік қолда деп толық сеніммен айтуға болады.

Абай  ТАСБОЛАТОВ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі



Кибер шабуылдардан  қорғана білетін армия ғана ХХІ  ғасыр талаптарына сай  болмақ

Қазақстан  Қарулы күштері ХХІ ғасыр талаптарына жауап бере алатын, елдің қауіпсіздігін күзетіп, мүдделерін қорғауға қауқарлы  құрылымға айналды.  Әскеріміз жасақталған 25 жыл ішінде көптеген өзгерістерді бастан кешіргені жасырын емес. Техникалық тұрғыда  жарақтандырылуы да көңілден шығады.  
Қорғаныс  саласына қатысты өзіміздің өндірістеріміз де бар.  Әскери  бюджетіміздің көлемі де аз емес.  Дегенмен,  Қарулы  күштерді қару-жарақпен  қамтамасыз ету  мәселесінде әлі де атқарылса дейтін  шаруалар бар. Мүмкіндік болса,  бронды техникалар мен ұшақтардың соңғы буынына қол жеткізсек дейсің. Яғни 4+++   деңгейлі  техникаларымыз болса дейсің. Одан бөлек,  әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуы,  армияда қызмет етіп  жүрген келісімшарт әскерлеріне қатысты  әлеуметтік-моралдық мәселелерді  дер кезінде шешіп отырсақ деген де тілек бар. Мәселен,  келісімшарт бойынша әскери  қызмет атқарып  жүрген  азаматтардың жоғары білімділері көп болып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Айтпақшы,  армия туралы айтқанда  еліміздің әскери  доктринасына тоқталмай кетуге  болмайды.  Жалпы,  Қазақстан әу бастан  әскери  доктринасында қорғаныс мақсатын көздейтіні айтып келеді.  Биыл қабылданған  доктрина да солай.  Соңғы құжаттағы  бір артықшылық  кибер және ақпараттық шабуылға тосқауыл  қою мәселесіне ерекше  көңіл бөлінген.  Осы мақсатта арнайы құрылымдар да  жасақталыпты. Заманауи армия үшін бұл бөлімдер өте қажет болып саналады. Кибер шабуылдардан  қорғана білетін армия ғана іс жүзінде ХХІ  ғасыр талаптарына сай  болмақ.
Амангелді Құрмет
журналист


    Еліміздің қорғаныс саласы айтарлықтай дамыды

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері қорғаныс саласы айтарлықтай дамыды. Бұрынғы ата-бабаларымыз ат тұяғы жетер жердің барлығына ту қадап, белгі қалдырған болса, бүгінгі ұрпағына тиген төңірек ұшқан құстың қанаты талар, жортқан аттың тұяғы тозар ұлан-байтақ Алтай мен Атыраудың арасы. Асты қазына, үсті құт пен берекеге толы киелі мекенге әуелден-ақ көз сүзгендер аз болған жоқ.
    Егемен ел болып, етек-жеңімізді жапқаннан кейін мемлекеттіктің, елдіктің еркін көрінісі ретінде әуелі шекарамызды бекітсек, соны кірпік қақпай қарауылдайтын әскерімізді жасақтау да маңызды болды. Кешегі жауынгер жұрттың ұрпағы енді қырағы қарауылмен қатар білікті бітімгер, құрыштай қорған болуы керектігін жете ұқты.
    Сол жолда Бауыржан Момышұлының, Қасым Қайсеновтің, Рақымжан Қошқарбаевтың қайсарлығын үлгі етсе, Сағадаттың сардарлығын, Ертаевтың ерлігін, Бигелдиновтің батырлығын, Тоқтаровтың табандылығын жанына серік етті.
    Ал осындай ата жолын жалғаған ұрпақтың мықты болмауға, жүректі болмауға, ел үшін екіленген жаудан да, етек басқан дұшпаннан да қаймықпасы анық. Оған қоса Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген Қолбасшының қарамағында қызмет атқару бүгінгі жауынгерлердің жанына рух, жүрегіне жігер, санасына намыс, көңіліне асқақ сенім ұялатары анық.
    Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштеріміздің халықаралық деңгейдегі түрлі шараларға қатысуы, сондай деңгейдегі түрлі іс-шараларды жыл сайын өз елімізде ұйымдастыруы да бұл саланың әлеуетін арттырып келеді. Халықаралық әскери сайыстар, парадтар, техникалық көрмелер мен ғылыми конференциялар еліміздің бүгінгі қорғаныс саласының мызғымастығынан көрініс береді.
    Бұл жолда еліміздің қорғаныс саласы БАҚ өкілдерін де тыс қалдырып отырған жоқ. Жыл сайын журналистерге арналған «Әскери дискурстар» ұйымдастырып, осы салада жазатын, сюжет дайындайтын журналистердің біліктілігін арттырып келеді. Әрбір істің ел игілігі үшін жасалатыны анық. Ал сол істің халық назарына жетіп, елден қолдау табуы тікелей насихат жұмыстарына байланысты. Ендеше еліміздің Қорғаныс саласы бұл тұрғыда да алдыңғы қатардан көрініп отыр.

«Республикалық Радио» ЖШС, Қазақ радиосы,
«Сарбаз» бағдарламасының жүргізушісі
Мәдина Махамбетқызы



Кәсіби әскер жасақтай алдық

Мемлекеттің негізгі тірегі, қорғаны ол ¬– әскер. Біз, «Қазақ жауынгер халық» дегенді жиі айтамыз. Расында да, тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, қазақ халқының өмірінде де әскери іске байланысты құқықтық әдет-ғұрыптар мен заңдар аз болмағанын аңғаруға болады. Сонау Тәуке ханның тұсындағы «Жеті Жарғыға» сәйкес, сол кездегі қару асынуға жарайтын әрбір ер адамның барлығы қоғамның толық мүшесі ретінде қару асынып жүруге тиісті болған деген дерек айтылады. Егер қазақ сондай жауынгер ұлт болмағанда, әскери дайындықсыз, қарусыз болғанда осыншама жерді анталаған жаудан аман алып қалмас еді.
Азат ел болу үшін ұмтылған алаш арыстары да жан алысып, жан берісіп жүріп қазақ әскерін құрды. Одан бергі екінші дүние жүзілік соғысы кезінде Бауыржан, Қасым, Әлия, Мәншүк секілді батырларымыздың ерлікпен аттары шықты. Бүгінгі әскеріміздің де әлеуеті кісі қуантарлықтай. «Қарулы Күштердегі қызмет қазақстандықтар үшін біздің Отан қорғаған бабаларымыздың ерлік дәстүрлерінен тамыр тартқан патриотизм мектебі», – деп Елбасы бекер айтқан жоқ.
Тәуелсіздік алған жылдары барлық сала секілді қазақ әскерінің жағдайы да  тым ауыр болды. Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерін жасақтау оңайға соққан жоқ. Деректерге сүйенсек әскери кадыр тапшылығы болғаны соншалық, Бас штабтың әскери академиясын бітіргендер не бары үш-ақ адам болған екен. Яғни, армия жасақтайтын кезде офицерлеріміз де болмаған. Ең алғаш Қазақстан Қарулы Күштері құрылған кезде қазақ ұлтынан екі ғана генерал болған. Бірі – генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетов, екіншісі генерал-майор Мұхтар Алтынбаев. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі ретінде Сағадат Нұрмағамбетовты тағайындаса, оның орынбасары ретінде Мұхтар Алтынбаевты тағайындаған еді.
Ал қазір елімізде жүздеген генералдар әскери салада  қызмет жасауда. Бұл да сол уақыттан бері жасалып жатқан қаншама жұмыстың нәтижесі деуге болады. Яғни, біз кәсіби әскер жасақтай алдық.  
Азамат Қасым
«Әскер Медия – 2017» фестивальінің жеңімпазы

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"