Қазақстан Тәуелсіздігіне - 25 жыл: Тәуелсіздік және Елбасы

Қазақстан Тәуелсіздігіне - 25 жыл: Тәуелсіздік және Елбасы

Қадірменді, оқырман қауым. Назарларыңызға ел тәулсіздігінің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін материалды ұсынып отырмыз. Мұнда елдегі бірқатар белгілі тарихшы-ғалымдардың тұшымды ой-пікірлері мен нақты тұжырымдары топтастырылған.
Қазақ хандығының құрылуына дейінгі ұзақ тарихи кезеңде ұлан-байтақ Орталық Азия өңірін мекендеген түркі тілдес ру-тайпалардың ортақ аумақта өмір сүріп, бірте-бірте бірігуі мен дамуы арқылы өз алдына қазақ халқы болып қалыптасу процесінің алғышарттары қалыптасты. Ежелгі заманның тарихи деректері бүгінгі қазақ ұлтының арғы тегі сақ, үйсін, ғұн және қаңлы тайпалары екенін көрсетеді. Жүргізілген ғылыми зерттеулер Қазақстандағы номадизм тарихы біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырдан бастау алатынын дәлелдейді, осы кезеңде алғашқы этномәдени қауымдастықтар қалыптасып, олардың күн көрісі шаруашылық жүргізудің жаңа тәсілі – көшпелі мал шаруашылығымен байланысты болды.

 Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: “Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтаған халық” – деп айтуы көп жағдайды аңғартса керек.

Алаш орда үкіметінің негізін қалаушы мемлекет қайраткері Райымжан Мәрсеков: «Халық болған соң, халықтың мекен қылып, жайлап жүретін жері, суы болады. Жері, суы бар болса, өзінің билігі, өз тізгіні өзінде болған, әмір иелері өзінде болған халық, сол мемлекет болып табылады»- деген екен. 

 Демек, халық және оның өмір сүретін территориясы, сондай-ақ, сол халықтың тәуелсіз билігі орнаған болса, ол халықтың мемлекеттілігі бар деген сөз. Олай болса, қазақ қашан халық болды, қай уақыттан бастап иен даланы мекендеді, қашаннан бері тәуелсіз ел болды деген мәселенің басын ашып алсақ.

 «Қазақ хандығы» XV ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына шыққанымен, қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым әріде жатыр. Бұл туралы көне тарихымызды зерттеп  жүрген белгілі тарихшы ғалымдар: «Азия даласында алғаш салтанат құрған көшпелілердің бірі хұндар (ғұндар). Тарих ғылымында қазақ халқының этногенездік бір тармағы хұндар екендігі анықталған ақиқат. Ал хұндар жалпы тұркі тайпаларының қайнар-бұлағы болып табылады. Демек, хұн-түркі тайпалары ұзақ тарихи даму барысында өзіне тән мәдениет қалыптастырып (М.И көшпелі өркениет), көптеген дербес ұлттарға айналып кетті. Бірақ, солардың ішінде ерте замандағы көшпелі тіршілік формасы мен дүниетанымын таяу заманға дейін біршама толық сақтаған ұлттардың бірі қазақтар болып табылады» - деп қазақ мемлекеттілігінің тарихын хұн дәуіріне (б.э.б V-IV ғасырлар) апарып тірейді.

 Мемлекет және құқық теориясы ғылымының теоретиктері көшпелі елдердің тұрақты әскер ұстамауына байланысты, сондай-ақ, әскери әлеуеті бар кез-келген күш иесі билікке қол жеткізе алатындықтан, мұндай жоғары саяси ұйымға мемлекеттілікке өту кезеңіндегі «әскери-демократиялық қауымдастықтар» деп анықтама жасаған. Бірақ, бұл еуроцентризмнен туындаған көзқарас. Батыс ғалымдары не десе де, біз Сақ, Хұн, Түрік бірлестіктерін «мемлекет» деп танимыз. Осы себептен де мемлекеттілікті тек отырықшылық мәдениетке негіздеу дұрыс емес. Демек, Сақ, Үйсін, Қаңлы, Хұн, Түрік бірлестіктері көшпелі және жартылай көшпелі ғұмыр кешкен мемлекет санатына жатады.

 Мемлекеттілік қашан қалыптасты деген мәселеде, қазақ халқының өмір сүрген кеңістігі - мемлекеттігіміздің айшықты көрінісі бола алады. Себебі, мемлекеттіліктің міндетті бес белгісінің бірі - оның территориясы екені көпшілікке мәлім.

 Түркілік дүниетаным бойынша ел билеу үшін әскери әлеуетіңнен бұрын «алтын ұрықтың» сарқыты болуың шарт.  Бағзы түріктің түсінігі бойынша бойына Құдайдың құты дарыған харизматикалық тұлға ғана мемлекет құра алады.

 Қазақ елі өз тәуелсіздік ғасырының бестен бірін толтырды. Бұл мерзім адам өмірімен есептегенде де, тарихи тұрғыдан алып қарағанда да көп уақыт емес. Бірақ осы бір қысқа мерзімге қарамастан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жабуы бүкіл дүниежүзінің назарын өзіне еріксіз аударған болатын. Осы бір батыл қадамның нәтижесінде мемлекетіміздің тәуелсіздігінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді.  Әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет құрып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды.

 Қазақ елі тәуелсіздігінің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтеріп, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрған – Елбасымыздың аз жылдың аясында туған елін әлемдік қауымдастыққа танытқандығына, өзгелермен бірге өз халқымыз да куә.

 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты,  ел тәуелсіздігін аманат  етті, жауапкершілік жүгін арқалатты, халық өздері таңдаған Көшбасшысының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Еліміз бен халқымыздың сол сенімін Елбасының толық ақтап отырғандығына да осы күндері көзіміз анық жетіп отыр.

 Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуге арналған салтанат сол жылдың, яғни 1991 жылдың 10 желтоқсанында болған еді. Президенттің қызметіне кірісу және ант беру салтанаты ежелгі халықтық дәстүр мен қазіргі өркениет үлгілерінің айшықталған жағдайында өтті. Президент ежелгі дәстүр бойынша ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қойып, ант берді.   

 Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: – Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмыт­қанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік бе­лестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабамның аруағына сүйенемін,–деп тебірене ағынан жарылды.

 Президентке бүкіл халық атынан өкілдік берілгеннен кейін 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң» қабылданды.Тарих бізге 1991 жылдың 16-желтоқсанынан бас­тап Тәуелсіз мемлекет құрудың сыбағасын ұсынды. Сөйтіп, еліміздің тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары, азаттықтың арпалысқа толы ақ жолы басталып еді. Елбасы өзінің туған халқына деген сеніммен тәуекел деп тәуелсіз елдің іргетасын қалауды, оны нығайтуды қолға алған болатын.

 Елбасы Назарбаев өзіне сенім артқан өз халқына ең бір қиын жылдардың өзінде орындалуы мүмкін болмайтын мәселеге байланысты ешқандай уәде бермеді. Халқының алдындағы беделі сонысымен де арта түсті. Егер уәде бере қалса, бәрін де орындады. Бойындағы туа біткен қасиеті және өмірлік тәжірибемен бекіген төзім­шіл­дігі, сабырлығы, ұстамдылығы бар Тұң­ғыш Президентіміз бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын сая­саткер және дара тұлға екендігін танытты. Н. Назарбаевтың Ұлт Көшбасшысы екендігін  Парламент қабылдаған Конституциялық Заңнан көп бұрын-ақ халықтың өзі мойындаған еді.

 Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай,  уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлес­тіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі  даралығымен бірден әлем назарын аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Елбасының өз кезінде: – Кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді, – деп айтқанын осы күндері еске ала отырып, яғни, билік үшін күрес­тегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйсіндіреді.

 Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды. Қазақстанның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы бола алды. 1994 жылы Н. Назарбаев астананы көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екі ұдай пікір туғызған болатын. Дүние тарихында өз тәуелсіз мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезе­ңінде бір де бір мемлекет басшысы  мұндай түбе­гейлі батыл қадамға барған да емес.

 Жаңа астананың салынуы және көшірілуі рекорд­тық аса қысқа мерзімде өтті. Бұл қадам дағдарыс кезеңінде қазақстандықтардың әлеуметтік опти­мизміне қолдау жасау үшін өте маңызды еді. Астана елдің өткенінен болашаққа, жаңа дәуірге ауысуының нышандық оқиғасына айналды. Жас елдің мүмкіндіктері әлемге паш етілді. Астана саяси және экономикалық қана емес, сонымен бірге Назарбаевтың жеке, адами жобасына да, ұлттық тарихтың жаңа келбетіне де айналды.

 Мемлекеттің, оның басшылығының қандай саясат жүргізуіне, қандай бағыт және жол таңдағанына  сәйкес саяси құрылым, саяси жүйе, саяси билік түрі орнайды. Аталған саяси жүйе мен билік түрі және елдің саяси бағыты жаңадан тәуелсіздік ал­ған елдердің таңдаған даму үрдісіне және сол елдің басшылығының жүргізген саясатына байланысты да қалыптасады. Сол сияқты тәуелсіздік алғанына жиырма бір жыл толған Қазақстанның да жаңа мемлекеттілікті қалыптастырудан бастап өзіндік мемлекеттік құрылыстағы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы, елдің қоғамдық өмірінің кезең-кезеңімен демократияландыру бағытындағы қазақстандық жолы қалыптасты.

 «Назарбаевтың нұсқасы» деп аталған бұл стратегия шетелдік саясаттанушылар мен қайраткер­лердің оң бағасына ие болуымен қатар қазақстандықтардың да басым көпшілігінің қолдауына ие болды. Бұл қолдаудың дәйектілігі мен шынайылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің Тұң­ғыш Президенті ретінде де, тәуелсіз елімізді өт­­пе­лі кезеңнің ауыр қиыншылығынан алып шығуда және оның бұл бағыттағы жүргізіп отырған саясатымен байланысты болған Парламент және Президент сайлауларында айқын жеңіске жетуінен де көрініс тауып келеді.

 Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанның өзіндік даму жолын таңдауы туралы бастамасы алғаш рет 1992 жылы мамыр айында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында» жария етілді.

Тәуелсіз еліміздің бағытын айқындауда, оқиғаны болжап білуде, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты стратегиясының қажеттігін баса көрсеткен Елбасы Н. Назарбаев аталған еңбегінде мемлекет алдында қойылып отырған нақты стратегиялық мақсаттарды белгілеп берді. Мемлекет басшысы еліміздің саясат саласындағы басым бағыты жас егеменді мемлекеттің күшті президенттік республика құру бағытына тікелей байланысты болу қажеттілігіне назар аудартты.

 Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жү­зеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы атал­ған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н. Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам – тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді.  

 Бұл жол тек экономикалық үлгіні таңдауға, жалпы конституциялық ережелерді қабылдауға, пре­зиденттік күшті билікті орнықтыруды ғана емес, со­нымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымды және конфессионалдық қатынастарды қамтудың да саяси үлгісі болатын. Қазіргі уақытта бұл үлгі дү­ниежүзінде, беделді халықаралық ұйымдарда және республикамыздың өзінде де аса жоғары бағаланып отыр. Қазақстанда жиырма жылға таяу уақыт бойы этникалық және діни өзара түсіністіктің сақталуы көп жағдайда қазақстандық жолдың мәр­тебесін арттыра түседі. Бұл жолдың оңтайлы шешілуінің және тиімділігінің Қазақстан Прези­дентінің атымен байланыстырылуы да қазақстандық қоғамның Ұлт Көшбасшысының төңіре­гіне одан әрі топтаса түсу қажеттілігін айқындайды.      

 Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның даму тарихын бізге өткеннен іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, біздің өзіміз тәуелсіз елімізбен бірге өмір сүріп келеміз. Тәуелсіздіктің қиыншылығын да, жемісі мен жеңісін де, тіпті әрбір қадамын өзіміз де бірге көріп, бірге ілгері жылжудамыз. Содан да болар елдің бүгінгі жетістігі мен табысы құдай берген несібе сияқты болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, оның олай емес­тігін, тәуелсіз елдің бүгінгі әлем сүйсініп отырған жетістігін біз  өзіміздің өткенімізбен және бүгініміз­бен салыстыра отырып, тәуелсіздіктің жиырма бір жыл­дық жолын еңсеру бізге оңайға түспегендігін, мұның сарабдал жолында Еласының даналығы мен көрегендігі жатқандығын айтқанымыз дұрыс.

 Ел тәуелсіздігінің басында тұрған, өтпелі кезеңнің барлық қиыншылығын еңсеріп, мемлеке­тімізді саяси, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстарға соқтырмай, бүгінгі көз көрген ынтымақ пен жетістікке қол жеткізген еліміздің Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегін, дұрыс таңдаған саясатын әлем жұртшылығы да мойындауда.

 Қазір тәуелсіз қазақ елінің тарихы жасалды. Бірақ оны қазақ елінің Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкіл халықтық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін де емес. Өйткені,  батыстық саясаткерлер мен қайраткерлер де Қазақстанның бүгінгі табыстарын оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Солардың бірі ағылшын публицисі, саяси еңбектерімен белгілі Дж. Айткен мырза «Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы» деген еңбегінде Қазақстанды әлемдік қауымдастықпен таныстырудың, оның жетістіктерін жеткізудің кілті Назарбаев тұлғасында екендігін мойындайды және аталған кітабын осы бағытта жазады. Қазақстанды қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, өркендеу жолындағы, жыл сайынғы өрлеу бағытындағы мемлекетке айналдыруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басты рөл атқарғанын әлемнің басқа саясаттанушылары да үнемі айтып жүр. Бұның өзі де еліміздегі мемлекет тізгінінің сенімді қолда екендігін еліміз ғана емес басқа елдерге де мойындатуды білдірді.

 1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында өткен митингіде Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың: –Тәуелсіздіктің біздің бәрі­мізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өз­ге ұлт өкілдеріне де жетеді. Тарих көші ұзақ. Асық­сақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін,–деп айтқан сөзінің бүгінгі күні шындыққа айналғанын көріп отырмыз. Тәуел­сіз­діктің алғашқы таңында айтылған бұл сөздің ақиқатқа айналуына да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық сеніміне лайық бола алу қасиеті мен берілген уәделерді орындауы және қажымас қайраты мен табандылығы, көреген саясаткерлігі себеп болғанын мойындағандар жетіп артылады. Сонымен бірге Қазақстан халқы еліміздің жасампаз бүгіні мен жарқын болашағының кепілдігін Елбасымен байланыстырады.

 Тәуелсіздіктің бастауында болған Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев ел ертеңін де айқындады. Тәуелсіздік десек, ең алдымен оның бастауында болған, оны нық сеніммен алға апарған, тәуелсіз ел мемлекеттілігінің негізін қалаған Елбасы ойға келеді. Елбасы десек, қиын-қыстау кезеңде елді басқарып, оны бар қиыншылықтан алып шығып, бүгінгі өркенді дамуға жеткізген Елба­сы мен Ел ертеңі тағы да алдымыздан шығады. Ел ертеңі де өз халқы Елбасы деп атаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басшылығын одан әрі қолға ұстауымен байланыстырылады.

 Елбасының, Ұлт Көшбасшысының еңбегі мен беделін оның өткен қызметін баяндау және ол туралы басқалардың ой-пікірін жеткізу арқылы да бағалауға болады. Қазақстан халқы да Елбасының еңбегін осылай бағалайды.

 Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын және өр­кенді дамуға серпін беретін реформаларды жедел де тиімді жүргізу үшін және бұл мақсатқа жетуде бірінші кезекте халықтың қолдауына ие болатын қабілетті де күшті тұлғаның қажет болатындығын тарих парақтары әлдеқашан дәлелдеген. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай тұлға болды және алдағы уақытта да қажет. Сондықтан да Елбасы, Ел тәуелсіздігі, Ел ертеңі ұғымдарын қастерлей де, қолдай да білуіміз парыз етіледі. Бұл біздің, ұрпақтарымыздың болашағы үшін қажет.

 Өзіміздің ел тәуелсіздігінің тарихы және Елбасының ел егемендігіндегі рөлі жөніндегі ойымызды қорыта айтқанда, аз ғана уақытта Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілі­гімен елімізде экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және саяси түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылғандығын бөле-жара атап көрсету қажет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Елбасы белгілеген және батыл жүргізген бағыт өзін-өзі ақтады және алдағы уақытта да өміршең болатындығын дәлелдеп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүр­гіз­ген бұл саясаты мен бағыты қазіргі уақытта «Қа­зақ­станның даму жолы» ретінде дүниежүзі қауымдастығынан мойындалды. 2012 жылдың 13 қарашасында Қазақатанның БҰҰ адам құқықтары бойынша Кеңесінің мүшесі болып сайлануы да Елбасының қоғамды реформалауға қатысты іс-шараларының әлем тарапынан танылғанын көрсетеді.Қазақстанның Тәуелсіз­дігі мен Елбасы еңбегінің бір-бірімен тығыз ұштасып жатқандығын, олардың бір-бірімен ажырағысыз егіз ұғым екендігін ақиқат есебінде тарих алдымызға тартып отыр. 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений