ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Қарутану саласын арнайы әскери топтарда оқыту мәселелері

Қарутану саласын арнайы әскери топтарда оқыту мәселелері

Егер халық болып қалыптаса бастағанымызға бес ғасыр деп зерделесек, оның тең жарымын жерімізді, суымызды, еркіндігімізді билеген отаршыл жүйенің еншісінде кеткен уақыт деп пайымдасақ, ал Тәуелсіздік мемлекет болған жыл арасы, жарты мың жылдық тарихымыз үшін бір мезеттей-ақ көрінуі мүмкін.

Сонау ғасырлар қатпарына, дәуірлер тереңіне ой жіберіп, өткенімізді өлшесек, әлем жұртшылығы мойындаған дәл осындай айтулы тарихи оқиға болмаған екен. Тарихтың осынау айтулы оқиғаларын халық жадында мәңгі орнатқан: Қасымхан, Ақназар хан, Тәукехан, Есімхан, Абылай хандар есімімен қатар, қазақтың абыройы тасыған дәуірлеріне Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Кенесары, Жанқожа т.б. мәңгі сақталған ұлы есімдермен қатар, ата-бабаларымыздан қалған ұлттық құндылықтардың бірі – қару-жарақ атауларын кейінгі ұрпаққа ұлттық таным мен тағылым тұрғысынан жеткізудің қаншалықты маңызы екендігі өзінен-ақ түсінікті.

 

Бұл күнде ана тілімізде ұмыт бола бастаған әскери қару-жарақ  атаулары тіліміздің сөздік қоры мен құрамында сақталғанмен, олардың қазіргі армия тілінде сирек те болса кездесетінін байқадық. Сондықтан әскери оқу орындарында әскери өнер тарихы пәні аясында қазақтың қарутануын сөз еткені болмаса, арнайы пән ретінде қазақтың Қарутануын оқыту мәселесін жүйелі зерттеп, өз деңгейінде оқытыла қойған жоқ десек, артық айтқанымыз емес. Бұған себеп, әскери оқу орындарында және әскери мамандар арасында кешегі қару-жарақтар бүгінгі армияда қолданыста жоқ деген пікірдің үстем болуынан арнайы қарутану пәніне деген көзқарастың екіұдай пікірде екені ешкімге жасырын емес. Осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында оқу үрдісінде қазақтың қарутану мәселесіне қатысты ежелгі заманнан бері келе жатқан кейбір қару-жарақ атаулары мағынасының танымдық мәнін курсанттарға (тыңдаушыларға) корпоративтік  (бірлестік) немесе тренинг әдісі арқылы қол жеткізуге болады.

Әскери қару-жарақ атауларын қолдануына қарай тілші-ғалым
Т. Байжанов іштей алты топқа бөліп қарастырса, ал археолог-ғалым
А. Шотбаев археологиялық және тарихи мәліметтерге сүйене отырып, оны хронологиялық тұрғыдан үшке бөледі.

Мақала көлеміне орай, жоғарыдағы зерттеушілер пікірлеріне сүйеніп, тек жауынгерлік жарақтардың кейбір түрлеріне (дулыға, оқшантай, күдері белбеу) тоқталуды жөн көрдік.

Әскери мамандар қарутану пәнін оқытуда археологиялық және тарихи деректемелермен бірге, ақын-жырау шығармаларындағы жарақ атаулары мен түрлері туралы жазылған өлең жолдарды да пайдаланғаны абзал. Себебі, жарақ атаулары мен түрлерін курсанттарға (тыңдаушыларға) жалаң күйінде айтқаннан гөрі, әдеби-тілдік фактілерге сүйене отырып, талдап-түсіндіргенде ғана оның танымдық мәні артатыны сөзсіз. Осы орайда, бұл мәселені педагогикалық әдебиеттерде қолданылған бір кездегі корпоративтік (бірлестік) әдісі, бұл күнде белсенді оқыту әдісі ретінде кеңінен қолданып жүрген тренинг арқылы біршама шешімін табуға болады деп ойлаймыз. Білім беруде корпоративтік немесе тренинг әдісінің басты мақсаты білім мен дағдыны меңгерту, жұмыс жағдайында тренинг адамды оқытуда жоспарланған бір немесе бірнеше әрекет түрлерін нәтижелі, жүйелі түрде орындау және мүмкіндіктеріне қарай бағыт-бағдарлау.  Мысалы, тақырып бойынша жарақ түрлерін сабақ үрдісінде, ең алдымен, сабақ құрылымын білім дәрежесі біркелкі немесе әркелкі курсанттарды (тыңдаушыларды) топтастырып, бірнеше топқа бөліп (оқытушының шеберлігіне байланысты) құруға болады: а) дулыға, оның түрлері: 1-ден, дулыға және оның түрлерін анықтау, суреттері мен археологиялық мәліметін  (техникалық сипатын) жинақтау, оларға анықтама (тілдік, тарихи, археология, этнография т.б.) беру; 2-ден, ақын-жырау, жазушы шығармаларынан әдеби-тілдік материалдар (өлеңдер) жинау; 3-ден, дулыға және оның түрлеріне қатысты зерттеуші-ғалымдар пікірлерін жинау; 4-ден, пікірлер негізінде қорытынды жасау және ұсыныс енгізу; 5-ден, сабақ үрдісінде тақырыпты жинақтап, бағалау. Сондай-ақ, бірлестік немесе тренинг барысында топтар мынадай жағдайларға да дайын болуы тиіс, олар: сыпайылық, бірінің сөзін тыңдау немесе тыңдамау, қатты дауыс көтеру, өзімшілдік, шыдамсыздық, жөнсіз күлкі, сабыр сақтау, үзілді-кесілді пікір айту немесе пікірге келіспеу, сөзге келу, селқостық, дөрекілік т.б.Бір сөзбен айтқанда, корпоративтік (бірлестік) немесе тренинг барысында үйрену, білім беру, тәрбиелеу, дамыту, машықтандыру және жаттықтыру, жинақтау ұғымдары сәйкестігін анықтау арқылы жаңа білім дағдысын меңгерту, адамның мінез-құлқы мен басқару қызметі моделіне әсер ету т.б.

Жоғарыда ұсынған тақырып бойынша тренингте оқу материалын:
а) білім беру немесе оқытуды тар және кең көлем шеңберінде шешуде әрекеттегі мәселені талдау, білім және құндылықтарды жүйелі меңгеру үрдісіне негіздеу. Ең алдымен, оқытушы немесе тренинг жетекшісі қатысушы мен орындаушының тақырыпқа қатысты бұрынғы білімдерін тексеру мақсатында сабақтың негізгі тірек қару-жарақ, жарақ сөзіне берілген анықтамаға, оған қатысты олардың көзқарастарын білген дұрыс.

Тілімізде қару-жарақ сөзі туралы Сөздікте: «ҚАРУ – ұрыста қолданылатын шабуыл және қорғаныс құралдары. Қарудың алғашқы түрлеріне ағаш найза, шанышқы, шоқпар, сақпан және найза, атқыш құралдар жатады. Кейінірек жақ пен жебе, балта, күрзі, қанжар, семсер, қылыш т.б. қолданылған.

Ер қаруы –  бес қару. Батырдың, жауынгердің бойында табылуға тиісті  найза, қылыш, садақ, шоқпар, айбалта сияқты қарулар.

ҚАРУ-ЖАРАҚ – ұрысқа қолданылатын соғыс құралдары, құрал-сайман.

ҚАРУ-САЙМАН – қару-жарақ, құрал-жабдық.

ЖАРАҚ– жауға қарсы қолданылатын әртүрлі құрал-сайман [ 3, 108.; 105]»,- деп анықтама берілген. Ал жарақ сөзін нақтыласақ, онда ұрыста қолданылатын соғыс құралдарынан қорғану құралы және соғыс құралдарының жабдығы мағынасын білдіреді. Осы орайда, оқытушы немесе тренинг жетекшісі сабақтың тірек сөздері арқылы алға қойған мақсатын толықтай орындайтыны сөзсіз. Сонымен:

Сөздікте: «ДУЛЫҒА -  соғыста батырлар киетін металдан жасалған бас киім; қалпақ. Дулығаның екі жағымен артқы етегіне темір тор ілініп, адамның мойны мен иығын тымақ тәрізді тұтас жауып тұрады. Дулыға батырдың басын сойыл, шоқпар, қылыш және садақ оғынан сақтауға арналған» [3,104],- деп берілсе, оның түрлері туралы: «Дулығалар жасалуына қарай бірнеше түрге: көбелі, құрама, тұтас, қаттама және толғамалы дулыға болып бөлінген. Оларды сыртқы пішін-түріне қарай: қалпақ және бөрік тәріздіге – құрама, тұтас, томағалы дулығаларды; күләпара тәріздіге – көбе, құрама, тұтас, қаттама дулығаларды; тақия (телпек) тәріздіге – құрама, тұтас дулығаны жатқызады. Ең көне түрі көбелі дулығалар киіз, мата, теріден тігілген бас киімге сүйек, металл көбелерді бастыра тігіп жасалынған. Көбелері бас киім астарына қайыспен не шегемен бекітілген. Мұндай дулығалар көбіне көбе сауытпен киілген. Қаттама дулығалар күләпара пішінде жасалып, жібек матадан тігілген астарының ішіне жүн, мақта, кіреуке үзіктері салынған. Кейде бетті қорғау үшін маңдайдан төмен темір тілшілер орнатылады. Орта ғасырдан бастап, дулығалар темірден жасалды. Ыңғайлы болу үшін олар көбінесе бірнеше бөліктен құрастырылып, құрама дулыға деп аталды. Темір дулығаның бір түрі металдан тұтастай құйылып, тұтас дулыға деп аталды. Тұтас дулығаның кейбіреуінде бетті жауып тұру үшін темір томағалары болған. Томағалы дулығалардың қорғаныстық қана емес, ырымдық, магиялық та сипаты болды» [4,280-281],- деп жазады.

Дулығаның бір түрі–ЖЫҒА. Сөздікте: «Жыға – соғыста киетін бас киім. Жығаның төбесі үшкір келеді. Маңдай алды қасқа дейін түсіп тұрады, желке жағына мойынды айнала ұзындығы1-1,5 қарыстай шынжырлы баулар тағылады. Жығаның өзі садақтың оғы өтпес үшін киілсе, шынжырлы баулар мойынды қылыштан сақтау үшін жасалған. Қазір соғыс өнерінің дамуына байланысты жыға қолданылмайды» [3,106],- делінсе, ал Энциклопедияда: «Жыға – ежелгі сақтар мен ғұндар мемлекеттеріндегі, орта ғасырдағы түркі мемлекеттеріндегі ел билеушілері мен әскербасыларының дәрежелік айырым белгісі. Билеушілер мен әскербасылар құстардың қанаты мен қауырсынын дәреже белгісі ретінде бас киімдеріне таққан» [4,352],- деп жазады. 

Б) Тренинг барысында үйрену дегеніміз зерттеу немесе зерттеу арқылы білім, дағды және тәжірибе жинау үрдісі элементіне негіздеу десек, мысалы,

«Алпамыс батыр» жырында:

Осыны айтып Байбөрі

Оқшантайын байланып,

Мойнына мылтық салады-ай [7, 21],- деген жолдардағы оқшантай сөзінің мағынасы қазіргі армияда жиі қолданылатын сайман «магазин» сөзінің мағынасына жақын. Алайда, «магазин» сөзін Қарулы Күштері Жарғысында оқ-дәрінің (патрон) сақталып жатқан күйін назарға алып «оқжатар» [10, 401],-деп, тікелей қазақша аудармасын берген. Сөздікте «оқшантай» сөзінің аудармасын «патронтаж» деп берген [11, 88]. Біздіңше, «магазин» сөзінің «оқжатар» аудармасына балама ретінде «оқшантай» десек, тіліміздің сөздік қорындағы бар сөз арқылы ұлттық әскери терминімізді  байытқан болар едік. Әрине, бұған әскери мамандардың көзқарастары қандай?

Әскери белдік түрі күдері белбеу тіркесі құрамындағы күдері сөзі Сөздікте: «КҮДЕРІ – әбден иі қанып жұмсартылған тері, бұғы, бұзау терілерінен иленіп өңделген былғары. Ол жұмсақ, әрі беті барқыт тәрізді түкті болады. Күдері әр түрлі түске боялады. Күдерінің ерекшелігі майда кеуекті болады. Күдеріден сырт киім, аяқ киім, қолғаптар тігіледі [1,50],- деп берілген. Мысалы:

Ақтамберді жырауда:

Күдеріден бау тағып,

Қамқапты киер ме екеміз?! [12,61].

Махамбетте:

Күдеріден бау тағып,

Сауыт киер күн қайда [6, 66].

Ғалым Р. Сыздықова ақын-жырау шығармаларында күдері сөзі күдірі, көдері вариантында кездесетінін айта келіп: «Н.И. Ильминскийдің сөздігінде күдері – иленген түйе терісінен жасалған портупея (ал портупея дегеніміз қару асыну үшін иықтан асыра тағып жүретін немесе белге байлап жүретін аспа не тартпабау). Сірә, бұл сөздің өткен ғасырдағы дәл мағынасы осы болар, өйткені Ильминский бұл анықтаманы сол кездегі қазақтардан ауызба-ауыз сұрап, жазып алған материалдары бойынша жазып отыр»
[11,102],- деген пікіріне сүйеніп, қазіргі әскерде қолданып жүрген аспа белбеудің мағынасын білдіретін орыс тіліндегі «портупея» сөзін қазақша «күдері белбеу» деп берсек, қазақша баламасы сәтті шыққан аударма болар еді.

Жалпы, корпоративтік (бірлестік) немесе тренинг әдісі отандық және шетелдік білім беру жүйесінде және қоғамның барлық салаларында да кеңінен қолданылады. Бір сөзбен айтқанда, әскери оқу орындарында корпоративтік (бірлестік) немесе тренинг әдісі арқылы қарутану оқыту мәселесін қазіргі заманғы қару-жарақтардың техникалық паспорты аясымен шектелмей, қазақ даласында қолданылған қару-жарақ түрлерін археологиялық, тарихи мәліметтерімен қатар халық ауыз әдебиеті мұраларында кездесетін қазақтың әскери қару-жарақ атауларымен сабақтастыра, кешенді түрде оқытқанда ғана ғылыми танымдық мәні артады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы Жолдауында: «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие» [12],- деп айтқандай, арнайы қазақтың қарутану пәнін оқыту арқылы курсанттардың (тыңдаушылар), төл тарихымызға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларды пәнаралық ғылымдар тоғысымен (тіл, әдебиет, тарих, география, археология және мәдениет т.б.) сабақтастыра отырып, ұлттық қарутану пәнінің қалыптасып дамуына еш күмән тудырмайды.

 

Манасбай Қожанұлы

филология ғылымдарының кандидаты, доцент


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: порядок проведения военного парада в Астане

Инфографика: порядок проведения военного парада в Астане