Мәжіліс мінберінде мәселе көтерген шенді азаматтарымыз депутаттық мандатты қайта иеленді

Мәжіліс мінберінде мәселе көтерген шенді азаматтарымыз депутаттық мандатты қайта иеленді

Өткен аптадағы кезектен тыс сайлау нәтижесінде «Нұр Отан» партиясы 82,2 пайыз дауыс жинап, Мәжілістен 84 мандат иеленді. Аталмыш партияның мүшесі ретінде солардың қатарында кешегі күні еліміздің қорғаныс саласында қызмет еткен шенділеріміз тағы Мәжіліс депутаты атанып отыр.

Әрине, бұған дейін ҚР Парламенті төрінде біраз әскери шенді-шекпенділеріміз халық қалаулысы атанып, ел абыройына бөленіп те жүрді. Қолдағы бар мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алғашқы сайлауында (1995 жылы 9 желтоқсанда) сайланған 67 депутаттың ішінде  аграрлық, мәдени және құқық қорғау салаларының қызметкерлерімен қоса, бір әскери қызметші болған екен.  Екінші сайланымда (1999-2004 ж.ж.) депутаттық корпустың басым көпшілігі инженерлер (30), заңгерлер (22), экономистер (16) болғанымен, ол жолы да Парламент Мәжілісінің төрінен бір әскери қызметшіге орын беріліпті. Кейінгі үшінші сайланымда (2004-2007 ж.ж) бір емес, бірнеше әскери қызметші сайланып, төртінші (2007-2011 ж.ж.), бесінші (2012-2016 ж.ж) сайланымдарда да олардың қатары еселенді. Сол 2004 жылдан 2016 жыл аралығында халықтың қалаулысы атанғандардың қатарында кешегі күні еліміздің Қорғаныс саласында аянбай тер төгіп, Қарулы Күштеріміздің қалыптасуына күш-жігерін сарп еткен, елге есімі танылған жоғары шенді ер азаматтар болды. Мәселен, 2007 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымында депутат болған генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевты, 2012 жылы сайланған бесінші шақырылымындағы  генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен генерал-лейтенант Абай Тасболатовты кейінгі буын да танып қалған болатын. Сондай-ақ, бесінші шақырылымда осы салада қызмет етпесе де, бейбіт заманда қолына қару алып, ауған соғысында жауынгер атанған Бақытбек Смағұл да депутат болып, генерал ағаларының жанынан табылды. Жоғарыда есімі аталған бесінші шақырылымдағы депутаттардың бәрі –«Нұр Отан» республикалық партиясының мүшелігіне қабылданғандар.

Ал, биыл, естеріңізде болса, 20-қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойып, осы бесінші шақырылған Парламент Мәжілісінің жұмысы тоқтаған-ды. Сөйтіп, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20-наурызда өтетін болып белгіленді.

Міне, осылай қаңтар айының соңынан бастап еліміз тағы бір саяси науқанға бет бұрды. Өз кезегінде Парламент Мәжілісі сайлауына депутаттыққа кандидаттарын ұсынуға құқығы бар партиялар партиялық тізімдерін бекітіп, оған  белсене араласты. Сол сайлауға қатысушы жеті партияның  бірі «Нұр Отанның» құрамындағы шенділеріміз де бұл додадан тысқары қалмады. Сөйтіп, сол күні өткен ҚР Парламенті Мәжілісіне және жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау саяси науқанында халқымыз өз таңдауларын жасап, дауыс берді. Ертеңінде Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындыларын жариялап, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауда сайлаушылар дауысы «Нұр Отан» партиясына – 82,15 %,  Қазақстан коммунистік халық партиясына – 7,14, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына – 7,18 %, «Бірлік» саяси партиясына – 0,29 %, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға – 1,18 %,  «Ауыл» халықтық-демократиялық партиоттық партиясына – 2 % бөлінгенін мәлім етті. Осыдан соң Орталық сайлау комиссиясы 7 пайыздық межеден көп дауыс жинаған үш партия арасында Парламент Мәжілісіндегі депутаттық мандаттарды бөлді. Ол заңға сәйкес бөлінген 84 мандатты «Нұр Отан» партиясы, 7 мандатты «Ақ Жол» партиясы, тағы бір 7 мандатты Қазақстан коммунистік халық партиясы иеленіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымындағы депутаттардың есімі анықталды. Соның ішінде, «Нұр Отан» партиясы атынан Мәжіліске сайланған депутаттар тізімінен тағы да біз таныс есімдерді жолықтырдық. Сонымен...

Біз тағы бұдан былай ҚР Парламенті Мәжілісінің төрінен генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевты көретін болдық. «Отанның ұлы болған, басқа елдің құлы болмайды» дегенді жиі айтатын ел ағасын жас өркендеріміз қашан да үлгі тұтып келеді. Сіз қай әскери оқу орнына барыңыз, генералдың осы бір сөзін көңілге тоқыған кейінгі ұрпақты кездестіретіңіз сөзсіз. Тіпті, олар Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылуына, оның қалыптасып, дамуына тер төккен жоғары шенді ел еріне ұқсап, «генерал» болғысы да келеді. Халық қалаулысын қашан да Қарулы Күштер құрылымы құрмет тұтады. Өйткені, ол күш-жігерін осы салаға сарп етті. Бірде бізге: «Түсімде әскери киім киіп, әскери болып жүргенімді жиі көремін. 40 жыл киген шинелімді сағындым», - деп ағынан жарылып еді. Осы сөздің өзінен-ақ Халық қаһарманының әскери саламен біте қайнасқанын аңғаруға болады.

Бесінші шақырылымда сайланған уақытта Бақытжан Ертаев Қорғаныс саласына қатысты мәселелерге бей-жай қарамады. Мәселен, Үкіметке жолдаған кезекті депутаттық сауалында: «Қазіргі заманда жастардың көбі дене бітімдерінің жетілмеуіне қатысты және тиісті білімдерінің болмауына байланысты, сонымен бірге, басқа да себептермен әскер қатарына алынбайтындығы бәрімізге аян. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге шақырылған жас­тарымыздың арасында әскер қата­рына жарамаушылардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Осы­ған орай, қазіргі уақытта әскери құрылыс бөлімдерін қайта құру қажеттігі туындап отыр», – деп, өз алаңдаушылығын танытты. Сондай-ақ, қазақ халқының батыр ұлдары мен қыздары: Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова т.б. құрметіне орден мен медальдар тағайындауды да ұсынып еді. Мұның бәрінде елдік, рухтық тұрғыда ертеңгі ұрпақты тәрбиелеудің мәні жатыр. Келешекте де Мәжілістің төрінен Халық қаһарманының даусымен елдік мүддедегі депутаттық сауалдар жаңғырып шығады деген ойдамыз.

Алтыншы шақырылымында сайланған тағы бір депутатымыздың шені – генерал-лейтенант, осыған дейін ол – Мәжілістің вице-спикері (2015 жылдың қыркүйегінен бастап) болған азамат. Кезінде Республикалық Ұлттық гвардияны басқарып, министрлікте белді қызметтер атқарған генерал-лейтенант Абай Тасболатовты да ел-жұрт жақсы біледі. Қорғаныс саласында мемлекеттік тілдің көсегесін көгертіп, «Әскери іс» атты отыз томдық сөздіктің 12 томының шығуына үлес қосқан әскеридің еңбегін күштік құрылымындағылар күні бүгінге дейін жыр ғып айтып отырады. Ол да Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында Үкімет басшысының атына сауал жолдап, өскелең жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жөнінде қордаланған мәселелерді көтергендердің бірі.  Депутат бір кездері: «Отан­дық патриотизм – бұл елдік­ті, мемлекеттілікті саналы түр­де сезіну. Өз Отаныңның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, ата-ба­ба­ларың мен Отаныңның та­ри­хына құрметпен қарау, сон­дай-ақ, өзіңнің табанақы, маң­дай теріңді туған еліңнің гүл­денуіне арнауды да қосуға болады. Осылай екенін барлығымыз сезсек те бүгінгі күні республика көлемінде жастарға басшылыққа алып, жұмыс жүргізетін патриоттық тәрбие беру жөнінде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалар жоқ», - деп, жастарға осындай мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажеттігін айтып еді.

Тұщымды ой айтып жүрген депутат  келешекте де мәжіліс қабырғасында түйткілді мәселелерді әлі талай  қозғайтынына бек сенімдіміз.

84 мандаттың бірін иеленген «Нұр Отандықтардың» ішінде Қорғаныс саласында қызмет етпесе де, соғыстың жалынын көрген бір азаматымыз бар.  Ол –  Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл.

Бір жиында Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев «Бақытжан қайда болса, Бақытбек сонда» дегенді журналистер жиі айтып жүр. Мен бұл ініме үлкен сенім артамын», - дегені бар еді. Алдыңғы ағалардың ізімен жүрген Бақытбек ағамыз халық қалаулысы бола жүріп, біраз істің басын қайырды. «Сөз анасы  –  сәлемдесу» деп, еліміздің Қарулы Күшіндегі айбынды әскерилердің амандасу рәсіміне өзгеріс енгізуге үлкен септігін тигізді. Содан да болар, бүгінде әскери Жарғы бойынша әскерилер «Армысыздар, сарбаздар!», «Армысыздар, офицер мырзалар!»» деп сәлемдеседі.

Міне, Парламент төрінде бұрынғы «тағында» қалып, орнын сақтап қалған мәжілісмендер – осылар. Осы орайда қайта сайланған халық қалаулылары Қазақстан Парламентінде абыройлы да беделді және өзіндік орны бар Армия генералы, Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаевтың (2010 жылы Президент жарлығымен оны Сенат депутаты етіп тағайындаған) жарқын жолына жетіп, ел абыройына бөленсе екен дейміз. Әманда, солай болғай!


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи