Кейкі батырдың басы өткен аптада елге әкелінді

Кейкі батырдың басы өткен аптада  елге әкелінді

Алаш жұрты ақ сарбасын айтып, өткен аптада Кейкі батыр басының елге оралуын сүйіншіледі. Патшаға да бас имей, қызылдың саясатымен де сыйыс¬пай, тек өз жерінің тұтастығы мен қазақ жұртының бүтіндігі үшін қан төккен Кейкінің басы қылышпен шабылғаннан кейін қызықтап қарайтын үйеме ақсөңке сүйектің бірі ғана саналып, бөтен елдегі музейдің ұлттық байлығы болып еді. Енді міне, қоңыр күзде ұлт рухы асқақтаған мерейлі сәт туды.

Айуандықпен шабылды

Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы – 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген.

Қазақстан ұлттық энциклопедиясындағы мәлімет бойынша, Кейкі Көкембайұлы Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған (ел аузында «июнь жарлығы» деп аталады) Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды. Көтерілісшілердің негізгі қарулы күші - мергендер жасағын басқарған. Көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрған. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс - Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті.

1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батыр қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. Ақыры, 1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А.Токаревтің сөзіне сеніп Торғайға оралған Кейкі жолда оның шын ниетін сезіп қалып, Александр Токаревті сол жерде атып тастайды. Бірақ Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан қызыл әскердің солдаттары, оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршап алып, айуандықпен өлтіреді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алады. Кейкі батырдың басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қояды.  

 

Сыйға тартылды

 

Әдетте «адамның басы – Алланың добы» деуші еді. Ал, Кейкінің басы «адамның добы» болды. Олай дейтініміз,  1926 жылы Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылордаға ауысып жатқан қарбалас шақта орыстың Букинич дейтін ғалымы батырдың басын алып кетеді. Сөйтіп, Санкт-Петербор мұражайына атамыздың басын сыйға тартады. Кейін сол ғалымның аузына қан толып, соған тұншығып, қайтыс болған екен. Мұны кейбіреулер «Кейкі бабамыздың қаны жібермеді, осылайша, ол өз жазасын алды» деседі .
Қазақ зерттеуші ғалымдарының айтуынша, сол мұражайда 6000 бас бар, Кейкінің бас сүйегінің нөмірі – 3383 болған. Бұған негізгі құжаттағы: «3383. череп знаминитого бандита казаха Кейки, уроженец Койдаулский вол., Тургайского у.., казненного в советской перёд. от д.д. Букинича в дар в1926 г. дукументы: записка собирателия. 3/хы-33» деп жазылған жазу дәлел.

Осылай нөмірленген батырдың басы күні бүгінге дейін Санкт-Петербургтегі антропологиялық қордың кунсткамерасында сақталып келді.

 

Қайтаруға тер төкті

Айуандықпен шабылып, сырыққа бір ай бойы шаншылып, одан қала берді сыға тартылған батыр басын ұрпақ қайтарып алуға бірнеше жыл бойы тер төкті. Осы арада еліміздің танымал ғалымдары, Парламент төрінде отырған халық қалаулылары, ұлт жанашырлары бір кісідей атсалысты. Соның бірі – ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбай: «Рас, бұл мәселені мен осыдан се­гіз жыл бұрын қолға алып едім. Ұйым­дастыру жағы бар, зерт­теу мә­селесі бар, қажетті мате­риал­­дарды зерделеу ісі бар, осындай шаруа­ға байланыс­ты жасалатын кешенді жұмыс­ты сол кезде-ақ бастап кеттім. Нәти­жесі­нің қалай болары белгісіз, бұлың­ғыр­лау бас­талған мәселеге қатысты айтылуы тиіс тағы бір жайт, Се­нат депутаты Серік Ақылбай Кейкі батырдың бас сүйегін елге жеткізуде азаматтық үлкен көмегін көрсетті. Серік Ақылбай, бір жағы, Кейкі батырдың жақын туысы да болып келеді. Мемлекетаралық келісіммен ғана іске асатын күрделі мәселе Үкімет тарапынан көрсетілген нақты көмектің нәтижесінде шешімін табатыны белгілі. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­меди­ұлының Кейкі ба­тырдың басына бай­ланыс­ты келісімді пісіру үшін Мәс­кеуге бірнеше рет арнайы сапармен барып қайтқанын ай­та кеткеніміз орынды», дейді.

Айта кетейік, Ресей  тарапымен бас сүйекті Қазақстанға қайтаруға көп жылдан бері келіссөздер жүргізілді. Осы ретте, биылғы 12 тамызда ҚР үкіметінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің өтініші бойынша РФ премьер-министрі Дмитрий Медведев Кейкі батырдың бас сүйегін Астанаға қайтарып беру жағын қарастыруға уәде берген еді.

Елге оралды

Кейкі батырдың бас сүйегін елге қайтару жөнінде уағдаластыққа өткен аптада қол жеткізілді. Сол келісімге сәйкес, қаншама жылдар бойы Петербург қаласында Кунсткамерада тұрған батырдың бас сүйегі бейсенбіде Қазақстанға жеткізілетін болды. Оны естіген батыр ұрпағы таң атпай Астанадағы халықаралық әуежайға жиналды. Алайда, бас сүйектің бұл уақыттан бұрын арнайы рейспен жеткізілуіне байланысты жиналған қауым оны салтанатты түрде қарсы ала алмады,

Кейін белгілі болғандай, еліміздің танымал ғалымы, белгілі этнограф, профессор Нұрсан Әлімбай Ресейде бас сүйекті қабылдап алып, батырдың бас сүйегін арнайы рейспен елге жеткізіпті.

Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұл мәселеге қатысты арнайы жұмыс тобын құрып, соның қорытындысы бойынша, бас сүйек Кейкінікі екендігін дәлелдеді. Бірақ соған қарамастан тиісті ДНҚ-сараптамасы жасалады.  «Батыр бабаның бас сүйегі таңғы 5:30-да Астанаға жеткізілді. Қазіргі күні атақты тұлғаның бас сүйегі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде тұр. Енді ДНҚ деңгейінде биологиялық сараптама жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстармен  мажар ғалымы Андраш Биро айналысады», - деді сол кезде профессор Нұрсан Әлімбай.

Осылай деген профессор  Кейкі батырдың бас сүйегін зертханалық зерттеулер жүргізу үшін Астанадан Алматыға жеткізді. Қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, антропологтер батырдың бет келбетін жасап болғасын, шамамен 1-2 ай көлемінде бас сүйек Қостанай облысының Амангелді ауданындағы арнайы салынған мазарға жерленеді.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений