Халықаралық Армия ойындарына әзірлік қандай?

Жыл сайын Ресей Федерациясында өтетін Халықаралық армия ойындары биыл да жалғасын таппақ. Байрақты әскери бәсекенің беделі де ТМД жұртшылығына белгілі. Ең бастысы, бұл додада қазақстандық әскери қызметшілер өздерінің белсенділіктерін мойындатып келеді. Біздің Қарулы Күштеріміз, әсіресе, «Танк биатлоны» мен «Авиадартс» әуе сайысында қарсыластарын қаймықтырудан шаршаған емес. Тіпті, бәсекелестеріміз санаулы десек, қателесе қоймаймыз.
Халықаралық биылғы сайысқа дайындық қай деңгейде? Қандай аталымдар бойынша бақ сынаймыз? Елең еткізер жаңалықтар мен өзгерістер бар ма? Осы сауалдар төңірегінде тілшіміз ой қозғаған еді... Оқып көріңіз...

Доданың бір бөлігі бізде өтеді

Өткен жылдың 16 қазанында Бурабайда өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінен соң ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгумен екіжақты кездесу өткізгені есімізде. Осы басқосуда биыл өтетін Халықаралық армия ойындары төңірегінде сөз болғанын газетімізде жариялаған болатынбыз. Бұдан былай Қазақстан ТМД аумағында беделі зор армия ойындарының екі кезеңін қабылдайды. «Сайысу рухы оларға сеніп тапсырылған техника мен қару-жарақты қолданудың іс жүзіндегі аспектілерін тереңірек меңгеруге  ықпал етеді. Оның үстіне мұндай іс-шаралар жеке құрамның жауынгерлік рухын арттырады. Аталған бастаманы қолдай отырып, қазақстандық тарап өзінің аумағында сайыс бөлігін ұйымдастыруға және Ресей Федерациясының аумағында 19 сайысқа  қатысу үшін өздерінің өкілдерін  жіберуге әзір» деген жоғарыдағы кездесу барысында Иманғали Тасмағамбетов.

Өткен жылғы додада әскерилеріміз кеңінен танымал «Танк биатлоны», «Авиадартс» ұшу экипаждарының сайысынан басқа, «Каспий теңізі» әскери-теңіз корабльдерінің байқауына қатысқанын айта кеткен жөн.  Бұл ойындар Қарулы Күштер арасында серіктестікті нығайтуда белгілі бір сәт болғаны сөзсіз.

 

Сайысқа иттер де сақадай сай

Қазақстан Қарулы Күштерінің әр құрылымы байрақты бәсекеден шет қалғысы жоқ. Айталық, Әскери полиция органдарының кинологтары мен 5 қызметтік ит Халықаралық армия ойындары-2016  «Борыш пен адалдық» атты кинологиялық бөлімшелердің байқауына қатысуды жоспарлауда. Байқау Ресей Федерациясында өтеді және әлемнің 46 елінен бас қосқан үздік кинологиялық бөлімшелер, үздік қызметтік иттер бақ сынасатын кәсіпқойлардың ауқымды сайысы болмақ.

ҚР ҚК Әскери полициясы бас басқармасында айтылғандай, сайысқа қатысу үшін әскери полиция мен гарнизондардың қызметтік органдары санынан іріктеу жүргізіледі. Қазіргі уақытта ұдайы орналасу пункттерінде, оның ішінде, Ақмол өңірлік гарнизонының Әскери полициясы жасағында кинологтар мен қызметтік иттерді белсенді түрде дайындау жүргізілуде. «Барлығы 9 қызметтік итіміз бар. Олар үйретілген, әрқайсысының жетістігі және дәрежесі бар. Иттер белгілі бір қызметті атқарады. Мәселен, олардың 5-еуі қарауыл қызметіне, 2 ит нарко-іздестіру және іздестіруге тартылған» дейді Ақмола өңірлік гарнизоны әскери полиция жасағы кинологиялық бөлімшесінің бастығы капитан Бауыржан Мұқышев. Кинологтың айтуынша, иттерді 4 айынан бастап тәрбиелеуге алады. Әрқайсысын оқытып-үйретуге шамамен бір жыл уақыт кетеді. Иттің тұқымын таңдау кезінде неміс және бельгиялық овчаркаларға (малинуа), сондай-ақ лабрадор тұқымдастарына басымдық беріледі.

ҚР ҚК Әскери полицияның төрт аяқты «қызметкерінің» әр күні қызмет ету мен жаттықтырулардан тұрады. «Үйрету кезінде иттерге есіркті заттары, ешқандай жарылғыш заттар берілмейтінін айта кеткім келеді. Біз тек қана жарылғыш және есірткі құралдарының елестетілетін иістерін қолданымыз» деп Бауыржан Мұқышев атап өтті. Кинологтар өздерінің қамқорлығындағыларға мұқият қарайды, тынығу және үйрету уақытын сақтайды, олардың тамақтануын қадағалайды. Қызметтік иттің рационына ет, жарма, көкөніс, дәруменді-минералды кешен кіреді.  Қызметтік иттің әскери полициядағы қызмет атқару мерзімі арналуына байланысты орта есеппен 8-10 жылды құрайды. Одан кейін ол «запасқа шығады». Қартайған шағында қызметтік ит жақсы адамдардың, яғни, ит десе ішкен асың жерге қоятын адамдарға тапсырылады.

 

Әскери химиктер дайындық алаңында

ҚР Қарулы Күштерінде Халықаралық армия ойындары-2016-ға қатысу үшін іріктеу кезеңі басталып кеткенін айттық. 35804 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ресей Федерациясы Мәскеу облысының «Буньково» полигонында байрақты бәсеке шеңберінде өтетін «Қауіпсіз орта – 2016» байқауына дайындықты бастады. Байқауға қатысу үшін 3 негізгі және 1 резервтік есептоп іріктеліп алынды.

Конкурсқа дайындалу кезінде әскери қызметші химиктер барлау-химиялық машиналарда жеке жарысты, химиялық зақымдау қөзін іздестіруді, арнайы өңдеуді жүргізу мен атыс-шабуылдау жолағында мәрені, сондай-ақ эстафета мен атыс даярлығын пысықтайды. Әскери қызметшілерді іріктеу кезінде олардың психологиялық тұрақтылығы, дене төзімділігі, кәсіби дағдысы мен атыс дарялығының бағасы зерделенді. «Қауіпсіз орта – 2016» байқауының ережесі негізінде дайындық жоспары әзірленді, апта сайын даярлық пәндері бойынша сабақ кестесі жасалады. Одан басқа, барлық кедергілермен «Буньково» полигоны жерінің болжалды сұлбасы құрылды.  Күн сайын қатысушылардың таңғы уақыты дене даярлығынан, яғни, жылдамдық пен күшті дамытуға арналған жаттығудан басталады. Бөлім аумағында жергілікті жерде иондалған сәулелену көзін айқындау бойынша практикалық сабақтар өткізіледі. Автодромда жауынгерлік барлау машинасы іс жүзінде жүргізіледі, сондай-ақ жеке құрам жүзу бойынша жаттығу өткізеді.

Аталмыш сайысқа қатысушы дебютант Ресей Федерациясында еліміздің намысын қорғайтын болады. Бөлімшелердің іс-қимылдарының үйлесімділігіне, әр маманның біліктілігі мен теориялық біліміне, орағытуды шебер орындауына, тәжірибесіне, экипаж есептоптары арасындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылатынын айта кетейік.

 

Десантшылар әзірліктерін пысықтауда

Қазақстандық десантшылар да Халықаралық армия ойындары-2016 сайысында өзге елдердің жауынгерлерімен бақ сынасады. ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері халықаралық жарысы шеңберінде өтетін десант биатлонына белсенді түрде дайындалуда. Десантты түсіру, таулы жерде барлау, жауынгерлер мен қару-жарақты бір жерден екінші жерге көшіру – бұл десантшылар додасына қатысушылардың негізгі іс-қимылдары. Дайындық процесінде әскери қызметшілер Текелінің жер бедерін бағындырды, әуе десанттауды, қаруды ұстау және қарсылас тылында ұрысты жүргізуді пысықтады. Одан басқа, таулы жерде барлауда жауынгерлердің дайындығы тексерілді. Мұнда әскери қызметшілер табиғи бөгеттерден кедергілер жолағын еңсеру тапсырмасын орындауы қажет еді.

«Біз тігінен шыңға шығуды пысықтадық. Бұл – маңызды жаттығу. Ол үшін мықты мінез және биіктіктен қорықпау керек. Осы жаттығуды орындау кезінде командалық жұмысымыз тексеріледі» деді 48386 бөлімінің әскери қызметшісі кіші сержант Рамазан Ерғали.

«Армия халықаралық ойындары – 2016» ауқымды сайысқа дайындалумен қатар әскери қызметшілер «Эльбрус шығыршығы – 2016» халықаралық додасына қатысу үшін өздерінің жауынгерлік даярлық деңгейін жаттықтыратынын айта кетейік. Аталмыш жарыс та Ресей Федерациясында өтеді. Теңіз деңгейінен 5 642 метр биіктікте орналасқан ғаламшардың ең биік шыңдарының бірі Эльбрусты бағындыру үшін өзге елдердің мықты әскери альпинистерімен күш сынасуда әскери қызметшілер құзға өрмелеу, таулы өзендер арқылы өткелден өту, арқан арқылы өту және таулы жерде жаралыны көшіру іспетті элементтерді орындайды. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"