ДЕННІҢ САУЛЫҒЫ – ӘСКЕРДІҢ ДЕ БАЙЛЫҒЫ

ДЕННІҢ САУЛЫҒЫ – ӘСКЕРДІҢ ДЕ БАЙЛЫҒЫ

    Көктем мен күзгі маусым – еліміздің барлық әскери комиссариаттарында қызу қарбаласқа толы кезең. Әскер жасындағы бозбалаларды тіркеу, шақыру, медициналық тексеру, психологиялық сынақтан өткізу, іріктеу, қарым-қабілетіне орай әскер түрлеріне жасақтау. Биыл көктемгі және күзгі әскери науқанға 2000-1991 жылдары туған 35 мың азамат аттанбақ. Соның ішінде наурыз-маусым айларында 17 мыңдай жас әскерге алынады. Оның 6000-нан астамы Қазақстан Қарулы Күштеріне, 7000 мыңға жуығы Ұлттық ұланға, 4000-ы ҰҚК шекара қызметіне, 300-і Мемлекеттік күзет қызметіне бармақ. Қазірдің өзінде еліміздің өңір-өңірлеріне әскери борыштарын өтеуге келген жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімдері өтіп жатыр.

    Тепсе темір үзетін шақтарында қару ұстап сапта тұру – көп жігіттің арманы. Бірақ тіркеуден өтетін әскерге шақырылушылардың 1/3-і ғана Қазақстан әскерінің қатарын толықтырады. Егемен елдің тыныштығын қырағы күзету, бабадан қалған қасиетті жерімізді қорғау – әр сарбаз алдындағы айнымас міндет. Ал осы айнымас міндетті абыроймен атқаратын сарбаздарды іріктеу, електен өткізу – үлкен жауапты іс. Көктем шыққалы бері еліміздің барлық Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне қарасты жиынтық пункттерінде қарбалас тірлік қайнады. Дәліз толы бір бума қағаз құшақтап, кабинеттен кабинетке кезек алып, талай есіктің табалдырығын тоздырған әскерге шақырылушы жастар хирург, көз дәрігері, лор, дерматолог, невропатолог, психиатр сынды әжептәуір маманның алдынан өтті. Сонымен еліміздің өңір-өңірлерінде медициналық тексерулерден өткен болашақ сарбаздарымыздың денсаулық жағдайы қалай? Осыған тоқталсақ.

AAJ_5687_новый размер.JPG

_AAJ2419_новый размер.JPG

       Көз ауруы неге көш бастап тұр?

   Тәуелсіз еліміздің берік қамалы, құрыштай мығым қорғаны – оның әскері. Әскері айбынды, қуатты елдің ғана абыройы биік болмақ. Осы ретте, болашақ сарбаз қатарын толықтыратын жастардың денсаулығы қашанда жіті назарда. Бастапқы баспалдақ – әскерге шақырылған әрбір сарбаз, алдымен дәрігерлік комиссияның тексеруінен өтеді. Ендеше, осы комиссияның құрамында болған дәрігер мамандарды сөйлетіп көрейік:

      Мақшәріп Мартазанов, Ақмола облысы әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясының төрағасы:

–       Әскерге барғысы келетін жігіттерге қойылатын ең басты талап – мықты денсаулық пен білім. Облыстық дәрігерлік комиссияға шақырылушылар 12 медициналық маманнан тексерістен өтеді. Медициналық тексерістерден өту кезінде азаматтар арасында терапиялық, хирургиялық, жүйке жүйесі сырқаттарының белгісі байқалып қалуда. Омыртқаның майысқаны және көз аурулары жиі кездеседі.

Ермек Ержанов.JPG

Ермек Ержанов, Астана қаласы Сарыарқа ауданы әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясының хирург дәрігері:

–       Әскерге шақырушылардың денсаулығы жыл өткен сайын жақсарып келеді деп айта алмаймын. Оның себебі, біріншіден, жастар спортқа жақын емес, далаға көп шыға қоймайды, денесін шынықтырмайды. Хирургиялық жағынан айтатын болсақ, қазіргі әскерге шақыру­шыларды медициналық тексеруден өткізгенде үшінші дәрежелі майтабан дертін көп кездестіреміз. Қазір әскерге шақырылғандардың қатарында арқа омыртқасының қисаюы көбейіп кетті.

     Нұрлан Раздықов, Жамбыл облысы әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясының төрағасы:

–Тексеру нәтижелерін қорытындылай келе, әскерге шақырушылардың арасында ең бірінші көз жанарының патологиясы, одан кейін майтабан, жүйке аурулары (эпилепсия, миішілік қысымы), тері аурулары жиі кездеседі.

Гүлнар Бүтінбаева, Астана қаласы Алматы ауданы әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясының төрайымы:

–       Былтырғы жылдармен салыстырғанда, болашақ сарбаздар арасында көз аурулары өте көп, тіпті тең жартысында бар деп айтуға болады. Алыстан көрмеушілік белең алып барады. Әрине, бұл көздің көру қабілетіне кері әсерін тигізетін электрондық құралдардың зиянды жағы деуге негіз бар. Өйткені жастар телефонда, компьютерде күні-түні отырады, сондықтан көздеріне зақым көп келеді. Әскерге жарамсыздардың ішінде терапия, іш-құрылысы аурулары, асқазан, жүрек аурулары, неврологиялық сырқаттарға шалдыққандары да кездеседі. Сонымен бірге кішкентай кезінде жарақат алып, оны дер кезінде емдемей, уақыт өте келе бұл салғырттық әскерге жарамсыз халге де жеткізіп жатады. Шақырушылар арасында мұндайларды да кездестіріп жатамыз. Сондай-ақ, жас жігіттердің денсаулығында ас қорыту жүйесінің, зат алмасу процесінің бұзылғандығы, гипоталамин синдромы, яғни дене салмағының артуы, борпылдақ семіздік жиі байқалады.

4.jpg

7.jpg

Жоғарыда келтірілген мамандар пікірінен байқағанымыздай, әскерге шақырылушылар арасында көз ауруы, майтабандық дерті көш бастап тұр. Тіпті ауру заманына сай, технология үздіксіз дамыған уақытта көз көруінің нашарлауы да артқан. Әрбір 5 баланың 3-еуі көз ауруына шалдыққан. Осы ретте, Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, жалпы еліміздегі жағдай қандай, соңғы кезде үрдіс алып отырған алыстан көрмеушіліктің басты себебі неде деген сұрақтар төңірегінде хат жолдағанбыз. Мардымсыз жауап мынадай мазмұнда болды: «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің статистикалық жинақ деректері бойынша Қазақстанда жалпы сырқаттанушылық құрылымында көз аурулары респираторлы, қан айналым жүйесі, ас қорыту және несеп-жыныс жүйесі ауруларынан кейінгі бесінші орынды алады. Біздің ойымызша, әскерге шақырушылардың арасында мектеп жастан басталып, әдетте, 18-20 жасында тұрақтанатын алыстан көрмеушілік байқалып отыр. Электрондық гаджеттерге, айпадтарға, смартфондарға және т.б. жалпы қызығушылық, мектепте көру жүктемесінің ұлғаюы, мектеп түлектері арасында алыстан көрмеушілік үлесін 35-40%-ға көбейтеді. Бұл аурудың абсолютті алдын-алу мүмкіндігі жоқ, бірақ жоғарыда аталған факторларды болдырмау өте маңызды».

   Ия, еліміздің оқу бағдарламасында мектеп жасындағы балаларға шамадан тыс жүк артылатындықтан көзге жүктеме көбейіп, оның салдары белгілі болып отыр. Қазір буыны қатпаған баланың-ақ көзілдірік киіп жүргенін көрсеңіз, таңғалмайсыз. Оның үстіне компьютер ғасыры өзімен бірге «компьтер синдромы» дертін ала келді. Бесіктен белі шықпай жатып ұялы телефонға әуестік соңы көптеген аурулардың туындауына түрткі болады. Күнделікті компьютер алдында отырудан және қолымыздағы ұялы телефондардың тарататын сәулелерінен көздің беткі қабаты бұзылып, ол түрлі деңгейдегі ауруларға әкеп соқтырып отыр. Сөйтіп құралайды көзге атқан ата-баба ұрпағы – бүгінгі жасөспірімнің әскер жасына жеткенде «жарамсыз» болып жататыны сондықтан.

Енді сарбаздар қатарында сапта тұруға тағы бір кедергі болып отырған майтабан дертінің себептеріне тоқталсақ.

Қайрат Тәжин, ҚР ДСМ "Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты" РМК ортопедия №2 бөлімшесінің менгерушісі, жоғары санаттағы травматолог-ортопед дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты:

–       Әрбір екінші бала мен жасөспірім майтабан дертінен азап шегеді. Оның негізгі себебі не? Біріншіден, табан сүйектерін байланыстыратын аппараттың әлсіздігі, сондай-ақ тұқым қуалайтын фактор да ерекше маңызға ие. Адамның табаны көптеген сүйектерден, буын және сіңірден тұрады. Сүйектердің дұрыс орналасуы өте маңызды, себебі жүру барысында адамның барлық салмағы тікелей аяққа түседі. Табанның элементтері бір-бірімен байланыса отырып екі доға құрады. Осы екі доға арқасында табанның ортаңғы бөлігі жерге тимейді, ал майтабандылығы бар адамның бүкіл табаны жерге тиіп тұрады. Негізі 4-4,5 жасқа дейінгі балалар майтабан болса, бұл – қалыпты жағдай. Ал егер 4,5 жастан кейін балада табан күмбезі пайда болмаса, онда бұл балада майтабан дерті бар деген сөз. Майтабандықтың 3 кезеңі бар. Ең күрделісі - үшінші кезең. Дәрімен емдеуге келмейді. Бұл үшінші кезеңінде де емдеудің жақсы балама түрі бар, яғни хирургиялық емдеу арқылы майтабандықты түзетуді 100 % қалпына келтіреді. Егер ауру 3-кезеңінде болса, бірден ота жасау керек. Қазір жылына 30-40 операция жасалады. Нәтижесі жаман емес. Жалпақтабан дертінде табан сүйегінің барлық құрылымы өзгеріске ұшырайды, тіпті табан сүйегі сыртқа қарай кетіп, ол адамның сирақ, ортан жілік, омыртқалары ауырады. Жалпақтабан адам жүргенде тез шаршап, балтырытабаны, белі ауырады, ақсап жүруі мүмкін. Ертерек анықтау үшін баланы 6 айда бір рет ортопед дәрігерге көрсету керек. Сонда ғана дәрігер сізді дұрыс бағыттап, қандай да бір қосымша ортопедиялық ұлтарақ пен аяқ киім киюге кеңес береді.

Қайрат Тажин.jpg

Ия, травматолог-ортопед маманның пікірінен байқағанымыздай, майтабан дертінің алдын алуға болады. «Операцияға жеткізбей аурудың алдын алу бала кезден басталуы тиіс. 

ortopedicheskaya-obuv.jpg

Ол үшін әрине, үнемі дәрігерлік тексеріс қажет. Ал балаларға келетін болсақ, олардың аяқ киімінде міндетті түрде биік ұлтарақ болуы керек. Башпайды жаншитын супинатор емес, әрине, табан күмбезін ұстап тұратын қатты супинатор болу керек», - дейді травматолог-ортопед. Демек, мұнда дұрыс аяқ киім кию де басты рөл ойнайды. Зауыттан шыққан, бренд маркалы, сапалы аяқ киім киюді ұсынады мамандар. Алайда, қарапайым халық «көрпесіне қарап көсіледі», «сүйгенін емес, тигенін алады». Сараптама көрсеткіші халықтың 60%-дан астамы қытайлық аяқ киімдерді тұтынатындығын көрсетеді. Қысық көзділерден келген көшірме аяқ киімдердің салдары түрлі буын ауруларын, аллергиялық, ортопедиялық, тіпті онкологиялық аурулар туғызатыны тағы бар. Ғалымдар 75% ісік ауруларының адам ағзасында пайда болуын сапасы нашар өнімдердің кесірінен екенін анықтаған.
Осыдан қарап-ақ әскер жасындағы бүгінгі жасөспірімнің денсаулығын бағамбай беріңіз...

Әскерге шақырылушылар арасында кең тараған аурулар ішінде үшінші орында хирургиялық аурулар болып отыр. Атап айтқанда, омыртқалардың қисық бітуі, сүйектері сынып, онысы дұрыс бітпей қалғандары да жетерлік екен.

 

Сейдәлі Абдалиев,  ҚР ДСМ "Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты" РМК ортопедия №6 бөлімшесінің менгерушісі:

–       Қазіргі кезде омыртқаның қисаюы белең алып бара жатыр. Оның шығу тегі әртүрлі. Әсіресе жасөспірімдерде бұл әдеттену, дағды салдарынан болуы мүмкін. Омыртқаның қисаюы туа бітті болады және жүре пайда болуы мүмкін. Ол ағзаның басқа органдарына кері әсерін тигізеді. Жүре пайда болған арқа омыртқаның қисаюы жарақат, зақым салдарынан болуы мүмкін. Бұл ары қарай асқынбас үшін емдік тыныс алу жаттығулары, жүзу, емдеу-алдын алу курстары, массаж тағайындалады. Омыртқаның қисаюы, негізінен, бала күннен пайда болады. Сондықтан ауруға шалдыққандардың 70-80 пайызы оның нақты қашан және неден туындағанын білмейді. Омыртқаның қисаюын дер кезінде анықтау қиын. Себебі ауырмайды, тек баланың тез өсетін шағында, яғни жауырыны немесе қабырғасы қисая бастағанда ғана білінеді. Омыртқалардың қисаюы – қауіпті дерттердің бірі. Себебі омыртқалардың иіле қисаюымен сипатталып, кеуде қуысы қызметінің және дене бітімінің бұзылуына әкеліп соқтырады. 10 градустан асып кетсе, онда мүмкін емес.

   Ия, бала кезде жіберілген қателіктің соңы сымдай тартылып, сарбаздар қатарында сапта тұруға кедергісін келтіріп-ақ отыр. Түр-тұлғаның, арқа, бел омытқаның дұрыс қалыптасуының, бұлшықеттің шымыр болуының негізі бала кезден қалануы қажет. Бұл тұрғыда отбасының, балабақша мен мектептің атқарар рөлі зор.

объязательно поставьте.jpg


Көп ретте ата-аналар балаларының оқу гигиенасына мән бере бермейді. Омыртқаның түзу, тұлғаның тік қалыптасуында оқушының жұмыс үстелінің маңызы зор. Яғни, баланың аяғы еденге тиіп тұруы немесе арнайы табанқойғыштың тұруы тиіс. Кеуде қуысы мен үстелге дейінгі қашықтық кем дегенде 10 см болуы керек.

Сондай-ақ еңбекпен шынығып, шымыр болып өскен ауыл баласына қарағандағы қала баласының қамаулы, үйкүшік тірлігі де дененің, сымбаттың дұрыс қалыптаспауына әсер етеді.

Әскерге шақырылушылар арасында, сондай-ақ жүйке жүйесі аурулары, бас миының шайқалуы, жүрек аурулары көп кездеседі. Онысын әскери бөлімшеде медициналық тексеруден өткенде бірақ біліп жатады дейді мамандар. Созылмалы аурулар, әсіресе асқазан, бауыр, бүйрек және варикозды аурулар белең алған. Терапиялық аурулар, семіздік немесе салмақ жетіспеушілік тағы бар. Мұндай аурулардың көбеюін дәрігер-мамандар фаст-фуд өнімдері, энергетикалық сусындармен байланыстырады. Бұл тағам түрлерін күнделікті тұтынатын жастар не тым арық, не етжеңді семіз болып келеді. Әскери комиссариатты бір-екі сағат аралаған біз де соны байқадық. Сабадай іркілдеген ірі дене иесін де, сырықтай сорайған бойшаңды да, жіптіктей жіңішке жасты да көзіміз шалды. Бірақ сымдай тартылған, құрыштай шыныққан шымыр дене жастардың аздығы байқалды. Мұның да басты себептері жастар арасында үнемі қимыл-қозғалыста болу, денені шынықтыру, спортқа әуестік жағының кемшін түсіп жатқанында болар. Қорыта айтқанда, біз әңгімеге тартқан мамандар пікірінен байқағанымыздай, жыл өткен сайын

әскерге шақырылғандардың арасында ауру-сырқаулар саны азайып келеді деп айтудың ауылы бізге әлі алыс. Денсаулығын тексере келгенде кем дегенде ¼ -і әскер қатарына жарамайтын болып шығады. Яғни, мектеп қабырғасынан енді ғана шыққан жігіттердің өзі түрлі патологиялық дерттерге шалдыққан.

 

        Қорғаны мықты болса ғана жау алмайды

 

    Қарулы Күштер, Қазақстан әскері – ол бірінші кезекте, адам. Жас бозбаладан жігерлі жасты жанып шығару – үлкен ұжымдық еңбек. Әскерге іректеу кезіндегі жастың мінез-құлқын, қарым-қабілетін анықтау мақсатында өткізілетін түрлі психологиялық тестер, құзырлы органдардан келген мінездеме, оларды тәрбиелеген ата-ана жайында алынатын анықтама, олармен әңгімелесу өткізу – мұның бәрі үлкен кешенді іс, үздіксіз процесс.

Болашақ әскерге шақырылушылар жақсы отбасылардан да іріктеледі. Әскерге іріктеу кезінде әскерге шақырылушылардың отбасы, ата-анасының әлеуметтік жағдайы, бұрын сотталған-сотталмағандығы, тәрбие алған ортасы қарастырылады. Енді осы мәліметтерге қысқаша тоқталайық. Биыл 2018 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны әлі толық аяқталмағандықтан, біз 2017 жылғы күзгі шақырылымдағы және 2018 жылдың екі айының қорытындысы бойынша қысқаша тоқталамыз.

Алматы облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы лейтенант Жанар Әміржанованың айтуы бойынша, мерзімді әскери қызметке қабылданушылардың басым бөлігі – әлеуметтік жағдайы орташа, қарапайым отбасынан шыққан азаматтар. Олардың ішінде толық емес отбасынан шыққандар да бар. Мәселен, 2017 жылы шақырылғандардың 27%-ға жуығы толық емес отбасынан шыққандар, 2,4%-ы ата-анасынан бірдей айырылған тұл жетімдер екен.

Ал 2018 жылғы көктемгі әскерге шақырудың бастапқы 2 айында 400-ден астам азамат әскер қатарына алынып, олардың ішінде толық емес отбасынан шыққандар 15%-ды құраса, ата-анасынан бірдей айырылғандар 0,2%-ды құраған.

Болашақ сарбаздарды әлеуметтік жағдайы бойынша сараласақ, 2017 жылы жұмысшылардың отбасынан шыққандар – 53,5 %-ды, зейнеткерлердің балалары – 26%-ды, қызметкерлердің балалары – 18,1%-ды, ал кәсіпкерлердің балалары – 2,4%-ды құраған.

Үстіміздегі жылдың көктемгі науқанында мерзімді әскерге шақырылғандардың 74,5%-ы жұмысшылар отбасынан шықса, 17,4%-ы – зейнеткерлердің балалары, 18,6 %-ы – қызметкерлердің балалары, ал 2,9%-ы кәсіпкерлердің отбасынан шақырылғандар екен.

Қостанай облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы Назгүл Шабдарованың берген мәліметі бойынша 2017 жылы күзгі мерзімді әскерге шақырылған сарбаздардың ата-аналарының білім алу деңгейіне тоқталатын болсақ, жоғары білімді – 63 адам, яғни 7%, орташа маманданған – 639 адам, 74 % орта білімді – 156, 18%, ал жұмыс істеуі бойынша: өнеркәсіп, құрылыс және транспортта – 0 адам, 0%, ауылшаруашылығында – 0 адам, 0%, сауда және жекеменшік шаруашылықта – 0 адам, 0%, уақытша жұмыссыздар – 855 адам, яғни 100%-ды құраған.

Ал әлеуметтік жағдайларына тоқталсақ, жұмысшылардың отбасынан шыққандар – 721 адам, 84%, зейнеткерлердің балалары – 48 адам, 6%, қызметкерлердің балалары – 55 адам, 6%, ал кәсіпкерлердің балалары – 31 адам, 4%-ды; отбасы жағдайына қарай, толық отбасы – 618 адам, толық емес отбасынан шыққандар – 204, ата-анасынан бірдей айырылған тұл жетімдер 33 адамды құраған.

Демек, бұл келтірілген мәліметтерден аңғарғанымыздай, мерзімді әскери қызметке қабылданушылардың басым бөлігі – әлеуметтік жағдайы орташа, қарапайым, толық отбасынан шыққан азаматтар. Әскерге ауқаттының да, жоғары қызметтегі отбасының да баласы құлықты емес. Көбіне ата-анасының қарапайым ғана тірлігі бар, демек өз күшіне, өз болашағын өзі жасауға сенген жастар барады деген сөз.

Осы ретте, «бүгінгі жастар әскерге баруға неге құлықты емес?» деген сұрақ төңірегінде бар ғұмырын әскери салаға арнаған, Ауған соғысының азапты жылдарын басынан өткерген кешегі буынның өкілі Бақытжан Ертаев ағамызды сөзге тартып көрген едік.

 

Бақытжан Ертаев.jpg

Бақытжан Ертаев, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Әрбір азамат – Отан алдында ант беруі керек, Отан алдында өз азаматтық борышын орындау парыз. Біздің Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек бабаларымыз – олар да өмір сүргісі келді, бірақ атқа қонып, жауына қарсы шыққанда «Ей, ұрпақтарым, сендер үшін қан төгем, жан берем, ие болыңдар мына елге» деген шығар. Осы бақытты қорғау – біздің парызымыз. Ол – біздің адамгершілік парызымыз. Сондықтан мен айтам, әрбір адам Отан алдында ант қабылдау керек, парызын орындауы керек. Кеңес заманы кезінде де бұл болған. Мысалы, армияға бармау үшін әкімшілікке баратын, беретінін беретін, алып қалатын. Ол кезде де ондай болған. Әр адамның парызы, әр азаматтың парызы. Бұл – армияның болашағы. Қазір көбісі бармайды, жұмыссыз жүргендер барады қазір. Оны да алмайды. Бұрын армияға бармауға тырысса, қазір баруға тырысады. Себебі, бірінші – армиямыз өз Отанымызда, екінші – көп жастар жұмыссыз жүр, сол себептен. Біріншіден, армияға бәрін шақыру керек, олигархтың баласын да, қарапайым адамның баласын да. Бірақ армиямыз қазір шағын. Бәрін шақыру керек, бірақ «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын» ғана таңдап алу керек.

Қорыта айтқанда, әскерге бару бүгінде жаппай халықтық қолданыс тапқан жоқ. Кешегі әскерге бармай қалуды, «әскерге жарамсыз» атануды намыс көретін заман келмеске кеткендей. Бәлкім, ғылыми техникалық революция заманында білектінің емес білімдінің дәуірі туған болар. Қалай десек те, әскерге бару, ел қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Әскер машығы – шыңдалу мектебі, үлкен өмірге дайындық. Әскердегі 12 ай – кешегі бозбала бозаң шақта жүрген жасты ертең Отаны үшін оққа байланып, отқа түсетін қайтпас қайсар етіп шығаратын, шыңдайтын уақыт. Әскери киімді киіп, жауынгерлік рухты сезіну, Отан алдындағы борышын адал атқару әрбір азаматтың арманы болса ғана ісіміз алға басатыны анық. Өйткені әскер – ел қорғаны. Қорғаны мықты болса ғана жау алмайды. Сондықтан бүгінгі әскеріміздің қуаттылығы– тұғырымыздың тұрақтылығының да кепілі.

                                                                                                                                                                                                               Меруерт Сафаева

  

 

 

 

 

 

 




 

 

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи