Әу бастағы әскери журналистика дамудың шыңына шыққан

Күні кеше қазақстандық БАҚ өкілдері кәсіби мерекелерін салтанатпен атап өтті. Қалам иелеріне деген қоғамның құрметі мәртебеміз бен мерейімізді асырып тастағанын қалай жасырайық. Осындай көңіл-күй үстінде кешегі күнімізге тоқталып, тарихымызды екшеп, әскери журналистиканың бастауына көз салғанбыз...

Деректерден түйгеніміздей, біздің әскери журналистика өзінің қарқынды дамуын Ұлы Отан соғысы жылдарында бастады. Соғыстың басталуына байланысты кеңес мемлекетінде бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын ұйымдастыру ісінде елеулі өзгерістер жасалды. Атап айтқанда, алдымен қаржыны үнемдеу, әскери газеттердің жүйесін өрістету үшін партия салалық газеттер мен журналдардың шығарылуын уақытша тоқтатып, барлық қайрат-жігерлерін саяси басылымдардың маңдарына топтастырды. Қазақстанда  1941 жылдың шілде айынан бастап, «Лениншіл жас», «Ленинская смена», «Пионер Казахстана», «Октябрь балалары», бес облыста шығатын комсомол газеттері, «Коммунист», «Жас большевик», «Пионер», «Сталин жолы», «Халық мұғалімі» журналдарының шығарылуы соғыс талабына сай тоқтатылды. Енді бұлардың міндеттерін республикалық «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері атқаруға тиісті болды.

Соғыстың неден басталғандығы, оның саяси астары, біздің жауынгерлердің ерлігі түрлі корреспонденцияларға, очерктерге негіз болды. Бас мақалалар тақырыптарының астарында «Елің, Отаның үшін не істедің?» деген сұрақ айғайлап тұрды. Қарапайым халықтың ерлік рухын көтеру мақсатында жасалған бұл дүниелер өз нәтижесін берді. «Правда» газеті 1943 жылдың 6 ақпанында «Даңқты қазақ халқы – Советтік Отан үшін күресте» деген бас мақала жариялап, онда: «Қазақтар майданда жауға қарсы жақсы соғысады, тылда олардың әкелері, шешелері, әйелдері майдан үшін жұмысты аянбай жақсы істейді. Қазақстан өз жерінің барлық байлығымен, қойнауының барлық асыл кенімен майданға қуатты тірек болып отыр» деп жазады.

1942 жылдың екінші жартысынан бастап қазақ тілінде майдандық газеттер шыға бастады. Қазақ мемлекеттік кітап палатасының анықтамасына қарағанда Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ тілінде 16 газет шығып тұрған. Оның алғашқысы – Панфилов атындағы 8-гвардиялық-дивизияның «Отан үшін» газеті. 1944 жылдың тамыз айына дейін басылымның 109 саны жарық көрген. Оның бас редакторы Л. Макеев болса, орынбасары Құрманбек Сағындықов еді. Ал, екінші «Отан үшін» газеті 1942 жылдың шілде айнынан бастап, Солтүстік майданда шыға бастады. 1943 жылдың қараша айына дейін 108 саны жарық көрді. Газеттің алғашқы жауапты редакторы – Н.Кружков. Одан кейін Д.Ускулаев болған. Олардың орыбасарлары К.Усанов пен Жұбан Молдағалиевтер еді. Екінші Белорусия майданының басылымы «Майдан ақиқаты» Солтүстік батыс майдан таратылғаннан кейін жоғарыда өзіміз сөз еткен «Отан үшін» газетінің орнына 1943 жылдың қараша айынан бастап шыға бастады. Редакторы белгілі журналист Ахмет Елшібеков болды. Бұл газет аптасына екі рет 1945 жылдың маусым айына дейін «Неміс оккупанттарына өлім!» деген ұранмен жарияланып тұрды. Бұдан өзге «Майдан правдасы», «Совет Армиясы», «Отанды қорғауда», «Жауды жоюға», «Жауға қарсы аттан», «Совет жауынгері» сынды басылымдар жарық көріп тұрды.

Барлық майдандық қазақ газеттерінде ерлік істердің шежіресі жазылды. Капитан Гастеллоның тамаша ерлігін қайталаған Нұркен Әбдіровтің, орыс халқының жас перзенті Александр Матросовша қаза тапқан Ақәділ Сханбаев  пен Сұлтан Баймағамбетовтың, тағы осылар сияқты Кеңес Одағының Батырлары атанған жауынгерлердің ерлік істерін майдандық газеттер өзінің ана тілінде барлық майдандардағы қазақ жауынгерлеріне жеткізді, олардан үлгі алуға шақырды. Қазақ тілінде шығарылған майдандық газеттер қазақ баспасөзінің тарихынан елеулі орын алады. Бұл газеттерді шығару ісіне Ахмет Елшібеков, Үмітбай Балқашаев, Жұбан Молдағалиев, Әбу Сәрсенбаев, Құрманбек Сағындықов, Мұса Дінішев, Төлеутай Ақшолақов, Сағынғали Сейітов, Жекен Жұмақанов сияқты журналистер мен жазушылар, газет қызметкерлері, тілшілер болып қатысты. Міне, осылар үлкен жазушыларымызбен қатар, қазақ баспасөзінің тарихында тұңғыш рет әскери очерк жанрын қалыптастырды.

Майдан газеттері – совет жауынгерлері мен тылда еңбек еткен халқымыздың өшпес ерлігінің жарқын шежірешісі. Мұны Оңтүстік майданы газетінің мысалынан көруге болады. Газет соғыс өнерін меңгеру жөнінде жауынгерлерге ақыл-кеңес беріп отырған. «Танкісінен айырылған немістер – тіссіз ит болады» (1943,6 сәуір) деген рубрикамен терілген материалдарда танктен қорғану және бронетанктерді қирату жолдары үйретілген.

Майдандық газеттер ә дегеннен дұрыс бағыт алды. Оның стилі жеңіл, тілі әрбір қарапайым оқушыға ұғынықты болды. Газет әр жауынгерді Отанын, елін, жерін, халқын сүюге, жауға өшпестей өшпенділік, кек сақтап, намысты жібермеуге, советтік гуманизмді қастерлеп ұстап, жолдасқа, досқа сенімді болуға тәрбиелеуді алдына ең бірінші мақсат етіп қойды. Газет жауынгерді кеңестің әр үйін – Отаным, әр адамын – бауырым, деп есептеуге үйретті. Жау – басқыншы, ел тонаушы, бар дүниені бүлдіруші. Оны жеңбейінше, өз үйіңнің, бауырыңның амандығын сақтап қала алмайсың. Ал, жеңу үшін, жауды құрту керек, барынша көп өлтіру керек, әйтпесе, ол сені өлтіреді. Міне, майдандық газеттер өзінің әр оқушы-жауынгерлерімен осылай ашық сөйлесіп, кеңесіп отырды. Солтүстік-Батыс майданында шығарылған «Отан үшін» газетінің әр бетінің маңдайында өлеңмен жазылған ұран, үндеу сөздер кездеседі.

Майданда жүрген қазақ жауынгерлерінің туысқан халықтар өлкесін өзі туған жердей сүйіп, оны азат ету жолында жанын аямай күресуін суреттеген Дихан Әбілевтің «Дон», «Кубань», «Неман», Әбу Сәрсенбаевтың «Днепр жиегінде», «Ой, Днипро, Днипро», Қалижан Бекхожиннің «Днепрде» сияқты өлеңдері бар. Соғыс кезінде басқа ұлттардың өкілдерімен қоян-қолтық соғысқан қазақ халқының ұл-қыздары ерлік ісімен елді сүйсінтті. Олардың есімі халық мақтанышына айналды. Майдан газеттерінің бетінде жарық көрген Асқар Тоқмағамбетовтің «Габдулхай», «Хабибулла», Асқар Лекеровтің «Зиядос Қасымов», Жұмағали Саиннің «Мәлікке», Дихан Әбілевтің «Қыр қызы» туындылары – мұның куәсі.

1944 жылы ІІ Белоруссия майданында қазақ тілінде «Майдан ақиқаты» деген газет шығып тұрды. Редакторы – соғысқа дейін «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары болған Ахмет Елшібеков. Редакцияда ақындар Жұбан Молдағалиев пен Сағынғали Сейітов қызмет істеді.

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен-ақ әдебиет пен өнердің барлық түрі, соның ішінде мұқалмас қару – уытты сөз бен сатира да жеңіс мүддесі үшін қызмет етті. Әскери жазушылар мен журналистер майдандық сатираның түр, стилін табуда біраз ізденді, әр түрлі жанрда жазуға тырысты. Олардың ең көп қолданғаны фельетон жанры болды. Сондай-ақ А.Тоқмағамбетов «Маймыл мен аю», Қ.Әбдіқадыров «Хайуанхана», Т.Мұқанов «Аузынан қағыныпты» деген мысалдар, С. Сейітов «Жендет», «Талаушы» деген памфлеттер жазды. Қазақ тіліндегі майдандық газеттер төл сықақтар берумен ғана шектеліп қоймай, орыс публицистерінің фашизмді айыптайтын туындыларын да аударып басты. Мәселен, қазақ журналистері К.Симоновтың «Өлтір оны», А.Толстойдың «Жендеттердің сұрқиялығы», И.Эренбургтың «1943 жылдың көктемі» атты памфлеттерін қазақша сөйлетті.

Майдандық қазақ газеттеріндегі очерктерде Берлин үшін болған ұрыстар, Берлиннің алынуы, Германияның тізе бүгуі, Совет Одағының Ұлы Жеңісінің салтанаты туралы да кең көлемде жазылған. Бұл тақырыптарда, әсіресе, Берлинге бірінші болып кірген майданның қазақша «Қызыл Армия» газетінде көптеген очерк басылды.

Қаруымен бірге қаламын да қолынан тастамаған әскери жазушылар мен қаламгерлердің жазбалары бүгінгі қазақ журналистикасының тарихи құнды мұрасына айналып отыр. Профессор Сағымбай Қозыбаевтың «Майдандағы Қазақстан баспасөзі» атты тарихи-публицистикалық кітабына үңілсек, мынандай деректерді көреміз: «Ұлы Отан соғысы жылдары Қызыл Армия қатарында 1000 газет және 15 журнал, ал Әскери-теңіз флотында 143 газет пен төрт журнал шығып тұрды. Орта Азияда тұратын ұлттар арасынан жасақталған әскери құрамалар үшін 42 газет пен жеті журнал шығарылса, оның 16 газеті мен екі журналы қазақ тілінде жарық көрген. Соғыс жылдарында бас-аяғы 4,5 мың әскери журналист тер төксе, оның 200-і – Орта Азиядан шыққандар. Соғыстың соңына таман жалпы әскери баспасөздің бір реттік шығарылымының таралымы 3,5 миллион дананы құрап, әр жауынгердің қолына емін-еркін тиіп отырды». Иә, соғыс жылдарында  қазақ әскери журналистиканың негізін қалаған да майдангер жазушылар мен сарбаз журналистер еді. Олардың көш басшылары ретінде бүгінде Баубек Бұлқышов, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Дмитрий Снегин, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Аманжолов, Қалихан Бекқожин, Әзілхан Нұршайықов, Бисен Жұмағалиев, Төлеутай Ақшолақовтар аталады. Әскери тақырыпқа қалам тербеген майдангер журналистердің арасында әлі де зерттелмей, танылмай жатқандары да баршылық.  

Тақырыбымызға тұздық болсын, туындылары толық зерделенбей, есімдері еленбей, тұлғасы туралы ашып жазылмай жүрген қаламгерлердің бірі – Қасым Шәріпов жайында аз-кем әңгімелей кетсек. Үш жасында әкесінен, он жасында анасынан айырылған майдангер журналист Қасым Шәріпов 1924-1929 жылдары Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді. Осында сауатын ашып, 6 сыныптық білім алады, комсомолға мүшелікке өтеді. Оқу-білімге деген ынтасы оны мектептен кейін бірден институт қабырғасына алып келеді. Ең алдымен, Орынбор қаласындағы Халық ағарту институтының дайындық бөлімін, кейін Мемлекеттік кинематография институты жанындағы рабфакты бітіріп, осы оқу орнының әдебиет факультетіне түседі. Қасым Шәріпов өзінің болашақ мамандығы – журналистиканы сол кезде-ақ таңдап алды деуге әбден болады. Ол еңбек жолын 1929 жылы «Лениншіл жас» газетінің хатшысы, «Социалистік Қазақстанның» тілшісі қызметтерінен бастайды. 1933 жылы жас тілші БКП (б) ОК Марксизм-ленинизм институтының қазақ филиалына жұмысқа шақырылып, партия баспасының редакторы, 1935-1941 жылдары ҚКП ОК-і жанындағы Партия тарихы институтының аудармашы – ғылыми қызметкері жұмыстарын атқарады. Бұл оның қызметтегі ерекше бір жемісті кездері болатын. Өйткені, Шәріпов айналысқан аудармашылық іс кез келгеннің қолынан келе бермейтін қиын да тың және республикамызда бір жүйеге түспеген жұмыс-тын.

Құжаттардағы: «Жолдас Шәріповті марксизм-ленинизм классиктерін аударушы білгір маман ретінде әскер қатарына алудан босатуыңызды сұраймыз» немесе «Жолдас Шәріпов марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аудару жұмысына толық қатыса алады, сондықтан оны аталған институтта қалдыруды өлкелік комитеттен сұраймыз. Лекеров» деген ой пікірлер бұған дәләл. Әрине, аудармашы қаламы әрі де шыңдала түсер еді, соғыс басталмағанда...

Ұлы Отан соғысының алғашқы айларынан-ақ майданда Панфилов дивизиясы 8-ротасының саяси жетекшісі, батальон комиссары, әскери тілші, бірқатар дивизиялық газеттердің редакторы – бұлар Қ. Шәріповтың қанжар мен қаламды ұштастыра ұстаған жауынгерлік және журналистік жолы. Ол жоғарыда аталған міндеттерімен қатар, тілегі бір, тілі басқа жауынгерлердің арасындағы біріне бірін бауырластыратын, түсіністік танытатын алтын көпір де болды. Өйткені, Қ.Шәріпов газеті екі тілде қатар сөйлеген-ді. Ол өзінің күнбе-күнгі жұмысы туралы «Жертөледе типографиялық мәшиненің қасында үш адамнан тұратын редакция «аппараты» келесі нөмірді дайындаймыз. Аса нақтылық пен тәртіп керек. Басынан-ақ қай материал орыс, ал қайсысы қазақ тілінде шығуы керектігін анықтап алу қажет. Біздің кішкене «амариканкамыз» тек қысқа емес, тез әрі жауынгерлерге түсінікті етіп жазуды талап етеді. Радиохабарларды қабылдап алысымен бірден аударып, жатқа жаздыртатынмын» деп еске алады.

Асан ЫСТЫ


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"